«Білім көрсеткіштері бойынша республикада алдыңғы қатардамыз»

Кентау қаласының білім саласы бойынша көрсеткіштері қашан да көз қуантады. Кентаулық оқушылардың республикалық, халықаралық пәндік олимпиадалардан жүлделі оралып жүргенін жиі естиміз. Кентаудағы орта мектептер де еліміздегі үздік 100 мектептің қатарынан түскен емес. Біз таяуда Кентау қалалық білім бөлімінің басшысы Әділ Әуелбековпен арнайы барып сұхбаттасқан едік.

– Әділ Рысбайұлы, әңгімемізді моноқаладағы қазіргі білім саласының жай-күйінен бастасақ...
– Қалада білім бөліміне қарасты 28 мектеп, 32 балабақша, 3 мектептен тыс мекеме бар. Сол 28 мектепте (оның бесеуі жекеменшік) 20 мыңнан аса бала білім алады. Үш ауысымды немесе апатты жағдайда тұрған мектептер жоқ. Десе де, бала саны артық білім ұялары бар. Алайда, олардың проблемасы жақында шешіледі. Қала аумағында 1200 орынды екі «жайлы мектептің» құрылысы басталған. Бұл мектептер келер жылы пайдалануға беріледі. 
– Кентау қаласы тұрғындары үшін кешегі  қыс ауыр болды. Шаһарда жылыту маусымы кезінде проблемалар үстін-үстін пайда болды. Бұл қиындықты білім мекемелері қалай еңсерді?
– Қаладағы 40 білім нысанының 26-сы орталықтандырылған жылу жүйесімен, 14-і автономды жүйемен жылытылады. Сұйық отынмен жылытылатын 6 мектепке жеткілікті мөлшерде сұйық отын жеткізілді. Ол үшін мемлекеттік бюджеттен 90 млн. теңге бөлінген. Одан бөлек 5 мектеп қатты отынмен жылытылады. Оларға 1 169 тонна қатты отын жеткізу үшін 14 млн. теңге бөлінген болатын. Осының барлығы уақытында жеткізілгендіктен, білім ұялары қыста қиналған жоқ.
Осы орайда шаһардағы жылыту саласындағы проблема тағы қайталана қалған жағдайда дайын отыру үшін бірқатар шараларды қолға алдық. Атап айтар болсақ, 13 мектеп пен 9 балабақшаның жылыту қазандықтарын қатты отыннан табиғи газға ауыстыру жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда Д.Қонаев атындағы орта мектеп пен Ә.Молдағұлова атындағы №19 орта мектеп табиғи отынға қосылды. Қалған білім ұяларының ішінде 7 мектеп пен 7 балабақшаға тиісті қаржысы бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қысқа дайындық жұмыстары басталып кеткен. Мекемелердің жылу жүйелерін қысыммен үрлеуге және жуып-шаюға бюджеттен 4 млн. теңге бөлінді. Бүгінге дейін қаламыздағы барлық білім нысандарында жылыту жүйелері жуып-шайылып, тексерістен өтті.
– Сөзіңіз аузыңызда, шаһардағы бірнеше мектеп қатты отынмен жылытылады деп қалдыңыз. Демек, бұл білім ұялары ескі ғимаратта орналасқан. Оларды жаңарту, жөндеуден өткізу мәселелері қалай шешілуде?
– Дұрыс айтасыз, қаламызда пайдалануға берілгеніне 100 жылға жуықтаған мектеп ғимараттары бар. Атап айтсақ, 1927-2011 жылдар аралығында салынған 4 мектептің ғимараты күрделі жөндеуді, 10 мектеп ағымдағы жөндеуді қажет етеді. Б.Момышұлы атындағы №12 орта мектептің жөндеу жұмыстарына 10 млн. 700 мың теңге бөлініп, мектептің шатыры, әжетханасы мен жылу жүйелері жаңарды. Сонымен қатар, былтыр №24 мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 353 млн. 609 мың теңге бөлініп, жұмыстар толық аяқталды.
Мектепке дейінгі мекемелердің арасында табиғи апаттан зардап шеккен, апатты жағдайда тұрған «Жұлдыз» балабақшасы бар. Қазіргі таңда оған күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 10 млн. 300 мың теңге бөлінген. Мердігер анықталса, жұмыс басталады. 
Сонымен қатар шаһардағы білім ұяларының сырттағы әжетханалары жойылды. Атап айтсақ, қаламыздағы 25 мектептің әжетханасы ғимараттың ішіне кіргізілді. 
– Білім мекемелерінен білім сапасын сұрамас бұрын, оларды керек-жарақтарымен, қауіпсіздік жүйелерімен қамтамасыз ету керек, солай емес пе?
– Иә, шаһардағы білім мекемелерінің қауіпсіздігі бірінші назарда. Қаламыздағы мектептерде 269 бейнебақылау жүйесі орналастырылған. Мұның барлығы 2021 жылға дейін орнатылған. Былтыр қосымша 25 бейнебақылау камерасы орнатылды. Мектептер түгелдей цифрлық бейнебақылауға қосылған. Ал, 14 мектепке арнайы турникет қойылған. Сонымен қатар, 7 мектептің қоршаулары жаңартылды. Тағы жеті мектептің қоршаулары биыл жаңарады.
Қаладағы барлық мектепке дабыл батырмалары орнатылып, ол облыстық полиция департаментіне қосылған. Сонымен қатар барлық мектепте арнайы күзет жасағы жұмыс істейді. Оқушылар жүретін көшелер де толығымен жарықтандырылған.
Шаһардағы 23 мектептің бәрі де кеңжолақты интернет желісіне қосылған. Оның ішінде оптика-талшықты интернетке 17 мектеп, сымды интернетке 6 мектеп қосылған. Ал, Ащысай ауылындағы екі мектеп спутниктік интернетке жалғанған.
– Енді әңгімемізді білім сапасына қарай ойыстырсақ...
– Өткен оқу жылында Кентау қаласы мектептерінің үлгерімі 100 пайызды құраса, білім сапасы 57,3 пайызға жетті. Бұл көрсеткіш – алдыңғы оқу жылымен салыстырғанда анағұрлым жоғары көрсеткіш. Кентаулық оқушы Айдос Қожанов облыс бойынша ҰБТ-дан ең жоғары 138 балл иеленді. Мектеп бітіруші түлектердің арасында 45 оқушы «Алтын белгі», 30 оқушы «Үздік аттестат» иегері атанды.
Б.Момышұлы атындағы №12 мектеп еліміздегі тірек мектептердің қатарына кірді. Республика бойынша бұл тізімге 69 мектеп кірген. 
Оқушыларымыз да пәндік олимпиадалардан жүлделі орын алып, абыройымызды асқақтатып жүр. Атап айтсақ, өткен оқу жылында 43 оқушы облыстық пән олимпиадаларына қатысып, 37-сі жүлдегер атанған. Олардың арасында 3 оқушы республикалық пәндік олимпиадада үздік шықты. Өткен оқу жылында елімізде алғаш рет ауыл мектептері арасында пәндік олимпиада өтті. Оған Кентау қаласына қарасты ауылдарда білім алатын 231 оқушы қатысып, 9 оқушы жүлделі орындарға ие болды. 
Кентау қаласы білім көрсеткіштері бойынша облыс қана емес, республика бойынша да алдыңғы қатардан көрініп келеді. Бұл – қашаннан бері қалыптасқан дәстүр. Біз де осы дәстүрден жаңылыспай, алдыңғы буын ағалардың салған ізімен келеміз. Міндетіміз айқын – әрдайым алдыңғы қатардан көріну.
– Әңгімеңізге рахмет! Істеріңізге толағай табыс тілейміз!

Сұхбаттасқан Ерболат АЙНАБЕКОВ,
«Оңтүстік Қазақстан».
Пікір қалдырыңыз