Өткен тарих – аманат, Оны елемеу – қиянат!

Бірінші би – тарих, 
екінші би – халық.

Н.Оңдасынов.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ХХ ғасырдағы тұлғалар жөнінде: «Егер жиырмасыншы ғасырдың тарихына зер салатын болсақ, оның алғашқы отыз жылында-ақ қазақ зиялылары арасынан аса көрнекті қайраткерлердің тұлға танытып үлгергенін байқаймыз. Сол айтулы есімдердің білімдарлық һәм азаматтық тәлімдері кейде көріне бермейтін де арналары бар. Оның бағасын ұрпақтары, бүгінгі қазақ зиялылары беруге тиіс. ХХ ғасырдың басында ұлттық бірлікті нығайту идеясын алға тартқан рухани-зерделі игі жақсылар қазақтың ұлттық идеясын жасау міндетін өз мойнына алды» деген еді. 
Сол қазақ зиялыларының көзін көріп, олардан дәріс алған, тәлім-тәрбиесін көрген және олардың кеңестік кезеңдегі жалғасы, қазақ халқының біртуар азаматы, мемлекет және қоғам қайраткері  Нұртас Дәндібайұлы Оңдасынов еді. Сол асыл азаматтардың кейінгі ұрпаққа адал қызмет етуге, өздерінің жете алмаған мақсат-армандарын орындауға, халқы үшін тәрбиелеп, өсіріп, баптап, қанаттарын қатайтып, алғыр құстай етіп дайындап кеткен тәлім-тәрбиесі, бізге – ұрпақтарына аманат етіп қалдырған мұрасындай болып көрінеді.
1938-1951 жылдары алғаш Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесінің Төрағасы, кейін Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы, 1954-1955 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Төрағасы, 1955-1957 жылдары Гурьев облыстық атқару комитетінің төрағасы, 1957-1962 жылдары Гурьев облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Нұртас Дәндібайұлы Оңдасынов болғанын көзіқарақты адамдар жақсы біледі. Ол кісіге 1962 жылы Н.С.Хрущевтің озбырлығымен қысым көрсетіліп, 58 жасында зейнеткерлікке шығарылды. Қалған өмірін 1989 жылдың қазан айының соңына дейінгі, Мәскеу қаласында өткізіп, ғылыммен айналысты. КОКП ОК-не қарасты марксизм-ленинизм институты жанындағы қарт большевиктер тарихи-әдеби бірлестігіне жетекшілік етіп, тұтас бір ғылыми институттың бірнеше жылдық жұмысын жалғыз өзі атқарып, сөздіктер мен аудармалар, көптеген ғылыми еңбектер жазып жарыққа шығарды. Өйткені, ол кісі Дінмұхамед Қонаев, Қаныш Сәтбаев, Хакімжан Наурызбаев, Сағидолла Құбашев, Саламат Мұқашев, Сафи Өтебаев, Әбіш Кекілбаев, Өзбекәлі Жәнібеков, Зейнолла Молдахметов, Серікболсын Әбділдин, Ұзақбай Қараманов, Манаш Қозыбаев секілді көптеген қайраткерлерге, ғалымдар мен жазушыларға, өнер майталмандарына қамқоршы болып, оларды тәрбиелеп өсірді. Тіпті, басқаларын былай қойғанда, «Лениногордан Д.Қонаевты, Жезқазғаннан Қ.Сәтбаевты, Қостанайдан Х.Наурызбаевты тауып, бірін ірі саяси қайраткер, екіншісін ғұлама ғалым, үшіншісін тұңғыш мүсінші етіп шығарғаны үшін де қазақ халқы Н.Оңдасыновқа қарыздар» деп жазған Қазақ КСР-не еңбегі сіңген экономист, профессор Ғарай Сағымбай ағамыздың сөзін бұрын да оқығанмын. Енді осы талантты тұлға туралы жазуға себеп болған үлкен бір оқиғаға куә болғаным бар еді, енді соны баяндайын.
Былтыр мамыр айының басында киелі Түркістанда ғимараттар тұрғызып, тұрғын үйлер салып жатқанбыз. Аяқ астынан осы құрылыс мәселелерімен іссапарға шығып, Павлодарға, одан әрі Астанаға барып жұмысымды бітіріп, Түркістанға қайтатын болдым. Астанадан Шымкентке поезға отырдым. Көрші купеде бір топ қария отыр екен, амандық-саулықтан соң жөн сұрастық. Бәрі Атырау, Маңғыстау облыстарының кісілері болып шықты. Таныса келгенде білгенім,  олар ауылшаруашылығы және мұнай саласының ардақты ардагерлері екен. Шежіреге бергісіз әңгімелерін кезегімен өте сыпайы, нақты дәлелдермен айтқандарына қайран қалып отырғанмын.
Біз мінген вагонға жолай Қарағанды, Мойынты, Сарышаған, Бірлік пен Шу стансаларынан теміржол саласының ардагерлері келіп қосылып, әңгіме барысы үлкен энциклопедияға айналғандай болды. Мен мұқият тыңдаумен болдым, ара-арасында әдептілікпен өзімді қызықтырған сұрақтарға жүйелі жауаптар алып отырдым. Мойынты–Шу теміржол магистраліне келгенде сөзге қарт теміржолшылар, металлургтер араласты. Айтқандары түп-түгел тарих, мол дерек, дәйекті дәлел. Барып тұрған шежіренің нақ өзі дерсің.
– Нұртас Дәндібайұлы Оңдасыновтың Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесіне төрағалық қызметке тағайындалуы кездейсоқтық емес еді, – деп бастады қарт ардагерлердің бірі әңгімесін. – Ол кездегі Қазақстан Үкіметіне тәжірибелі басшы қажет болды. Ал, ол болса Семейден, облыстық атқару комитеті төрағасының міндетін атқарушы қызметінен, Қазақстан КП облыстық комитетінің мүшесі, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып, Халық Комиссарлар Кеңесінің Төрағалығына салмақты «багажбен» келді. Ол өзінің бойындағы табиғат берген ел басқарудағы ерекше қабілеттерін байқатты. Сондықтан да Қазақстан КП Орталық Комитеті оның осы жеке-дара қасиеттерін назарға ала отырып, ұйымдастырушылық қасиеттерін ескеріп, жауапты қызметке тағайындады.
Экономикалық қуаты бойынша Ресей мен Украинадан кейінгі үшінші орынға шыққан Қазақстан орталықтың шығыстағы мал шаруашылығы мен астық базасына айналды. Мұның бәрі Нұртас Оңдасыновтың тынымсыз еңбегінің жемісі еді. Бұл кезең соғыс алдындағы, соғыс кезіндегі, соғыстан кейінгі ең ауыр, ең шешуші қиын жылдар болатын. Соған қарамастан Нұртас Дәндібайұлы осы қиындықтың барлығын жеңіп шыққан қайраткер тұлға бола білді.
1941-1942 жылдары 600 мыңнан астам адам майданға кетті. Олардың көпшілігі соғыста опат болды. Осының салдарынан 1943 жылы әскерге шақырылатын жастар саны тым аз еді. Бұл 1931-1933, оның алдындағы 1920-1922 жылдардағы ашаршылықтан азайып кеткен қазақ ұлты үшін демографиялық апаттың тағы бір қатері болды. Бұларды аз десеңіз 1937-1938 жылдардағы репрессия әсері тағы бар. Сол кездегі үкімет пен партия басшылары Нұртас Оңдасынов пен Жұмабай Шаяхметовті бұл жағдай қатты толғандырды. И.В.Сталиннің қабылдауында болып, бұл мәселе күн тәртібіне қойылып, нәтижесінде 1943-1944 жылдары жастардың көпшілігі майданнан босатылып, броньдалып, Теміртау қара металлургия зауытының құрылысына және басқа да өндіріс орындарына, ауыл шаруашылығы жұмыстарына жіберілді. Қазақтың қос тұлғасының бұл ұсынысы көптеген қазақ жастарын соғыс апатынан аман сақтап қалды.
Шежіре қариялар Нұртас Оңдасыновтың Гурьев облысында қызметте болғанда атқарған игі істері туралы жыр қылып айтып берді. «Қиыншылық қайрақ секілді, оған жанылған сайын өткірлене бересің деуші еді Нұрекең» деп еске алған қария бұрынғы ҚКСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Төрағасы Саламат Мұқашевтің сөзін көпшілік алдына көлденең тартты. «Ол бізге ең алдымен елді мекендерге ағаш отырғызу үлгісін қалыптастырып, оны өзі көрсетіп, үйретті. Елді адамгершілікке, кішіпейілділікке, тазалыққа баулыды, соған өзі үлгі болды. Жергілікті жастарды өсіріп, олардың сенімін арттырды, жігерін қайрады. Баққұмарлық пен мансапқорлықтан аулақ болуды, әсіресе, одан жастардың аман болуын тіледі, әрі солай тәрбиеледі» депті Саламат ағамыз. 
Бұл қасиеттер дәл қазіргі шенеуніктерімізге керек-ақ қасиеттер ғой. «Елдің, қарапайым халықтың әл-ауқатын көтермеген басшыны «жұтаған шүкірге тоймайды» деп сынаған Н.Оңдасынов атамыздың әруағынан айналасың! «Өткен іске салауат» демекші, сөйтіп жүрген Нұртас ағамыз дүниеден өтті. Оның үлкен жүрегінің соғуы тоқтауымен бір мезгілде қазақ тілі үшін үлкен бір игілікті іс те тоқтады. Алайда, «Нұрекең қалдырған мәдени мұра келешек ұрпақтың кәдесіне асып, сонымен бірге мәңгі жасауы сөзсіз» деді академик Әбдуәлі Қайдаров. 
Ойлап отырсам, Қазақстан Үкіметін 13 жыл басқарған осындай ұлы тұлғаның қызметтен еріксіз босатылып, зейнеткерлікке амалсыз шыққан соң Мәскеуге көшу үшін 300 сом қаржысы болмай, оны еліне айта алмай, Мәскеудегі қайын жұртынан алдыруының өзі ол кісінің кіршіксіз тазалығының белгісі әрі қазіргі жемқор шенеуніктерге үлгі боларлық іс еді. Осыдан кейін мен кейбір адамдардың тарих айнасына қарап тұрып, сол айнадағы баттиып көрініп тұрған тұлғаны көрмей, оның айналасындағыларды, тіпті артындағыларды көруі көздерінің соқырлығы емес, көкірек көзінің көр соқырлығы екеніне сендім.
Батыс өңірінен келе жатқан қарт ардагерлердің бірі өз естелігін былай сабақтады.  «1962 жылы ақпан айында Алматыға келген сапарында Н.Хрущев арнайы мәжілісте Гурьев облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Н.Д.Оңдасынов ұсынып жүрген мәселелерді қарайды. Ол  мәселелер Маңғыстауға байланысты еді. Маңғыстаудағы мұнайды барлау мен игеруді қатар қарқынды жүргізу, кен  қоры мен улытасты құрылыс ісіне кеңінен пайдалану және Мақат–Маңғыстау теміржолын тартуды жеделдетуге байланысты көтерілген мәселелерді терең ұғынудың орнына Нұртас Оңдасыновтан құтылуды ойлаған Н.С.Хрущев қыңырлықпен «бізге Сібірдің мұнайы да жетеді, Маңғыстауға қарап тұрған қажеттілік жоқ. Темір-бетон тұрғанда қайдағы бір табиғи тасты айтасың» деп қақалып-шашалып зекіп тастапты. Ал, теміржол мәселесіне келгенде Н.Оңдасовты тыңдағысы келмей, орнынан тұрып кеткен. Бұдан кейін облыс басшысы болып қалудың мәні жоқ екенін түсінген Нұртас Дәндібайұлы жұрт алдында қызметінен түбегейлі бас тартқан. 
Н.Оңдасыновтың зейнеткерлікке шыққаннан кейінгі өмірі Мәскеуде өтті. Оны Мәскеуге отбасылық жағдайына байланысты көшті деп жүр. Бірақ, бұл жайттың түбінде оны қызметтен аластатып қана қоймай, өз ортасынан, өз пікірлестерінен оқшаулап, алыстатуға барынша күш салынғанын байқау қиын емес. Ол – біртуар дарын. Зейнеткерлікке шыққан ардагерлер көңіл құштарлығымен мал, құс, қоян өсірер, бау-бақша салар, қолөнермен айналысар, әйтеуір салы суға кетпей қолдан келер іспен шұғылданар, ал, үлкен лауазымды қайраткер болғандар әдетте естелік мемуарлар жазар еді. Нұртас ағамыз олай етпеді, елге керек өзгеше жолды таңдап, 27 жыл бойы ғылыммен шұғылданды. Абайды оқып, оны жаттап, өзіне нәр еткен Нұртас Оңдасынов 1945 жылы Үкімет басшысы болып тұрғанда сол Абайдың 100 жылдығын атап өтуге бар күш-жігерін салып, үлкен істің басы-қасында болды. Сонымен қатар соғыстың алғашқы жылдарында Ленинград қаласы қоршауда қалғанда, қарт ақын Жамбыл Жабаевқа өзі барып қолқа салып, «Ленинградтық өрендерім» атты өлең арнауына себепкер болған да осы Нұртас атамыз еді. 
Менімен сапарлас болып келе жатқан ардақты ардагерлеріміздің ойлы әңгімелері таусылар емес. Олардың қазақтың келешегі үшін жүректері езіліп, барлық жақсы қасиетті ұрпақтарына шын пейілдерімен тілеп отырғандарын ұғынғандай болдым. Ара-арасында ол кісілердің әңгімелерін қойын дәптеріме жазып отырғанымды байқап қалған бір қария:
– Әй, бала, сен бірдеңе жазып отырсың ба? Жаза алсаң жазсайшы, – демесі бар ма?! – Біз енді асарымызды асадық, жасарымызды жасадық. Еңбек те еттік, енді, міне, зейнетін де көріп жатырмыз. Бәріне де шүкіршілік етеміз, тек іште бір арманымыз бар. Ол осы еліміздің еңсесі көтеріліп, әділ де адал елге айналғанын, ұрпақтарымыздың «қой үстіне бозторғай жұмыртқалағандай» бақуат та бай заманда өмір сүретініне нақты сеніп, Мәшһүр Жүсіптің болжамының орындалғанын көріп кету, – деді терең күрсініп. 
Біз мінген пойыз Шымкент вокзалына келіп тоқтады. Мен өзіміздің оңтүстіктің ізеттілігін сақтап жол бердім. Олар киелі Түркістанның жаңарған келбетін көру үшін ең бірінші Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барып, қазақтың барлық хандары, билері, баһадүр батырлары, басқа да киелі азаматтары жатқан қасиетті орынға барып зиярат ететіндерін айтты. Мен ол кісілерге ондай зияраттың басы Сайрамнан басталатынын, өйткені Қожа Ахмет Ясауйдің әкесі Ибраһим ата мен анасы Қарашаш ана кесенелерінен бастау керектігін, одан кейін Отырардағы Арыстанбабқа барып түнеп, содан кейін ғана Түркістанға зиярат ету керектігін тәптіштеп түсіндірдім. «Олай болса, жөн екен. Алдымен Шымкентке түсейік, үлкен мегаполиске айналған шырайлы Шымқаланы да аралап көріп, жақсы істерімен, игіліктерімен танысайық» деді қариялар бір ауыздан. Мен ойлана келе осы асыл азаматтармен бірге жүріп қаланы таныстырайын әрі зияратты бірге жасайын деп ұйғардым. Расында да осынау шежіре қарияларды қалай қиып кетесің?! 
Сонымен вокзалдан кішігірім автобус жалдап, қаланы аралауға кірістік. Вокзалдан шығып, Қабанбай батыр даңғылымен төмен түсіп, Ордабасы алаңына келдік. Мен тіпті бір экскурсовод сияқты қала ғимараттарын, даңғылдарын, көшелерді, саябақтарды, жаңа ашылған Тәуелсіздік саябағын таныстыра келіп, Ордабасы алаңынан оңға қарай Төле би, солға қарай Әйтеке би, тіке жүргенде Қазыбек би көшелері тарайтынын тәптіштеп түсіндіріп келемін. Жұмабек Тәшенов атындағы көшеге келгенімізде қариялардың бірі «Жұмабай Шаяхметов атындағы көше бар ма?» деп сұрады. Жүздерінен «иә» деген жауап күтіп отырғаны байқалады... «Нұрсәт» шағынауданына бет бұрып, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы көшеге келгенде «Жарайсыңдар!» деп қариялар сүйсініп қалды. Одан кері қайтып, қала орталығына жылжып, А.Байтұрсынов, С.Қожанов, Н.Төреқұлов, Т.Рысқұлов сияқты арыстарымыз атындағы көшелерді аралай отырып, Д.Қонаев атындағы даңғылға шықтық. Қонақтар Шымкенттің келбетіне дән риза болып отыр. Тағы да басқа атақты билеріміз бен батырларымыздың, арыстарымыздың атындағы көшелерді араладық.
«Әрине, бұл көше аттары бұйырған азаматтар бақытты шығар. Олардың бірі хакім, ғұлама, ақын, жазушы, қаһарман батыр, мемлекет және қоғам қайраткері, облыс басшылары болып еліне қызмет еткен арыстарымыз еді. Біз бір ыңғайсыз, тіпті бір өрескел жағдайды аңғарып, өзегімізді өртеген өкінішті жағдайларды айтқымыз келеді. Жаңағы көше аттарын иемденген азаматтардың біразы, атап айтқанда, Д.Қонаев, Ж.Тәшенов, А.Асқаров, Т.Назарбеков сол үлкен кісінің ел ішінен іздеп жүріп тауып, олардың қызметін өсіріп, тәрбиелеп, үлгі-өнеге көрсетіп, кейінгі басшылық қызметтерге өсірген кадрлары емес пе еді?! Олардың атында үлкен көшелер мен даңғылдар бар да олардың сол мансаптарға көтерілуіне тікелей араласып, көмегін аямаған үлкен ақсақалымыз, төрағалардың төрағасы болған Нұртас Оңдасыновқа бір көшенің атын қимағанымыз қалай? Сонда бұл Шымкентте «үлкен кісінің» атында тіпті көше жоқ па?» деп қынжыла сұрақ қойды ақсақалдар.
«Қазығұрт» шағынауданының бір елеусіз көшесі, қаладағы №38 орта мектеп сол кісінің атымен аталады. Және бір кішірек шағынауданымыз «Нұртас» деп аталады. Ол шын мәнінде сол кісінің атына берілген бе, жоқ, басқа бір дәуірдің баласының, әкесінің аты ма, ол жағы беймәлім» деген жауапты естігенде қазыналы қарттарымыз бастарын шайқап, үнсіз тұнжырап отырып қалды. Мен ұялғаннан жерге кіріп кете жаздадым. Артынша басу сөздер айтып, жұбатқандай болдым. Бірақ бәрімізді де көңілсіздік басып, төмен қарасып отырып қалдық.
– Ұят-ай, бұл не деген бассыздық. Әруағыңнан айналайын арысым-ай, кеудесі тарылған мына ұрпақтарыңды кешіре гөр, – деп күбірлесіп отырды да, «мынау қай көше?» деп сұрады жол бойы терең шежірелі сыр шертіп келе жатқан тарихшы қонақтарымыздың ішіндегі қариясы.
– Темірлан тасжолы, – дедім.
– Ол қай Темірлан?
– Темірлан селосына шығатын тасжол.
– Демек, түркілердің тұғыры Түркістанға шығатын тас жол ғой, – деп нақтылап сұрап алды да, «айда, онда Түркістанға!» деді.
– Оу, ата, жоспар өзгерді ғой, – дедім сасқанымнан.
– Иә, өзгерді. Біз шымкенттіктерге өкпеледік. Түркістанға барып Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың, қасиетті хандарымыз бен билеріміздің, батырларымыздың жатқан жеріне, жолай Отырарға соғып, Арыстан бабқа түнеп, Түркістанда осы Темірлан тас жолының атауын «Оңдасынов даңғылы» аталуын тілеп, Шымкентке қайтарда соғамыз, – деп шешті олар. 
Расында да терең ойланып қарасақ, Шымқаладағы Ж.Шаяхметов, Ж.Тәшенов, Д.Қонаев атындағы көшелер мен даңғылдарға Н.Оңдасынов даңғылы қосылса, қандай жарасымды болар еді. Бұл төрт даңғыл-көше Шымкенттің төрт қақпасындай, төрт құбыласындай құлпырар еді ғой. Сол үлкен кісінің есімі гео-графиялық жағынан да, биографиялық жағынан да Темірлан тасжолы көшесіне дәл келіп, «Нұртас Оңдасынов даңғылы» деген орынды атауды тілеп тұр ғой. Көзі ашық, көкірегі ояу әрбір жанға түбі түркі елдерінің рухани астанасы Түркістанға апаратын тарихи толғамды тракт болғаны қандай жақсы болар еді. Сонда ғана бұл атаудың тарихи да, тәлімдік те тәрбиелік мәні айқындала түсер еді. 
Нұртас Дәндібайұлы Оңдасынов биылғы 26 қарашада 120 жасқа толады. Сондай кемеңгер азаматтың мерейтойын республика көлемінде атап өтіп, Темірлан тасжолының көрнекті жеріне ескерткішін орнатып, сол жерге өмірбаянын қысқаша етіп жазып, Нұртас Оңдасынов атындағы даңғыл немесе көше атауын берсе нұр үстіне нұр болар еді. Қалалық ономастика комиссиясы мен қала әкіміне, әкімдік басшыларына, қалалық мәслихаттың депутаттарына, ішкі саясат пен мәдениет, білім және қоғамдық даму басқармаларына, Шымкент қалалық және Түркістан облыстық ардагерлер кеңестеріне, ақсақалдар алқасына осындай сауапты да салиқалы аманатты жүктегіміз келеді» деп аяқтады сөздерін қазыналы қарт қонақтарымыз. 
Нұртас Оңдасынов есімі Д.Қонаевтың «Өтті дәурен осылай», «Ақиқаттан аттап өтуге болмайды», Қ.Қайсеновтің «Ағалар туралы аңыз», Ә.Кекілбаевтың «Басшы», Ө.Айтбайұлының «Қайраткер», тағы басқа да көптеген қайраткерлердің еңбектерінде ерекше ескеріліп, тиянақты зерттелген. Тіпті, Гүлсім Оразалықызының «Аманатын арқалап келемін» атты өмірбаяндық дерегінде ол кісінің өмір жолының бізге үлгі, қасқа жол, нағыз аманат екендігін пайымдаймыз. Егер осының бәрі бізге аманат болса, оны елемеу, ескермеу, аманатқа қиянат болып шықпай ма?! Ол кісінің айтуынша, «Тағдыр маған ел басқаруды, халықтың қамын жеуді сыйлапты. Ондай сый алған адам өз отбасының мүддесінен гөрі ел, халық мүддесін жоғары қоюы керек. Ел басқару білгенге – мехнат, білмегенге қанағат. Халық өзіне деген қамқорлықтың шын жүректен, әлде атақ-даңқын шығару үшін жасалып жатқанын өзінің қарадүрсін жорамалымен біліп қояды. Ондай «қамқоршыны» билік басына барғанда ғана уақытша құрметтеуі мүмкін, бірақ еш уақытта сүймейді. Биліктен кеткен күні аты да, заты да халық көңілінен көшіп жүре береді. Біріншіден, ешқашан пара алмадым, қолым таза! Екіншіден, ешкімнің қаны мойнымда жоқ. Арым таза! Үшіншіден, ешкімді ешқашан руға, жүзге бөлмек түгілі, жүзін сұраған емеспін. Жүзім таза!» деген түйсікпен өтіпті. Кейінгі ұрпақтарына соны өсиет етіпті. Демек, бұл – аманат!
Нұртас Оңдасынов сол кездегі қызыл империяның басшылары И.В.Сталин, В.М.Молотов, М.И.Калинин, К.Е.Ворошилов, А.А.Жданов, Л.М.Каганович, М.Маленков,Н.С.Хрущевтермен бірге қызметтес болып, солардың алдында бүгежектемей, өз сөзін айта білген, өз талабын қоя білген. 
Осындай халқы үшін жаралып, елі үшін қызмет еткен қайраткер тұлғаның әруағының ризалығы үшін не істесек те жарасымды ғой. Оның өмірі өскелең ұрпаққа өшпес өнеге болсын десек  ескерткішін орнатып, есімін сол Темірлан тасжолы көшесіне беріп, деректі фильмдер, көркем фильмдер түсірсек, перзенттік парызымызды сәл де болса, өтер едік қой. Менімен сапарлас болып, оңтүстікке қонақ болып, киелі Түркістанға зияратқа аттанған ардақты да аяулы қариялардың да бар тілегі осыған сайып еді. Жүйелі сөз қашаннан жүйесін таппайтын ба еді деп ойланып біз қалдық...

Пернехан 
ТАСТАНБЕКҰЛЫ.



Пікір қалдырыңыз