Келіссөзден – нақты іске!

Облыс әкімі Дархан Сатыбалды шетелдік инвестормен кездесті. Кездесуде екіжақты әріптестікті нығайту, жиһаз өндірісін дамыту, бірлескен кәсіпорын ашу жөнінде келіссөз жүргізілді.
– Түркі әлемінің астанасы – Түркістан қаласына қош келдіңіздер! Сіздерді біздің облыста көргеніме шын жүректен қуаныштымын! Өздеріңізге белгілі, биыл 6-13 шілде аралығында Қытай Халық Республикасына іссапармен барған болатынбыз. Іссапар аясында 3 провинция губернаторымен кездесіп, екі ел арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынасты нығайту мәселесі талқыланып, меморандумдарға қол қойылды. Міне, сол келіссөздер бүгінде нақты іске ұласып отыр. Өңірімізде жиһаз кластері дамып келе жатыр. Өңірде жиһаз өнеркәсібінде 100-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың ішіндегі ең ірілері өнімдерді Ресейге, Қырғызстанға, Өзбекстанға және Тәжікстанға экспорттайды. Сіздерді бірлескен жобаны жүзеге асыру үшін арнайы шақырып отырмыз. Жаңа кәсіпорын ашуға қолдау көрсетіледі. Біздің мақсатымыз – жұмыс орындарын ашу, отандық өндірісті дамыту, елімізді өз өнімдерімізбен қамтамасыз ету, – деді Дархан Амангелдіұлы.
Инвестор Түркістан облысының жиһаз шығару саласындағы әлеуетімен танысқанын айта келе, қысқа мерзімде жобаны жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді.
«АҚНИЕТ HOLDING» ЖШС-нің директоры Омар Бақтыкерей инвестормен келісім жасалғанын, жоба жан-жақты талқыланғанын айтты. Алдағы уақытта өңірде ірі жиһаз зауыты пайдалануға беріліп, 200 жұмыс орны ашылмақ. Түркістан облысында өндірілген жиһаздар Қазақстанға ғана емес, шетелдерге де экспортталуы мүмкін.
Пікір қалдырыңыз