«Адамды байлық үйретпейді, жоқтық үйретеді»

Созақтағы қарашаңырақ үйдің күншығыс бетінде Рахима есімді апам тұрады. Жасы тоқсанды алқымдаса да апам өзін әлі тың сезінеді. Санасы да сергек қалпы. Отағасы Сағынтай Қияқбайұлының дүниеден озғанына біраз жыл болған. Жақында ауылға барғанымда апама арнайылап сәлем беріп шықтым. Дастарқанынан дәм татып, аз-кем әңгімеге де ерік бердік. Рахима апа ТӘКІБАЙҚЫЗЫның айтары аыз емес екен. 

– Рахима апа, алдымен аз-кем өмір жолыңызға тоқталып өтсеңіз...

– Мен мынау Жуантөбе ауылында қарапайым отбасыда дүниеге келдім. Ол уақыт Кеңес өкіметінің дәуірлеп тұрған шағы еді ғой. Біздің балалық шағымыз соғыспен тұспа-тұс келгендіктен, базарлы бола қоймады. Әкей соғысқа кеткен соң анамызға ілесіп жүріп еңбекке араластық. Шөп те шаптық, қой да бақтық. Отағасым Сағынтаймен сонда танысып, ел қатарлы шаңырақ көтердік. Ол кісі алғашында Ащысай ауылында милиция болып жұмыс істеді. Кейін әкесінің шақыруымен елге оралып, зейнеткерлікке шыққанша, кеңшарда жылқы бақтық. Облысқа мәлім жылқышы болды. Ол кездері еңбек адамдарына деген құрмет ерекше еді ғой. Отағасым жылқының арқасында екі-үш рет Мәскеуге барып қайтты. Құр бармай, салтанатты жиналыстардың төрінде отырды. Құдайға тәубе, жарты ғасырдан астам уақыт бірге өмір сүрдік. 

– Жарты ғасырдан астам уақыт отау құрдық деп отырсыз. Мұның сыры неде деп ойлайсыз? 

– Біздің заманымызда партияның күші орасан еді. Онсыз ештеңе шешілмейтін. Ал, ажырасу деген ілуде біреу ғана кездесетін. Әркім өз шаруасынан басқа ешнәрсеге басын ауыртпайтын. Оған уақыты да жоқ еді. Ал, қазіргі жастарда мүмкіндік көп. Қаражат та аз емес. Қалай десек те, бүгінгі жастар бұрынғылар айтатын қой үстіне бозторғай жұмыатқалаған заманда өмір сүріп жатыр деуге болады. Бірақ, өмірден түйгенім, байлық ешнәрсеге үйретпейді екен, адамды жоқтық үйретеді екен. Кейде бізден мейірім азайып кетті ме деп алаңдаймын. Мейірім нұры саябырсыған жерде адамдық да, адалдық та болмайды. Бәрі демей-ақ қояйын, қазір адамдардың көбі жайлылықтың құлына айналды. Ал, ондай адамдарға ұлттық құндылық туралы сөз айтудың өзі артық. Сондықтан оған бәрібір. Ажырасудың төркіні осындай ұлттық құндылықтарымыздан ажырап қалғандығымыздан туындап отыр. Сондықтан бүгінгі қаракөздеріміз намыс, ұят, обал, сауап деген қастерлі ұғымдарды өз жандарына серік етпейінше, мұндай жат көрініс жалғаса береді.

– Өзіңіз де байқап жүрген боларсыз, бүгінде үйленгендеріне жыл толмай жатып ажырасатындар өте көп. Бұған дейсіз?

– Біз жиырмасыншы ғасырдың төліміз ғой, балам. Ол кездің өмір сүру салтын бүгінгі күнмен салыстыруға болмайды. Біз барлықтан гөрі жоқтықтың дәмін көбірек тарттық. Тіршілігіміздің мәні еңбек деген бір ауыз сөзге байланды. Содан болар, қоғамға пайдамыз тисін деген ниетпен еңбек ете беріппіз. Ол кезде идеологиялық жұмыстар да қарқынды жүрді. Жоспар дегенді асыра орындадық. Қазір «аз қамтылған», «көп балалы отбасы» деген сөздерді теледидардан жиі айтып жүр ғой. Біздің кезімізде айналадағы адамдардың бәрі де шын мәнінде көп балалы әрі аз қамтылған отбасылар болатын. Бірақ, олар өздерін мұндай топқа жатқызбайтын. Қаншалықты жұпыны тұрсақ, соншалықты пейіліміз кең еді. Қазір қаншалық байысақ, соншалық тарылып кеттік пе екен деген ойға қаламын кейде. 

– Бүгінгі отбасылы жастарға қандай ақыл-кеңес айтар едіңіз...

– Мемлекет басшысы Әділетті Қазақстан деп жатыр ғой, жастар әділетті болса, ол бірінші өздеріне жақсы. Себебі, әділетсіздік жүрген жерде береке болмайды. Отбасында да солай. Әр отбасының өзіне тән жазылмаған заңдылықтары болады. Бірақ, осыны өзімбілермендік, ұрда-жық мінез құртады. «Өзім білем» деген пиғылдың астары өте қауіпті. Осы мінездің өзі бүгінде талай отбасыны орға жығып жатыр. Өзара үйлесім, түсіністік болмаған жерде отбасы баянды болмайды. Сондықтан ер-азаматтарымыз отбасы мәселесінде қыруар істерді атқара білуі керек. «Еркек – бас, әйел – мойын» десек те, әйел заты ер азаматына қарап бой түзейді. Сондықтан ер-азаматтар отбасына қамқор, бала-шағасына үлгілі болулары тиіс.

– Әңгімеңізге рахмет! Ғасыр жасаңыз!


Әңгімелескен Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ,

«Оңтүстік Қазақстан».

Созақ ауданы.

1 пікір

Пікір қалдырыңыз