Сәкен мен Мұхаммедсабыр ел үмітін ақтаса игі
Париж Олимпиадасында бокс бәсекесі қызып тұр. Өкінішке қарай, команда капитаны Асланбек Шымбергеновтің ізін ала вице-капитан Қамшыбек Қоңқабаев та жарыс жолынан шығып қалды. Мұның бәрі аз болғандай бет қатталып жатқанда жанкүйерлер ерекше үміт күткен Махмұд Сабырхан да испаниялық қарсыласынан сүрінді. Жанкүйерлердің кеудесінде Токио Олимпиадасындағы сәтсіздік тағы да қайталанар ма екен деген күдік басым. Дәтке қуат болатыны ұлттық құрама сапында ел намысын қорғап жүрген қос түркістандық боксшы әзірге жақсы келе жатыр. Мұхаммедсабыр Базарбайұлы мен Сәкен Бибосынов ширек финалға шықты.
Мұхаммедсабыр Базарбайұлы Париж төріндегі екінші кездесуінде Азиаданың күміс жүлдегері, тайпейлік Лай Чу Енді 3:2 есебімен жеңді. Жекпе-жекте біздің боксшы толық басымдық танытты. Енді Мұхаммедсабыр ширек финалда грузиялық былғары қолғап шебері Лаша Гурулимен жұдырықтасады. Бұл жекпе-жек бүгін түнде өтеді.
Бокстан тағы бір үмітіміз, 51 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Сәкен Бибосынов алғашқы жекпе-жегінде түркиялық Саммет Гюмюшке еш мүмкіндік қалдырған жоқ. Айта кетейік, Гюмюш биыл ғана Еуропа чемпионы атанған-тын. Сәкен үш раунд бойы басымдықты уысынан шығарған жоқ. Сәкен осы жекпе-жекте қарсыластың осал тұсын дәл табу, джеб соққысымен ұпай жинау, қарымта шабуылдау секілді әдіс-тәсілдердің классикалық үлгісін көрсетті. Тіл-көзіміз тасқа, біздің Сәкен Еуропа чемпионына қалай жұдырықтасу керектігін үйретіп кетті. Бұл жекпе-жекті Түркістан тұрғындары амфитеатрда тікелей эфирде тамашалады. Жерлесімізді қолдауға келгендердің арасында облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараев болды.
Енді Сәкенді қиын сынақ күтіп тұр. Сәкен ширек финалда Өзбекстан боксшысы, Олимпиада, әлем чемпионы, Азия Ойындарының жеңімпазы Хасанбай Дусматовпен жұдырық түйістіреді. Осыған дейін қос боксшы 3 рет кездесіп, Дусматов екі рет, Сәкен бір рет жеңген болатын. Енді Сәкенге есе қайтаратын кез келді.
Е.ҚОЖАХМЕТҰЛЫ.