Көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады

«Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында таяуда Түркістан қаласында Арыс қаласының мәдени күндері өтті.
Іс-шара Этноауыл кешенінен бастау алды. Мұнда келушілер Арыс қаласының қолөнер шеберлерінің туындыларын тамашалады. Бұдан бөлек, мемлекеттік қолдаудың арқасында грант алып, кәсібін ашқан азаматтар қала тұрғындары мен қонақтарына өз тауарларын ұсынды. Ашық аспан астындағы көрмеге Арыс қалалық музейінің ұжымы да теміржолшылар қаласының терең тарихынан сыр шертетін жәдігерлерді ұсынды. Ал, суретшілер мен мүсіншілердің туындылары келушілерге рухани ләззат сыйлады.
Әрі қарай Этноауыл аумағында арыстық өнерпаздар мен ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен салт-дәстүрімізді насихаттайтын өнегелі шаралар өтті. Мұнда ақ жаулықты әжелер тулақ тарту, текемет басу, «төркіндету», «қалау» секілді ғұрыптарды насихаттап, түркістандықтар мен қала қонақтарына ұлттық тағамнан дәм ұсынып, нағыз қазақы қонақжайлылықтың үлгсін көрсетті. Мерекелік кештің көрігін Арыс қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары мен ардагерлер ансамблі қыздыра түсті. Көше театры да көптің қызығушылығын тудырды.
Мың бұралған бишілер мен күміс көмей әншілер ән-биден шашу шашып, өнерпаздар сахналық қойылымдар қойды.
Арыс қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және дене шынықтыру бөлімі 300-ге жуық өнерпаздың басын қосып, өз өнерлерін паш етті.
Концерттік бағдарлама екі күнге созылды. Оның аясында түрлі мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды. Этноауылда ұлттық спорттық ойындар өткізілсе, «Керуен сарай» кешенінде арыстық өнерпаздардың гала-концерті өтті.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.