«Мен әуелі оның жырларына ғашық болдым»

Халықаралық Физули атындағы және Қарауылбек Қазиев атындағы сыйлықтардың иегері, арынды ақын Әбілда Аймақ биыл 70 жасқа толар еді. Жазмыштың маңдайға жазғанынан ешкім де құтыла алмақ емес. Жасындай жарқырап жүрген жыр жүйрігінің арамыздан кеткеніне де он жыл зымырап өте шығыпты. Біз артына өлмес өлеңдерін қалдырып кеткен ақынның жұбайы Ақмарал САТЫБАЛДЫҚЫЗЫМЕН аз-кем сұхбаттасқан едік.

– Ақмарал Сатыбалдықызы, сіздің белгілі ақын Әбекеңмен өмірінің соңына дейін жарасты ғұмыр кешкеніңізді білеміз. Айтыңызшы, онымен қалай танысқан едіңіз?

– Әбекеңмен танысқанда мен небәрі 19 жаста болатынмын.  Бір күні ҚР Жазушылар одағы Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалына хатшы керек деген хабарды естідім. Бұл 1995 жылдың жаз айы болатын. Жазу машинкасында жұмыс істей алатынымды білген төраға мені жұмысқа кідіріссіз қабылдады. Маған сонымен қатар филиал жанынан шығатын  «Дидар» газеті мен «Жібек жолы» журналын мекемелерге тарату жүктелді. Бірде Әбекең өлеңдерін «Янтарь» машинкасында теріп беруді өтінді. Бәрі осы жерден басталды. Оның  өлеңдерінде адам жанын сиқырлап алатын бір тылсым күш бар еді.  Мен әуелі оның сыр тұнған жырларына ғашық болдым. Мынадай мөлдір өлеңдерді бұрын-соңды оқымағанмын.  Неге екенін білмеймін, жан  дүниемде бір сілкініс пайда болды. Әбекең қарапайым да бірсыдырғы жан еді ғой. Сол қарапайымдылығы мен жалынды жырлары мені өзіне ғашық етті. 

– Ол кісі отбасыда қандай еді, балаларына қалай қарайтын?

– Отбасын құрған соң біраз уақыт жатақханада бөлек тұрдық. Бірақ, бөлек тұрдық дегеніміз болмаса, Әбекең қыздарын  күн сайын жатақханаға алып келетін. Оның қыздарына деген мейірімі бір төбе, оларды  өте жақсы көретін.  Шын мәнінде ол барлығымыздың әкеміз болды. Әбекеңдей қамқор, жүрегі нәзік әкені  кездестірмеппін.  Ол мейірімді әке, сүйікті жар, қадірлі азамат еді. Үнемі сағынып тұруы, телефонмен әзілдесіп хабарласуы, еркелетуі, қамқорлығы, бәрі-бәрі ұнайтын. Ол кісі қуанса менің де жүрегім қуанып қалатын. Бойымды қуаныш кернеп, өмір сүруге деген ықыласым арта түсетін. Әбекеңнің қыздарымен жиналып әңгімелесіп отырсақ, жүгіріп келіп ортамызға отыра қалуы, перзенттерімен балаша ойнауы, бәрімізді еркелетуі,  әсіресе туған әпкесі Күләшпен әзілдесіп, өлеңмен айтысқанда күлкіден езуімізді жинай алмай қалушы едік. Әпкеміз де өте әзілқой, ерекше мейірімді жан болатын. Кейбір кездері  көңіл-күйі келгенде, үйдегі ескі баянын тартып, шабыттана ән салатын. 

Әбекеңнің адамгершілігі, ешкімнің көңілін қалдырмайтыны, айналасына жақсылық жасап жүретіні, біреулерді қолдап-демеп, барынша шын пейілімен қарасуы, бойында қарапайымдылықтың тұнып тұрғаны  мені шабыттандыратын. Әбекеңнің бойынан басқа да адами қасиеттер көптеп табылушы еді. Әрине, осындай жан дүниесі бай азамат кез келген әйелдің жүрегіне қуаныш сыйлайды, жанын  жадыратады деп ойлаймын. 

Әбекеңді бәріміз сағынамыз. Осындайда   жырларын оқимыз, қыздарымен  жиналып бейнефильмдерін көреміз. Онымен өткен өмірді әңгімелейміз. Бірақ бейнефильмдерін көру жүрекке салмақ түсіреді. Жылап қаламыз. Бұл сағынғандығымыздан да болар. Қазір қыздары бой жетіп, ұл ержетіп, өздері де ата-ана болып отыр. Сонда да қыздардың бір-біріне деген мейірімі шексіз. Бір-бірін үнемі іздеп тұрады. Тіл-көзден сақтасын! Алла олардың өмірлеріне берекет берсін деп тілеймін.  

– Үй шаруасы бар, қоғамдық жұмыстары бар, ақынның бос уақыты болмайды. Ол өлеңді қай кезде жазатын еді? 

– Әбекеңнің «Шабыт берсе, жырыңды жандырып жіберем, Сусыныңды басылмас қандырып жүрер ең...» деген өлеңі осы сұраққа жауап болады десем, қателеспеймін.  Әбекең өлеңді көбінесе түнде, түн ауа жазатын. Күбірлеп, бөлмесіне барып, компьютеріне отыра қалғанда шабыты келгенін біле қоятынмын.  Әрине, шығармаларының бірінші сыншысы мен едім. Жазғандарын қағазға шығарып, маған «оқып көріп, пікіріңді айтшы» дейтін. Сын айтсам қабылдамайды. Өлеңінің кейбір жеріне келіспесем, «сен түсінбейсің, осылай болу керек» деп қоятын. Бірақ, мен айтқан кейбір сынды қабылдап, ақырын барып өлеңін қайта өңдейтін. Әрине, мен сыншы да, ақын да емеспін. Бірақ, ол  мен айтқан пікірлер мен ұсыныстарға бей-жай қарамайтын. Осыдан соң өлең жолдарындағы кейбір сөздерді өзгертіп, алып-қосып, маған қайта көрсететін. Мұнысы маған ұнайтын. «Өкінген өлеңші, күйінген күйші болады» дегендей, Әбекең қоғамда болып жатқан келеңсіздіктерге төзе алмады.  Әділеттің жоқ екеніне күйініп, қазақ елінің, иісі мұсылманның болашағына қатты алаңдап, бірнеше шығарма  жазды.  

– Осыған қарап, өмірге деген өкініші мен өтініші көп болғанын аңғарамыз. Сіз не дейсіз? 

– Барлық адамда өкініш те, қуаныштары мен армандары да болады. Үйде көбінесе көңілді жүретін. Сол себепті өкінген кездерін нақты білмеймін. Бірақ, өткен өмірін, балалық шағын әңгімелеген кезде,  қиындық көргенін, жалғыз қалған уақыттарын көзіне жас алып айтатын. «Өткен өмір  тарих болып қала берсін» деп Әбекеңді жұбатуға тырысатынмын. Өзі де  «айдың он бесі қараңғы болса, он бесі жарық болады» деп қоятын. Бәрі бір Алланың қалауымен болады ғой. Мен оған сүйікті жар да, сүйеніш те бола алдым-ау деп ойлаймын.       

– Әбекең үнемі қоғамдық жұмыстарда жүрді. Заман болса белгілі. Тұрмыс ауыртпалықтарын қалай жеңді?

– Қоғамдық жұмыстардан қол үзбеген себебі, ол біріншіден, еркіндікті қалады.  Өнер адамы болғандықтан халықтың ықыласына бөленіп жүргенді жақсы көретін. Кездесулерге, іс-шараларға барып келгенде  жаны жадырап, көпшіліктің алдында қалай сөйлегенін айтып ағынан жарылатын. Айлық-жалақы төлемесе де Жазушылар одағы деп шырылдап жүретін. Шамасы келгенше ақын-жазушылардың мерейтойын бар ықыласымен жоғары деңгейде өткізуге тырысатын.

Осы жерде Домалақ ана кесенесін салдырғандардың бірі Алтынбек Төлепбеков туралы айтпасқа болмайды. Сол кісі қиын кезеңдерде облыстағы барлық өнер адамдарын қолдап, демеуші болды. Әбекеңе кеңсе беріп, жалақы да  төлеп отырды.  Айтпақшы, соңғы кезеңдерде облыстық мәдениет басқармасына қарасты халық шығармашылығы орталығынан бір  қызмет берді.  Іс-шаралардың ұйымдастыру жобасын, сценарийін дайындайтын. Аталған мекемеден болмашы жалақы алатын. Дегенмен, көп уақыт айлық-жалақысыз жүрді. Бұл енді Әбекеңнің дүние-байлыққа қызықпайтындығының көрінісі шығар. Сонда да  тұрмыста  жоқшылық немесе аштық көрдік деп айта алмаймын. Алланың берген ризық-несібесімен және өзінің еңбегінің  арқасында отбасын біреуден кейін, біреуден ілгері асырап жеткізді. Әбекең барда алаңсыз да армансыз едік. Бірақ, адам бәріне де көнеді екен. Жарамызды жалап жазып, көштен қалмауға тырысып келеміз. 

– Ақын ретінде нені ұнатты?

– Ақын ретінде нәзіктікті, махаббатты және сол махаббаттан тұратын өмірді ұнатты деп ойлаймын. Ең бастысы, өзінің өлеңдерін ұнатты деуге болатын шығар. Кім де болса өзінің жан дүниесінен, өзегінен шыққан туындысын жүрегімен жақсы көреді ғой.  «Өлең маған ғашық-ау, мен өлеңге...»  деген өлеңінде  мұны өзі айтып та кетті.  

– Ашық та айшықты әңгімеңіз үшін рахмет!


Сұхбаттасқан Сабырбек ОЛЖАБАЙ,

«Оңтүстік Қазақстан».

Пікір қалдырыңыз