«Жастардың болашағы туралы көп ойланамын»
Депутаттық мандатқа ие болудың жауапкершілігі жоғары екендігін бүгінде түсіндіріп жатудың өзі артық. Депутаттарға артылар сенім мен міндет жүгі өте ауыр болғандықтан халықтың қолдауына ие болғандар елдің өсіп-өркендеуі үшін білім-білігін де, күш-жігерін де аянып қалмауы тиіс.
Ал, аудандық мәслихат төрағасының басты міндеті – депутаттардың сайлауалды бағдарламаларының өз деңгейінде орындалуын қадағалау. Сонымен қатар әріптестерін депутаттық этиканы, қолданыстағы заңнама нормаларын қатаң сақтап, сайлаушылармен барынша ашық, тығыз байланыста болуға шақырады. «Аудандық мәслихаттың негізгі жұмысы – азаматтарға қамқорлық көрсету, аудан тұрғындарының әл-ауқатын арттыру екені бесенеден белгілі. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» демекші, халық қалаулылары бірлесіп тірлік етсе, алынбайтын қамал жоқ» дейді Жетісай аудандық мәслихатының төрағасы Медет Касимов бізбен әңгімесінде.
– Медет Алмасбекұлы, мәслихат депутаттарының мойнына артылар жауапкершілік жүгі қашанда ауыр. Былтыр құрамы өзгерген халық қалаулылары бүгінгі таңда біраз шаруаларды еңсеріп тастаған шығар. Қазіргі депутаттық құрам жөнінде айта отырсаңыз...
– Өздеріңізге белгілі, сегізінші шақырылымдағы аудандық мәслихаттың депутаттығына сайлау 2023 жылы 19 наурызда өтті. Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2020 жылғы 11 қыркүйектегі № 21/323 «Сайланатын мәслихаттар депутаттарының санын айқындау туралы» қаулысына сәйкес Жетісай аудандық мәслихаты депутаттарының саны 22 болып белгіленген. Бүгінде мәслихатта «Amanat» партиясының 19 депутаттан құрылған фракциясы қызмет атқаруда. Өзім заң талаптарына сәйкес фракцияға мүше емеспін. Бір депутатымыз өзін-өзі ұсынған болса, тағы бір депутат «Ақжол» партиясының мүшесі. Жалпы, сегізінші шақырылымда депутаттар құрамы өткен шақырылыммен салыстырғанда 63 пайызға жаңарған.
Қазіргі уақытқа дейін мәслихаттың 17 сессиясы өтті. Оның 11-і кезектен тыс өткізілді. Жалпы, аталған сессияларда 110 мәселе қаралып, барлық қаралған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.
Мәслихат міндеттерінің басым бағыттарын жүзеге асыру мақсатында 4 тұрақты комиссия құрылған. Одан бөлек, депутаттар алдын-ала бекітілген кестеге сәйкес қоғамдық қабылдау жүргізеді. Бұл туралы жұртшылыққа алдын-ала хабардар етіледі. Осы қабылдауларда көтерілген мәселелер бойынша депутаттар өздерінің құзіретінің шеңберінде олардың оң шешім табуына жедел шаралар қабылдайды. Қабылдаулар бойынша жыл соңында талдау жасалады. Талдау көрсеткеніндей, азаматтардың негізгі көтеретін мәселелері – жұмысқа орналасу, инфрақұрылым және тұрғын үй мәселесі. Осыған орай аталған мәселелер бойынша жергілікті атқарушы органдарға хаттар мен депутаттық сауалдар жолданады.
Депутаттық өкілетті жүзеге асырудың маңызды бір түрі – депутаттық сауал жолдау дер едім. Сегізінші шақырылымдағы біздің аудандық мәслихат депутаттары өте белсенді. Осы шақырылымда депутаттар 147 депутаттық сауал жолдап, оның ішінен 138 сауалға тиісті органдардан жауаптар алынды. Ал, қалған 9-ы бүгінде орындалу үстінде. Оған қоса, аудан аумағында өтетін түрлі іс-шаралар мен акцияларды, мерекелік, спорттық жарыстарды ұйымдастырудан да шет қалмаймыз. Балалар мен ардагерлерге қамқорлық көрсету мақсатында өтетін шараларда да депутаттарымыз белсенділік танытып келеді.
– Халық қалаулылары бес жыл бойы жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып жұмыс істейді. Негізінен жұмыс жоспарларыңыз әрбір депутаттың сайлауалды бағдарламасында айтылған және тұрғындардан түскен ұсыныстар мен сын-ескертулер негізінде құрылатын шығар...
– Әлбетте. Халық қалаулылары өздері сайланған 5 жыл көлемінде халық пен билік арасындағы алтын көпір ретінде тұрғындардың мұң-мұқтажын билік өкілдеріне жеткізе отырып, өз тараптарынан да мәселенің шешілуіне ықпал жасап отыруы тиіс. Ол үшін депутаттарға тиісті құзіреттер заңмен белгіленген. Оған қоса өздерінің сайлауалды бағдарламаларында мойнына алған міндеттемелерін де орындауы қажет. Биыл мамыр айында депутаттар өздері сайланған сайлау округтерінде халыққа бір жыл көлемінде атқарған жұмыстары және алдағы уақытта атқаратын жұмыстары бойынша есеп берді.
Өз жоспарым – төраға ретінде әрбір депутаттың көтерген мәселелерінің тиісті дәрежеде шешілуіне ықпал жасау, ауданның әлеуметтік экономикалық жағдайын жақсартуға атсалысу, халықтың көтерген әрбір мәселесінің тиісті деңгейде шешілуіне жұмыс істеу.
– Осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстар, шешілген проблемалар жөнінде дәйектер келтіре отырып айтып берсеңіз.
– Әрине, тұрғындардың проблемаларын шешуде жергілікті атқарушы органмен бірлесе жұмыс істейміз. Жоғарыда айтып өткенімдей, аудандық мәслихаттың 22 депутаты өздерінің тың идеяларын жүзеге асыру үшін сайлауға түсіп, халықтың қолдауына ие болған жандар. Бүгінде мәслихат аппаратына жергілікті тұрғындардан көптеген арыз-шағым, ұсыныстар түсіп тұрады. Олар мәслихат депутаттары мен жергілікті атқарушы орган өкілдерінің қатысуымен қаралады. Соның нәтижесінде көптеген проблема бойынша жоғары тұрған органдарға депутаттық сауал жолдай отырып, оң шешімдер қабылданды.
Қазір әлеуметтік желінің, интернеттің дамыған заманы, халықтың көзі ашық. Көтеріп келген мәселелері де, ұсыныстары да өте орынды. Алайда, көп мәселелер қаржыға келіп тіреледі. Бірақ, аудандық мәслихат депутаттары өздері көтерген мәселе оң шешімін табуы үшін облыстық мәслихат депутаттарына, Парламент Мәжілісінің депутаттарына, жергілікті атқарушы орган басшыларына депутаттық сауалмен шығып, керек болса барып, қажетті қаржы көлемін бөлдіртуге барын салады. Осыған орай көптеген мәселелер кезең-кезеңімен шешімін табуда.
Жергілікті атқарушы органмен бірлесе отырып атқарылған жұмыстардың санатына Ж.Ералиев, Абай, Қызылқұм, Мақталы және Ш.Ділдәбеков ауылдық округтеріне қарасты 21 елді мекенді табиғи газға қосу үшін 3,1 млрд. теңге қарастырылғанын айтуға болады. Биыл 10 елді мекен табиғи газбен қамтылса, қалған 11 елді мекенге газ келесі жылы кіреді.
Былтыр таза ауыз су жүйесін жүргізуге және ағымдағы жөндеу жұмыстарына 3,3 млрд. теңге қарастырылды. Сондай-ақ, былтыр 70,5 шақырымды құрайтын 104 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл да жол мәселесі депутаттардың бақылауынан түскен жоқ. Соның нәтижесінде бұл салаға 1 млрд. 970 млн. теңге бағытталған.
Әрине, ауданымыз облыс аумағындағы халық саны жағынан ірі аудандардың бірі болғандықтан, істелуі тиіс жұмыстар да ұшан-теңіз. Сондықтан біз, мәслихат депутаттары жергілікті атқарушы органмен бірлесе отырып, проблемалардың шешілуіне бар күшімізді саламыз.
Жалпы, әкімдік пен мәслихат арасындағы қарым-қатынас іскерлік деңгейде. Әкімдік жергілікті атқарушы орган ретінде өзіне жүктелген міндеттерді толық атқарып келеді. Біз, мәслихат өкілді орган ретінде заң талаптарына сәйкес мәслихаттың құзіретіне жататын мәселелер бойынша шешім қабылдаймыз. Қызмет барысында жергілікті бюджеттің, аумақты дамыту бағдарламаларының атқарылуына бақылау жасаймыз, әкімдіктің дербес құрамын келісеміз, сол секілді көптеген мәслихат құзіретіне жатқызылған шешімдерді қабылдаймыз.
Әрине, жұмыс болғандықтан әкімдікпен арада келіспей қалатын кездер де болып тұрады. Алайда, бәріміздің илегеніміз бір терінің пұшпағы, яғни ел үшін қызмет ету болғандықтан жергілікті атқарушы органмен бірлесіп, халықтың сұранысына сәйкес тиісті шешім қабылдай отырып, келісілген түрде жұмыстар жүргіземіз.
– Мәслихаттың негізгі жұмыс қағидасы оның ашықтығында. Осы ретте сайлаушылармен байналыстарыңыз қай деңгейде?
– Қызметіміз ашық. Біздің ғасыр – ақпарат ғасыры. Мәслихат өз сессияларын қазір әлеуметтік желілерде тікелей трансляция арқылы барлық адамдарға қолжетімді түрде өткізеді. Мәслихат депутаттары күнделікті сайлаушылардың арасында, округте атқарылып жатқан жұмыстардың басы-қасында жүреді. Сондай-ақ, депутаттар жылына бір рет сайлаушылары алдында есеп беріп, алдағы жоспарлары жөнінде хабарлап отырады. Мәслихаттың күнделікті жұмысы туралы ақпараттар әлеуметтік желілерде қолжетімді.
– Қазіргі қоғамда Сізді азамат ретінде, депутат ретінде не мазалайды?
– Бүгінгі жастарымыздың қоғамдағы орны жайлы көп ойланамын. Ғаламтор, телефон, гаджеттер жастарымыздың санасын уламаса екен деймін. Өсіп келе жатқан жас буынды дұрыс бағытта тәрбиелеуді қолға алуымыз қажет. Ол үшін өскелең ұрпағымыз, жастарымыздың уақытын дұрыс жоспарлап, ұлттық өнер мен спорт түрлеріне баулу қажет. Жастарды спортқа баулу мақсатында 2024 жылы 5 елді мекенде, атап айтқанда, Атамекен ауылдық округіне қарасты Жемісті елді мекенінен, Абай ауылдық округінің Халықтар Достығы елді мекенінен, Ж.Ералиев ауылдық округіндегі Абай елді мекенінен, Мақталы ауылдық округі аумағындағы Дархан елді мекенінен және Жылы су ауылдық округіне қарайтын Сейфуллин елді мекенінен спорт және воркаут алаңшаларын салу үшін қаржы бөлінді. Одан бөлек, биыл Жетісай қаласындағы орталық саябақ күрделі жөндеуден өтіп, саябақ ішінен Б.Саттарханов атындағы спорт кешені пайдалануға берілді.
Қалай болғанда да соңымыздан еріп келе жатқан жас буынның болашағы, денсаулығы үшін бюджет мүмкіндіктерін ескере отырып, біршама жұмыстар атқарылуда.
– Уақыт бөліп, әңгімелескеніңіз үшін көп-көп рахмет! Еңбектеріңіз жемісті болсын!
Сұхбаттасқан Баян Дарғожина,
«Оңтүстік Қазақстан».