Мақсат – жұмыссыздықты азайту

Әтіркүл ТӘШІМ,
«Оңтүстік Қазақстан».
Әлеуметтің әл-ауқатын көтеру, халықты жұмыспен қамту мақсатында елімізде бірқатар бағдарламалар қабылданды. Аталған мемлекеттік бағдарламалардағы міндеттерді орындап, оларды жүзеге асыру – жергілікті биліктің төл міндеті. Айта кетейік, жұмыспен қамту бағдарламалары халықтың әлеуметтік жағдайының көтерілуіне оң ықпал етуде.
Кентау қаласы тұрғындарын нәтижелі жұмыспен қамтудың жай-жапсарын және орталықтың алғашқы жартыжылдықта атқарған жұмыстары туралы білу үшін Кентау қалалық Мансап орталығының директоры Жақсылық Қайдауыловпен әңгімелескен едік.
– Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру, орындау және жаңа жұмыс орындарын ашу қалада қалыпты деңгейде жүргізілуде. Жұмыссыздар жыл сайын Мансап орталығына тіркеліп отырады. Өткен жылдың соңында 861 адам ресми жұмыссыз ретінде тіркелді. Олардың 475-і жұмыспен қамту іс-шарасына қатысушылар. Жұмысынан айырылуына байланысты жәрдемақы алушылардың саны 328 адамды құрайды. Қалған 58 азамат жұмыспен қамту іс-шарасына тартылмаған. Қалада экономикалық белсенді халық саны 37 370 адамды құрады.
Жұмыссыздарға әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында жыл сайын өңірлік жұмыспен қамту картасы бекітіледі. Ұлттық жоба аясындағы осы «Өңірлік карта» бойынша 191 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған болатын. Өткен жылы 214 жұмыс орны ашылып, жоспар 111,5 пайызға орындалды. Ал, олардың міндетті зейнетақы жарнасы 99,5 пайызға орындалды.
«Еңбек» бағыты аясында өткен жылы 6371 азамат тұрақты және уақытша жұмыс орындарына орналасты.
Мансап орталықтарының жұмыс іздеген жандарға ұсынатын бағыты – қысқа мерзімдік курстарды оқып, кәсіптік оқытудан өту арқылы жұмысқа тұру. Бағдарламаны жүзеге асыруда мамандығы жоқ немесе өз мамандығы бойынша жұмыс таппай жүрген тұлғаларды қайта даярлау курстарына оқытып, жұмыс орындарына жолдаймыз.
Орталық басшысының айтуынша, өткен жылы қысқа мерзімді кәсіптік оқуға 36 адамды жолдау жоспарланған. 2023 жылдың 30 қазанында «Электрмен және газбен дәнекерлеуші», «Жылу желілерінің жабдықтарын жөндеу жөнінде слесарь» мамандықтары бойынша жалпы 36 адам оқуға жолданып, желтоқсан айында курсты аяқтапты. Игерген мамандықтарына сәйкес олар «Оңтүстік Аймақ Газ» ЖШС-не жұмысқа орналасқан.
Кәсіп ашудың, сол арқылы халықты жұмыспен қамтудың бірден-бір тиімді бағдарламасы жаңа бизнес идеяларға қолдау ретінде берілетін мемлекеттік гранттар. Өткен жылы жаңа бизнес идеяларды іске асыру үшін кентаулық 90 азаматқа мемлекеттік грант беру жоспарланған. Комиссия мүшелері тарапынан 90 үміткердің жобалары қолдау тапты. Ал, жастарға арналған 2,5 пайыздық несиені 35 адамға беру жоспарланыпты. Конкурстық комиссияның отырысында 12 адамның жобасы қаралып, 9 үміткердің жобасы мақұлданған.
2024 жылдың алғашқы жартыжылдығында Кентау қаласы бойынша Мансап орталығында 1865 адам ресми жұмыссыз ретінде тіркелген.
Кентау қаласы бойынша 2024 жылға «Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында 5747 азаматты жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатыстыру жоспарланған екен. Нақты 2270 азамат тұрақты және уақытша жұмыспен қамтылыпты.
Атап айтқанда, субсидияланатын жұмыс орындарына 1359 азаматты тұрақты және уақытша жұмыспен қамту жоспарланса, 6 айда нақты 981 азамат жұмыспен қамтылған. Оның ішінде:
– «Алғашқы жұмыс орны» жобасына 80 адам жолданды, көрсеткіш – 89%;
– «Жастар практикасына» 350 жасты жұмысқа жолдау жоспарланып, жарты жылда нақты 81 азамат жолданған.
– Жастарды жұмыспен қамту өзекті мәселе. Көп жағдайда жұмыс орындары олардың тәжірибесінің жоқ екендігін алға тартады. Осындай келеңсіздіктердің алдын алу мақсатында, жастарды жұмыспен қамту аясында «Жастар тәжірибесі», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» жобалары жүзеге асырылып, төлем мөлшері 30 айлық есептік көрсеткішке артып, мерзімі 12 айға дейін ұзарды. «Жастар практикасының» мерзімі осыдан екі жыл бұрын 6 ай көлемінде еді. Төленетін қаржы 30 АЕК, яғни 91 мың 800 теңге көлемінде қарастырылған. «Жастар практикасына» ЖОО-ны немесе арнаулы орта оқу орнын бітірген, диплом жарамдылығы 5 жылдан аспаған 35 жасқа дейінгі жастар қатыса алады. Биыл бұл бағытта 350 жас түлекті жұмыспен қамтуды жоспарлаған едік, қазіргі таңда олардың арасынан 81 азаматты мамандығына сәйкес жұмысқа жолдадық. Біздің қалада колледждер болмаса ЖОО жоқ, (негізі ЖОО, колледж түлектері де қатыса алады) өзге қалалардан бітіріп келгендер енді келе бастады. Алғашқы жартыжылдық бойынша көрсеткіш 81 адам болса, осы шілде айының өзінде тағы да 60 жас маман жұмыс орындарына жолданыпты. Осылайша жыл соңына дейін жоспарды толық орындаймыз, – дейді Жақсылық Нұрәлиұлы.
Мансап орталығының мәліметтеріне сәйкес субсидияланатын жұмыс орындарының басқа да бағыттары бойынша көрсеткіштерге тоқталсақ:
– әлеуметтік жұмыс орындарына 140 адам жоспарланса, 6 айда 148 адам жолданған (106%);
– қоғамдық жұмыс орнына 670 адам жоспарланған, 6 айда нақты 567 жұмыссыз азамат жолданған (85%);
– «Күміс жас» жобасына 105 адам жоспарланып, нақты 105 адам жолданған (100%);
– мүгедектігі бар азаматтарға арналған жұмыс орындары бойынша бір адам жоспарланған, ол ағымдағы жылдың шілде айынан бастап іске асырылады;
– «Ұрпақтар келісімшарты» жобасына 3 адам жолдау жоспарланып, ағымдағы жылдың шілде айынан бастап іске асыру көзделуде.
«Бастау-бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерінің онлайн курсына 750 азаматты оқыту жоспарланып, алғашқы жарты жылда нақты 182 азамат оқыды. Өткен жылы Кәсіпкерлік негіздері бойынша «Бастау бизнес» жобасы аясында «enbek.bussines.kz» порталы арқылы 72 сағаттық онлайн курсын 977 азамат бітірген болатын. Солардың арасында оқи алмай қалған (лимиттен асып кеткендіктен енбей қалған) азаматтар биылғы жылы оқып жатыр. «Бастау бизнесті» кәсіп ашамын деген, онда да санаты бойынша сәйкес келетін азаматтар ғана оқи алады. Өйткені, грант берудің талаптары мен ережелері бар. Кез келген адамға мемлекеттік грантты бере салмайды. Олардың қатарында атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көп балалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, мүгедек баласы бар отбасылар, асыраушысынан айрылып, жәрдемақы алып отырған отбасылар, қоныс аударушылар (оның ішінде қандастар) жас ерекшелігіне шектеу қойылмаған зейнет жасына дейінгі жұмыссыз санатындағы тұлғалар болатын болса өздерінің бизнес идеясына сәйкес комиссия шешімімен мемлекеттік грант қаражаты ұсынылады.
«Жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекет тарапынан берілетін грантқа комиссия мүшелері 37 азаматтың бизнес жобасын қолдады, – дейді орталық директоры Ж.Қайдауылов.
Жұмыс берушілерден «Еңбек.кз» платформасы арқылы түскен бос жұмыс орындарына 493 азамат жіберілді. Биыл 2104 азаматты жұмыспен қамту көзделіп отыр.
Кентау қаласы бойынша «Өңірлік жұмыспен қамту» картасы шеңберінде 7 жобаға 86 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып, алғашқы жартыжылдықта нақты 31 жаңа жұмыс орны ашылған.
Сонымен қатар, қалада «Күміс жас» жобасы да жүйелі түрде жүзеге асып келеді. Мансап орталығы 50 жастан асқан, зейнет жасына жақын азаматтарды тұрақты жұмыспен қамтуға күш салуда. Біз осы ретте орталықтың мәліметіне сәйкес 100% жүзеге асқан «Күміс жас» жобасына қатысушыларды әңгімеге тартқан едік.
Назира Аширметова, жобаға қатысушы:
– Мен Мансап орталығына 2024 жылы қаңтарда тіркелген едім. Ақпан айында маған жұмыс ұсынды. «Шолпан ЖК»-ге қарасты шағын маркетте сатушы болып жұмыс істеп жатырмын. Жұмысым өзіме ұнайды, жалақысы да көңілімнен шығады. Мұндай жалақыға жеке секторда да жұмыс табуға болады. Бірақ, ол жерде зейнетақы аударымдары, қамсыздандыру төлемдері жүрмейді. Жалақы кешігеді, кейде тіпті, айлықты ала алмай қалған кездеріміз де болған. Еңбек дауының неше түрі басымнан өткен. Бір емес бірнеше ай жалақыңды ала алмаған соң, оны өндіру үшін сот орындаушыға барасың, сандаласың, қаншама жүйкені жұқартқан кездер болды. Бұл бағдарламаның тиімділігі – тұрақтылық. Тұрақтылыққа мемлекет кепілдік береді екен. Соны ұқтым.
Қадір Бекбергенов, жобаға қатысушы:
– Мен Мансап орталығының жолдамасымен жұмысқа орналастым. Жыл басынан бері «Шолпан ЖК»-ге қарасты сауда үйінде жүкші-жұмысшы болып істеп жатырмын. Шүкір, 110 мың теңге жалақы аламын. Жұмыс ауыр емес, жалақы тұрақты, зейнетақы қорына міндетті жарна аударылып жатыр. Бағдарлама мені толық қанағаттандырады.
«Күміс жас» жобасының шеңберіндегі жұмыс орындары 50 жастан асқан жұмыссыздардың экономикалық белсенділігін арттыруға бағытталған. Жобаға Әлеуметтік кодекстің 207-бабының 1-тармағымен белгіленген зейнеткерлік жасқа толғанға дейін жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар жолданады. Жұмыстың ұзақтығы 36 айдан аспайды, аяқталғаннан кейін қатысушыға зейнеткерлікке шыққанға дейін тұрақты жұмыс орны беріледі. Жалақының мөлшерін жұмыс беруші белгілейді және төлейді, бұл ретте 30 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) аспайтындай мөлшерін алғашқы 12 айда – жалақының 70%-ы; 13 айдан 24 айға дейін – жалақының 65%-ы; 25 айдан 36 айға дейін жалақының 60%-ы мемлекет тарапынан субсидияланады.