Біз сендерге сенеміз!

(Кеше Парижде ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындары өз жалауын көтерді)

Елдің атын ер шығарар деседі,
Ерлікпенен ел мерейі еселі.
Тілегім сол – жаңғыртыңдар, жалғаңдар,
Саттарханов салған жолды кешегі.

Қандай бақыт ел үмітін ақтаған,
Кілең саңлақ – сіздерменен мақтанам!
Ұлансыңдар көтеретін көк туды,
Қырансыңдар қазақ елі баптаған!

Бағың жансың, барыңды сал, тартынба,
Қоржынымыз толсын қымбат алтынға.
Жанашыр боп, тілеуіңді тілейтін,
20 миллион халқың тұр ғой артыңда.

Серік болсын ақыл, айла, еңбегің,
Ел намысы болсын дәйім сенгенің.
Бар қазақтың жеңісі деп білеміз,
Қарсыласты бет қаратпай жеңгенің.

Таңқалдырып Олимпиада ордасын,
Қырандарым қанаттарың талмасын.
Шыңғыс қаған, Алпамыстың әруағы,
Рух беріп, баршаңызды қолдасын!

Бауыржан ОҢҒАРБАЕВ,
«Алпамыс батыр» және «Көк Түріктер қағанаты» республикалық қоғамдық қорының төрағасы.
Пікір қалдырыңыз