Жошы ұлысы

2019 жылы Жезқазған өңірінде ұйымдастырылған «Ұлытау – 2019» халықаралық туризм форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алтын Орданың негізін қалаған Жошы хан есімін ұлықтау мәселесіне ерекше тоқталып, «Шыңғыс ханның үлкен ұлы – Жошының мазары қазақ жерінде тұрғанын бүгінде еліміздегі және шетелдегі жұртшылықтың көбі біле бермейді. 
Ата-бабалар аманатына адал болу – бізге сын. Сондықтан Алтын Орданың негізін қалаған Жошы ханның есімін ұлықтауды міндетті түрде қолға алу керек» деген болатын.

Ал, осы жылдың қаңтар айында Қасым-Жомарт Кемелұлы «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында «Тарихшыларымыздың пайымдауынша, Жошы ұлысының іргесі қаланғанына – 800 жыл. Мемлекеттілігіміздің тамыры тым тереңде жатқанын әйгілейтін осы айтулы датаға орай кең ауқымды зерттеулер қолға алынады» деп атап өтті.
Жошы ұлысының тарихы ұлттық мүдде тұрғысынан қайта зерттеуді, зерделеуді қажет ететіндігі даусыз. Бұған дейін Алтын Орда тарихы кеңестік идеологияның шеңберінде ғана зерттеліп, бұрмаланып, біржақты ғана жазылды. Сондықтан қазіргі таңда Алтын Орда тарихын зерттеп, қайта жазу тарих ғылымының өзекті мәселелерінің бірі болып отыр. 
Сенат депутаты Дархан Қыдырәлі Жошы ұлысының іргесі қаланғанына 800 жыл толуына орай Үкімет басшысына жолдаған ұсынысында: «Жошы ұлысына арналған іргелі зерттеулер жүргізу, арнайы музей жасақтау, Едіге байқауын өткізу, Ұлытаудағы ескерткіш кешендерді ЮНЕСКО материалдық мұралар тізіміне енгізу де өзекті. Елімізде өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойыны – Жошыны насихаттау үшін үлкен мүмкіндік. Сондықтан да оларға ақпараттық қолдау көрсету, танымдық деректі және көркем фильмдер мен балаларға арналған мультфильмдер ұсыну да маңызды» деген 
болатын.  
Жасыратыны жоқ, кезінде басқа да халықтардың тарихы сияқты, қазақ халқының тарихын жазуда да тек соғыстардың тарихына назар аударылды. Сондықтан алдағы уақытта Жошы ұлысының тарихын зерттеуде ұлыстың әкімшілік басқару істеріне, ұлыстың әскери қуатына, көрші мемлекеттермен дипломатиялық қарым-қатынасына, этностар бірлігіне, қолөнердің дамуына, егін шаруашылығының ұйымдастырылуына, ұлыстың діни және рухани бірлік жүйесіне, мәдениетіне, ғылымы мен біліміне баса көңіл бөлінуі керек деп ойлаймыз. Біз сонда ғана Жошы ұлысын толық ұлықтай аламыз. 
 
Гүлзағира ӨТЕН, 
тарих ғылымдарының кандидаты. 
Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан 
педагогикалық университетінің доценті.
Пікір қалдырыңыз