Өзағаңа бір музей ашылмай тұр...
Бауыржан ЕРМАН,
«Оңтүстік Қазақстан».
«Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени қорық-музейінің ұйымдастыруымен мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің туған күніне орай «Түркістан тарихы» музейінде «Өзбекәлі Жәнібеков және музей ісі» атты көрме ашылды. Аталған іс-шараға Өзбекәлі Жәнібековтің көзін көрген замандастары, белгілі тарихшы Марат Сембі, тарих ғылымының докторы, профессор Ахмет Тоқтабай, ҚР еңбек сіңірген экскурсоводы Бақыт Камалқызы және өзге де белгілі ғалымдар мен музей басшылары, мәдениет саласының қызметкерлері, БАҚ өкілдері қатысты.
Қазақ руханияты, қасиетті Түркістан өңірі және осы шаһардың жүрегі – «Әзірет Сұлтан» кесенесі жайлы сөз болғанда ең әуелі Қожа Ахмет Ясауи, Әмір Темір сынды ұлттың ұлы перзенттері ойға оралады. Кесене аумағында жерленген қазақтың белгілі хандары, билері мен батырларының әрқайсысы бір-бір тарих, бір-бір дастан. Сондай-ақ, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі этно-граф ғалым, тарих ғылымының докторы, өзіміздің Өзағаң – Өзбекәлі Жәнібеков те есімі сол игі жақсылардың қатарында аталатын тұлғалардың біріне айналып кетті. Себебі, Өзағаң – кеңестік дәуірде басын бәйгеге тігіп, Қожа Ахмет Ясауи кесенесін сақтау, қалпына келтіру, музейлендіру үшін жанын сала еңбек еткен руханият қайраткері, мәдениет майталманы. Ел ішінде «Рух сардары» атанған Өзбекәлі аға «Әзірет Сұлтан» кесенесін ғана емес, сол әулиелер сұлтанының ұстазы Арыстан баб кесенесінен бастап, еліміздегі көптеген киелі орындар, қасиетті кесенелер, тарихи ескерткіштерді сақтау мен қалпына келтіру ісіне жетекші болған. Бұл жайында «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің директоры Мәулен Садықбековтің айтары аз емес.
– Өзбекәлі Жәнібеков – ойлау өлшемі мыңжылдықтарды қамтыған ерен тұлға. Біз қанша көсілсек те, ол кісінің еңбегін толықтай ашып көрсете алмаймыз. Ол кісінің қайраткерлік тұлғасы уақыт өткен сайын ашыла береді, толыса береді. Бүгінгі көрме де сол Өзбекәлі Жәнібеков әлеміне тереңдей бойлаудың тағы бір түрі. Біз 2009 жылдан бері Өзбекәлі Жәнібековке арналған көрмелер ұйымдастырып келеміз. Ал, соңғы жылдары оны түрлендіруді қолға алдық. Осыншама ғылыми ізденістер түптің түбінде үлкен музей ісіне ұласуы керек. Біз сол мақсатқа жетуге ұмтылудамыз. Бүгінгі көрмеге ғалымдар, сарапшылар, рух сардарының ұрпағы мен шәкірттері келіп, ұлттың ұлы тұлғасына құрмет көрсетіп жатыр. Бұл құрмет ел арасында әлі де арта береді деп ойлаймын. Бізге, мемлекетке осындай мыңжылдықтарды қамтыған тұлғалар керек. Себебі, мұндай тұлғаларымыз болмаса, өркениеттер қақтығысына төтеп бере алмай, өзгелерден кейін қалып қоямыз. Өзбекәлі ағаның да музейлер ашып, тарихи жәдігерлерді түгендегендегі мақсаты сол болған. Біз сол істі жалғастыруымыз қажет. Өзбекәлі Жәнібековтің тұлғасын, оның сан саладағы еңбегін зерттеу – біздің азаматтық парызымыз. Бір «әттеген-айымыз» өз кезеңінде жетпістен аса ірі музейдің ашылуына, қазақ руханиятының әлемдік деңгейде мойындалуына мұрындық болған Өзағаңа арнап бір музей аша алмай жатырмыз. Сондықтан тарихқа енген әрбір тұлғаның еңбегіне әділ баға беруіміз керек. Бүгінде бұл бағыттағы жұмыстарды министрлік те қолдап отыр. Мұның біз үшін үлкен жеңіс болары сөзсіз, – дейді Мәулен Жарылқасынұлы.
Атап өтсек, бұл көрмені ұйымдастырудағы мақсат – бар ғұмырын ұлт мүддесіне арнаған, күш-қайратын, ақыл-парасатын осы жолда сарп еткен дара тұлғаның өнегелі өмірін, еліміздегі музей ісін дамытудағы ерен еңбегін, рухани мұраларын, шығармалары мен жәдігерлерін көпшілікке, жастарға насихаттап, үлгі-өнеге ету. Биылғы көрменің бұрынғы көрмелерден ерекшелігі – экспозиция арқылы кемеңгер тұлғаның музейлер ашу ісіндегі жанкешті еңбегі мен қайталанбас қайраткерлігін көрсету басты бағдар болған екен. Көрме экспозициясының желісі бірнеше музей негізінде өрбиді. Олар «Отырар өркениеті» Отырар тарихи-археологиялық музей-қорығы; «Арқалықтағы дала өлкесі тарихы музейі»; «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени қорық-музейі; «Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптары музейі»; М.Төрегелдин атындағы «Жезді тау-кен балқыту ісі тарихы музейі; «Сырымбеттегі Ш.Уәлиханов отбасының қоныс жайы»; «Қазқайтажаңарту» бірлестігінің құрылуы. Сондай-ақ, көрмеге Өзбекәлі Жәнібековтің бастамасымен ел көлемінде ашылған түрлі бағыттағы музейлердің және қайта қалпына келтірілген тарихи-мәдени ескерткіштердің тізімі енгізілген карта сызбасы, рух сардарының музейлерді ашудағы еңбегін айқындай түсетін тарихи құжаттар мен жүзге жуық фотосурет, «Әзірет Сұлтан» қорық-музейіне, «Арқалықтағы дала өлкесі музейі» мен «Ықылас халық музыкалық аспаптар музейіне» өз қолымен тапсырған алпыстан аса жәдігер көрме экспозициясына қойылған.
Бұл іс-шараның тағы бір ерекшелігі – көрме ашылардың алдында Өзбекәлі Жәнібековтің сүйікті тағамдарының бірі – құрт езбесіне дайындалған кеспе көже дайындау бойынша шеберлік сағаты өтті. Ал, көрменің ашылу рәсімінен соң «Қазақстандағы музей ісін дамыту мәселелері» тақырыбында республикалық ғылыми-әдістемелік «дөңгелек үстел» мәжілісі өз жұмысын бастап кетті.