Бұл не деген талант, бұл не деген дарын...
Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ,
«Оңтүстік Қазақстан».
Дүниеде сөз қадірін қазақтай білетін халық жоқ шығар, сірә. Сөз құдіретіне байланысты айтылатын «Жақсының өзі өлсе де, сөзі өлмейді», «Өлеңді қосылып айтқан жақсы, сөзді тосып айтқан жақсы», «Сөз қадірін білмеген, өз қадірін білмейді», «Айтылған сөз – атылған оқ» деген мақал-мәтелдердің қай-қайсысына да зер салып қарасаңыз, халқымыздың осынау құндылықтың бағасын қалай дәл пайымдағанына таңқаласыз.
Ал, бүгінде біз сөз қадірін қалай бағалап жүрміз? Әр сөздің парқын білмей, оңды-солды пайдалана беретініміз қалай? Басқасын айтпағанда, «талантты», «дарынды», «біртуар», «дәулескер», «дауылпаз», «ұлы» деген сөздерді оған лайық болса да, болмаса да, әйтеуір, екінің біріне таңа беретін болдық. Яғни мыңнан бір адамға қолданылатын ұғымдарды сол адамды мақтап-мадақтау мақсатында ойланбастан айта саламыз. Задында, бұл сөздердің өзіндік өлшемі, қолданылатын жері бар емес пе?! Мәселен, адам бір тірлікте қабілетті болуы мүмкін, бірақ, ол талантты деген сөз емес. Немесе адам талантты болуы мүмкін, бірақ, ол ұлы адам деген ұғымды білдірмейді. Тектілік те солай. Кез келген адам текті бола бермейді. Тектілік – бұл адам бойындағы ерекше қасиет. Бұл сөз негізінен адамның шыққан тегіне, әулетіне, ата-бабасына қатысты қолданылады. «Біртуар», «дарынды», «дәулескер» деген сөздердің де салмағы бар. Оны да кез келген адамға айта алмайсыз. Мұндай сөздердің соңғы кездері көбінесе эстрада әншілеріне, шоу-бизнес өкілдеріне қатысты қолданылып жүргенін байқаймыз. Кейде әлі үйренері алда, оқып-тоқитын дүниесі көп жастардың өзі «таланттылардың» қатарына еніп кетіп жатады. Бірақ, олардың бәрін бірдей талантты, дарынды дей алмайсыз. Себебі, дарындылар, таланттылар көп болмайды. Бұл – табиғаттың заңдылығы. Ол бүгін ғана емес, бағзыдан солай. Қазақ тарихында өзіндік орны бар Тоныкөк, Білге қаған, Бұқар жырау, Төле, Қазыбек, Әйтеке билер, Абай, Шәкәрім, Құрманғазыларды және осы деңгейдегі тұлғаларды талантты, біртуар, ұлы десе жарасады. Өйткені, олар – ұлтымыздың шын мәніндегі ардақ тұтар асылдары.
Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде «талант» сөзі ерекше дарынды, асқан қабілетті адамдарға қарата айтылатыны көрсетілген. Сонымен қатар, «ұлы» дегенге асқан кемеңгер, данышпан, озық ойлы деген анықтама берілген. Ал, осы анықтамаларға сай келмейтіндерді ұлы әрі талантты деу қаншалықты дұрыс? Мәселенің мәнісі сөздің салмағында, орынды және орынсыз қолданылуында екенін ескере бермейіз. Өнер жолын жаңадан бастаған әнші белгілі бір уақыттан кейін «жұлдыз ауруына» шалдықса, оны жазғырып шыға келеміз. Ал, ол әншіні «жұлдыз ауруына» душар еткен тыңдармандардың өзі емес пе?! Жаңағыдай сөздерді орынсыз тели берсек, кез келген адам мақтауға сеніп қалады. Ал, «семіздікті қой ғана көтереді».
Қазір адамдар бос қосқан жерлерде ұлағатты сөз, ғибратты әңгімелер, келелі кеңестер де көп айтыла бермейді. Әңгімелердің дені ұсақ-түйек шаруалардан, күйбең тірліктен, әлеуметтік желіден естіген өсек-аяңнан әрі аспай жатады. Бұрынғыдай есті, парасатты сөздер неге айтылмайды? Себебі, әр адам осындай ұғымдарды игеруге ұмтылмаса, өзін-өзі дамытпаса, ол да жайдан-жай келе салмайды. Ата-бабаларымыз «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін» іздеуді кейінгі ұрпақтарына аманаттап кеткен. Себебі, сөзден кие қашса, тілден де қадір кетеді. Сөзді қалай сөйлесек, қалай айтсақ, ол тыңдаушысына да солай жетеді. Сондықтан айтылған әрбір сөзге байыппен қарайық дегіміз келеді.