Кеселді кісі
Сабырбек ОЛЖАБАЙ, «Оңтүстік Қазақстан».
Данышпан Абай өз заманында «Кеселді кісі ер келетұғыны несі? Кедей кісінің кер келетұғыны несі?» деп халыққа сауал тастап, оның жауабын кейбіреулердің кертартпалықтарынан іздеді. Иә, баяғы қазақ сол қазақ. Абай айтқан, мінеген, бойға сіңген мінездерімізден әлі де арыла алмай келеміз.Қоғамдық құрылыстардың даму сатыларына қарай адамдардың да мінез-құлықтық, сапалық жағынан өзгеріп отыруы заңды құбылыс. Ноосфера (ақыл-ой сферасы) ілімі бойынша да тұлғаның қалыптасуына сол уақыттағы әлеуметтік-мәдени үдерістердің әсері мол. Демек, адамды оның өмір сүрген уақыты мен қоршаған әлеуметтік ортасынан ажыратып қарауға болмайды. Осы тұрғыдан қарастырғанда, бүгінгі қазақ келбеті капиталистік, нарықтық, ақпараттық қоғамның сұранысына қарай ортағасырлық қазақтарға қарағанда анағұрлым өзгерген. Құндылықтар жүйесі өзгергендіктен, мінез-құлықта да өзгерістер көп.
Сіз мына кеңістікті айна деп алып, айналаңыздағы адамдарға сырт көзбен бір сәт үңіліп көріңізші. Бүгінгілер болмашы нәрсеге ит көрген мысықтай баж ете қалады. Әлдене деп көріңізші дыз ете түседі. Тіпті, әзіл сөзді де көтере алмайтын, бетіне қарасаңыз, ер-тоқымын бауырына алып тулайтын ашушаң, әлденені қырып-жоюға дайын тұратын «ержүректер» тым көбейіп бара жатқандай. Тіпті, осы «аурудың» асқынғаны соншалық, туысқа да жақын барып жағдай айта алмайтын жасқаншақ күйге түстік.
Ұлы Абайдың кешегі айтқан «өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ» дойыр мінезі әлі қалмаған. Қалмаған дейміз-ау, мұны бүгінгілер «бес асыл іс» қатарына қосып алды. Бір ғана мысал. Қонақүйлерде, ойынханаларда, мейрамханаларда өзінің бай-қуатты екенін сөзбен дәлелдегісі келген мақтаншақтың миллион теңгені бекерден бекер шаша салуы қазір соншалықты ерсі көрінбейтін болды. Ал, осы даңғойға «бір кедейге үй салып беріңізші» деп көріңізші, не дер екен?
Тағы бір кеселді мінезіміз мансапқорлық, арзан атақ-абыройға ұмтылу. Ата-аналар балаларын оқуға халыққа, мемлекетке қызмет етсін деп түсірмейді. Керісінше, шен-шекпен алсын деп оқытады. Бұдан биіктеп кеткен балалар да аз. Тірегі, қолдаушысы бар талапкерлердің айы оңынан туып тұрғанын қанша бүркемелесек те жасыра алмаймыз.
Ұлттық құндылықтарды, қазақы қалпымызды қалыпқа келтіруде кетіп жатқан қателіктеріміз де жетіп артылады. Бүгінде комформды тұлғалардың (кез келген уақытта өзіне тиімді жағдайларға тез бейімделетін адамдар) іс-әрекеттері мен мінез-құлықтарындағы ақылға сыймайтын кемшіліктері мен келеңсіздіктерін қалыпты жағдай ретінде қабылдауға бейімделіп барамыз. Туысқандық, жекжаттық қатынастар байырғы құндылықтарын жойып, оның орнына мансабына, дәулетіне, одан қала берді әсер ету қабілетіне қарай адамдарды бағалайтын болдық. Ал, бұл адам бойындағы түрлі асыл қасиеттерді іштей жегідей жеп тауыса бастады.
Қайтсек бір-бірімізге бауырмал, қамқор, иманды қалпымызға түсеміз? Қоғамымызда жемқор, парақор, өзімшіл, өтірікші, өсекші, мақтаншақ сияқты кеселді де кесірлі кісілердің көбейіңкіреп бара жатқандығының сыры неде? Олардан қалай арыламыз?
Мұның емі – бойымыздағы лап ете қалатын ашу-ызаны тиып, нәпсімізді жеңу арқылы қазақы тәрбиенің түп-тамырына қайта оралу болса керек. Иә, рухани тұрғыдағы кеселді кісілер кемімей, мемлекетіміз өркендемейді.