Жаңа ферманың құрылысы аяқталуға жақын

Облысымызда ауыл шаруашылығы өнеркәсібі салаларын несиелендіру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Өңір басшысы Дархан Сатыбалды Сауран ауданындағы өндірістік парк аймағын аралап қайтты. Ол «БНК Агро» тауарлы-сүт фермасының құрылыс барысымен танысты. Түркістан облысында құрылысы жүріп жатқан бұл ферма күніне 10 тонна сүт өткізуді жоспарлап отыр. Бұл – тек биылғы меже. Ал, келер жылдан бастап бұл көрсеткіш күніне 20 тоннаға жетпек. Қазіргі таңда мұнда Дания елінен әкелінген 400-ден астам ірі қара бар. 

Жалпы құрылысқа 3,3 млрд. теңге жұмсалмақ. Оның ішінде 1,5 млрд. теңге СПК тарапынан қаржыландырылып жатса, 1,8 млрд. теңге жеке инвестор қаражаты. Жауаптылар былтыр бұл саладағы жобаларға 6 млрд. теңге бөлінген дейді. «БНК Агро» тауарлы-сүт фермасы сол қаражат есебінен қаржыландырылып отыр.
СПК бірінші кезеңде тауарлы-сүт фермасын несиемен қаржыландырған. Содан кейін су үнемдеу технологиясын пайдаланып, тамшылатып суару, жаңбырлатып суару жүйелері қаржыландырылады. Несие 2,5 пайызбен 10 жылға беріліп отыр. Жеңілдетілген кезеңі де қарастырылған. Мұндай ірі жобаларға бұл өте ыңғайлы несие. 
Айта кетсек, «БНК Агро» тауарлы-сүт фермасы биыл пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Нысан толық жұмысқа кіріскен жағдайда 35 адам жұмыспен қамтылмақ.
Пікір қалдырыңыз