Сіздің сертке беріктігіңізді бізге берсе ғой...

Жан әке, сіздің өмірден өткеніңізге биыл тоғыз жылдың жүзі болды. «Жаман балаға жақсы әке қырық жыл азық болады» деген қанатты сөз рас екен. Сіз бізбен болмасаңыз да өмір бойы жинаған абыройыңыз бен беделіңіз мені күні бүгінге дейін қолтығымнан демеп келеді. Кіммен кезікпейін, «Ысқақтың ұлы екенсің ғой» деп жадырай қарсы алып, бәрі де қол ұшын беруге әзір. Көмектесуге ынта-ықыласымен дайын. Қай жерде де есіміңізді атасам болды, алдымдағы қара тұман сейіліп, таң арайланып ата береді. «Ысқақтың ұлымын» деген кезімде адамдардың жүздері жылып, сөздері жұмсарып шыға келетініне таңданамын. Осындай кездерде сіздей тұлғаның перзенті болғаныма төбем көкке жеткендей күй кешемін. Осының бәрі «жақсы әке» болып қалудың, өмірде абыройыңызға дақ түсірмей өткеніңіздің арқасы екені анық. Адам абыройын қалай сақтайды? Ол қажырлы еңбегімен, ибалы адамгершілігімен, таңғы шықтай тап-таза арымен келеді. Осы тамаша қасиеттердің бәрі сіздің бойыңыздан табылады.
Бүгінде, нарықтық заманда, «малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» деген принциппен өмір кешу екінің бірінің қолынан келе бермейтіні анық. Ал, сіз «Аллаға берер жаным бар. Адамға берер арым жоқ» деген көзқарасты бағдаршам еттіңіз.
Әкем ой салатын, пікір туғызатын парасатты әңгімені ұнататын. Ол кешке қарай ымырт түсе, мені алдына отырғызып, жылы қара тонына орап ап, жанға жағымды қоңыр үнімен ұзын-сонар әңгімеге кірісетін. Мен тұңғыш рет халық ертегілері кейіпкерлерімен әкем арқылы таныстым. Оларды шын көңіліммен жақсы көріп кеттім.
Әкем жарықтық кішкентайымнан: «Балам, өмірде есімнен артық мәртебе жоқ, атыңнан артық абырой да, қазына да жоқ. Оны көзіңнің қарашағындай аялап, кіршіксіз сақтағайсың. Ныпсыңа дақ түсіріп алсаң, Жаратқанға қанша мінажат етсең де жуа алмайсың. Еңбексіз есім – құр жаңғырық. Атыңды іс-әрекетің мен еңбегің мәңгі етеді. Есім – мәңгілік, адам өмірі – қас-қағым сәт екенін есіңнен шығарма» деп отыратыны күні бүгінге дейін есімде.
Әкем маған айтар ойын әзілдеп қана жеткізетін. Сол қасиетіне аса риза болатынмын. Күлдіріп отырып-ақ айтқысы келгенді байыппен жеткізетін.
Бала кезімде кейде шектен шығып кететінім бар-тын. Болмайтын нәрсеге ашуланып інілерімді жылатып, үйді бастарына көтертетінмін. Мұндайда әкем ұрсып, дауыс көтермей:
– Бегман балам, ашу деген не өзі? – дейтін.
– Ашу деген...– деп ар жағын не дерімді білмей мүдіріп тұрғанымда.
– Ашу деген – аз уақыттағы ақымақтануды білдіреді. «Ашу – дұшпан. Ақыл – дос» дейді бабаларымыз. Ал хадистерде: «Нағыз батыр – соғыста жауын жеңген емес, нағыз батыр – ашуы қатты қысқан кезде өзін ұстай білген адам» делінген. Әрине, ашулану адамға тән қасиет, бірақ сабыр сақтау – ақылды адамның ісі, көркем мінезді болудың басты шарттарының бірі. Ал, сен, Бегманжан ақымақ емессің ғой, ә, – дейтін де қоятын. Соның өзі жон арқамды қара терге түсіретін.
– Балам, – дейтін ол сөзіне үлкен мән бере, – Ақылды адам басына қайғы бұлты үйірілсе, сабыр қылады, бақыт құсы қонса, шүкіршілік етеді. Сол шүкіршілігі мен сабыр-қанағаты үшін Жаратқан Ие сүйген құлына еселеп нығмет береді. Осылайша жан баласымен жанжалдаспай, бар тіршілік иесіне де залал келтірмей, Алланың адал несібесін теріп жеп, берекелі, бақытты ғұмыр кешеді. Ендеше, қабілет-қарымың барда кемелдікке жеткізер, танымыңды тереңдетер білім жолына түс, тақуалыққа ұмтыл, – дейтін үнемі адалдық пен білімді паш ете отырып.
Әкем балаларының денсаулығына үлкен мән беретін.
«Жігіт, – дейтін ол, – отбасын асырау үшін, қолына қару алып Отанын қорғау үшін денсаулығы мықты болуы тиіс. Күн, су, ауа – денсаулыққа дауа. Сондықтан күнде тотығуды, суда жүзуді, таза ауада жаттығуды дағдыға айналдыру керек» деп қайталаудан жалықпайтын. Спорт секцияларына қатысуымызды үнемі қадағалап отыратынсыз. Жеткен жетістігімізге балаша қуанатынсыз.
Қазақ отбасы үшін тіршіліктің, өмірдің жетекші локомотиві – ер азамат. Қандай жағдай болсын, шаңырағың мен үлкен қасиетті үй – Отаның сенің ең ыстық жүрек жылуына бөлеуі лазым. Еркек мықты болмай отбасы оңбайды. «Әкеге бағыну – Аллаға бағынумен бірдей» деген тәмсіл де бар халқымызда. Бір үйде барлығы бір адамға бағынбаса, береке болмайды. «Еркек – үйдің егесі, әйел – үйдің шегесі» деген нақыл да текке айтылмаса керек, – деп отбасындағы ер азаматтың рөліне ерекше мән беретінсіз.
Есіңізде болар, әке, жұмыс бабымен Шымкентке ауыстыңыз. Үй сатып аламыз деп талай жерді араладық. Содан біреуіне қызығып, оны аламын деп иесіне уәде бердіңіз. Біраз жер жүріп, автобус аялдамасына жақындай бергенімізде тағы бір үйдің жарнамасы көзге шалынды. Сіз келіскен үйден анағұрлым жақсы, тағы бір ерекшелігі іні-қарындастарымыз оқитын мектеп те, автобус аялдамасы да жақын екен. «Әке, осы үйді алайық» дегенімде, сіз: «Балам, мені кім деп ойлайсың? Жаңағы кісіге сөз беріп қойдым ғой. Сөзімде тұрмасам, қандай адам болғаным?» – деп жауап бердіңіз. Бәріміз жабылып көндіре алмадық. Қазір сана сүзгісінен өткізіп барып ойласам, соныңыз дұрыс екен. «Сөз бердің бе, үдесінен шық!», «Ердің екі сөйлегені өлгені» деп едіңіз.
Мектепті тәмамдап, аттестат әкелген күні әкем:
– Міне, Бегманжан, кәмелетке жетіп, азамат болғаныңның белгісі. Оң-солыңды танитын кезге толдың деген сөз. Кім болғың келеді? Қандай мамандық игергің келеді? – деді маған сынай қарап. Мен көкейде жүрген балалық арман мамандықты айтқан кезімде ол:
– Дұрыс балам, қол созған мақсатыңа жетуіңе тілектеспін. Дегенмен, Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.а.с.) мына өсиетін есіңе сақтағайсың. Ол: «Мына төрт адамның бірі бол! Ғалым бол. Ғалым болмасаң, білім іздеген шәкірт бол! Шәкірт болмасаң, тыңдаушы бол! Тыңдаушы болмасаң, осыларды жақсы көруші бол. Бесіншісі болма, Өйткені құрып кетесің», – депті. Адамзаттың алыбы пайғамбарымыздың (с.а.с.) осы айтқанын өміріңде бағдаршам етіп алсаң адаспайсың, балам, – деген болатын жарықтық.
Қазір ойласам, жастайымнан жауапкершілікке тәрбиелеп қана қоймай, қандай жағдайда да тереңнен толғап, кеңінен ойлауға, жолымды дұрыс бағамдауға үйреткен екенсіз. Соның арқасында кең ойлап, кең пішуден таршылық көріп, жауапкершіліктен қашып-пысқан кезім болған жоқ. Шамам келгенше әке аманатын ақтаумен келемін деген ойдамын.
Тағы бірде әкем: «Жер бетіндегі саналы жан иелері адам және пенде болып екіге бөлінеді. Сонда балам, айтшы, қандай жан иесін адам дейміз, ал, қандай жанды пенде дейміз?» деп сұрағаны. Мен әйтеуір бір нәрселерді айтқандай болдым. Ол:
– Дұрыс балам, мен сенің ой-пайымыңа қосыламын. Дегенде, кеңірек айтқанда, адам деген – ойлау, сөйлеу қабілеті бар, еңбек құралдарын жасап, оларды өз қажетіне жарата алатын, өз мүддесінен қоғамның мүддесін жоғары қоятын саналы қоғам мүшесі. Ал, пенде деген – өз басында еркі жоқ, біреудің жетегінде жүретін, тәуелді, рухани байлықтан материалдық байлықты және қоғам мүддесінен өз мүддесін жоғары қоятын бейшара жан иесі.
– Әке, шынайы досты қалай табуға болады? – дедім бірде. Ол:
– Ақылға салып көрші, өзің қалай ойлайсың? – деді. Мен:
– Шынайы дос табу ақылдыға оңай, ақымаққа қиын шығар, – дедім. Әкем:
– Жоқ, қарағым, керісінше, өмірде саналыға дос табу қиын да, санасызға оңай. Ақылдының досы тапшы болады да, жауы жыртылып айрылады. Ақымақтың досы көп болғанымен, қастығы табан астынан шыға келеді. Ал, шынайы достың белгісі шындықты бетіңе айтады. Ол қастығы емес, жанашырлығы.
Есіңде болсын, балам, мынадай жандармен дос болғаныңды қаламас ем. Сараңмен – өйткені ол қатты қиналған кезіңде дүниесін қорғаштап, сенімен ара-қатынасын үзеді. Өтірікшімен – өйткені ол жақынды саған алыстатып, алысты жақындатып көрсетеді. Жақын туыстарымен араласпай кеткен адаммен дос болма – өйткені Құран Кәрімнің үш жерінде бұндай адамның оңбайтындығы айтылған, – деді әкем.
Оның осы өсиетін күні бүгінге дейін, шамам келгенше өміріме арқау етіп келемін.
«Бабасының жасағанын атасы, атасы жасаған істі әкесі, оны баласы, немересі жасай берсе, ол адамзат қауымы құрымайды» депті ұлы ойшыл Конфуций. Бұдан ұрпақтар сабақтастығы – ұлттың ұйысуының негізгі шартын аңғарамыз.
Әдетте, біз дүниемен жомарттық жасаған жандар ғана қайырымды деп түсінеміз ғой. Тегінде, шынайы қайырымдылық адамның рухани дүниесі арқылы да көрініп жатады. Мұндай адамдардың қолы ғана емес, ішкі жан-дүниесі де барынша ашық-жарқын болады. Сырт көзге қарапайым ғана болып көрінетін әкемнің рухани әлемі мейлінше бай екеніне осы сәтте көзім жетті.
Түптеп келгенде, өмірде өзіңіздей әке болғаныңыз үшін, әкелік махаббат сыйлағаныңыз үшін тағдырыма мың мәртебе ризамын. «Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай» қамқор бола білдіңіз. Оқыттыңыз. Өзім қалаған мамандық алуыма бағыт-бағдар беріп отырдыңыз. Ендігі бар мақсатым: сіздің кіршіксіз есіміңізге дақ түсірмей, биік ұстауға тырысамын. Қазақта: «Бала әкеден батпан кейін туылады» деген тәмсіл бар емес пе, кейде «Әкемдей болу қайда маған?» деген ой мазалайтыны рас. Алайда, маған жасаған қамқорлығыңыздың мыңнан бірін ақтасам да менен бақытты адам болмас еді деп ойлаймын.
Бегман ЫСҚАҚ,
ЖОО-ның үздік оқытушысы.