Жақсы сөз – жанға дәру

Ата-бабаларымыздың ұрпағына мұра еткен қасиеттерінің ең бір қастерлісі – жақсы сөз. Әкенің батасы мен ананың әлдиіне арқау болған батиқалы сөздерді жаңғыртпасақ, мына жаңа заман жастарының сөздік қоры көз алдымызда суалып барады. Баласын еркелеткен келіндер «жаным, күнім, айымнан» асырып ешнәрсе айта алмайды. Оны айтасыз, бала тұрмақ, байын да «жан» деп шақыратындар пайда болған.
Бұрынғы әже-апаларымыз ұрысса да ұртынан жақсы сөз шығатын. «Құдай тілеуіңді бергір, көсегең көгергір, көбейгір, етегің құрғамағыр, жетегіңе жұрт ергір, босағаң берік болғыр, қораң қойға, шараң майға толғыр, еңбегің рәтті болғыр, қоржының босамағыр, қанжығаң майланғыр, шырағың шамдай жарқырағыр, жолың болғыр, молда бол» дейтін сөздерді сіздер де естіп өскен боларсыздар. Тіпті, «қараң қалғыр» деген сөздің мағынасының өзі артыңда қарайып ұрпағың көп болсын деген батасы екен ғой әжелеріміздің.
Осындай өнегелі сөздер ұмытылып, есесіне түсініксіз сөз тіркестері пайда болды. Кейінгі жастардың жұғымсыз сөздерді көп айтуына, түсініксіз сөздердің тез таралуына әлеуметтік желінің ерекше әсер ететінін ел біледі. «Мына бала телефонға жатып апты, осы пәленше қуады, қуасың ба, қудың ғой, қумаш, шәймаш, тема екен» дейтін сөзсымақтар қолданысқа қалай енді, қайдан келді? Баланың бал тіліне бұндай былапыт сөздер қалай араласты? Сауал көп, жауап жоқ.
Алғыстың алды, рахмет айтудың риясызы сөз екенін ұмытпасақ екен.

Ақмарал ЛЕУБАЕВА,
әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының ғылыми қызметкері,
ақын, сазгер.
Пікір қалдырыңыз