«Біз Сіздерге зор үміт артамыз!»
Президент жазға Олимпиада қарсаңында ұлттық құрама спортшыларымен кездесті
Қасым-Жомарт Тоқаев Париж Олимпиадасының қарсаңында ұлттық құрама спортшыларымен кездесті. Онда Мемлекет басшысы Парижде басталатын дүбірлі доданы бүкіл әлем асыға күтетінін әрі оған төрткүл дүние түгел көз тігіп отырғанын айтты. Сонымен қатар үздіктердің үздігі бақ сынайтын байрақты бәсекеге ең мықты спортшыларымыз бара жатқанын атап өтіп, ел намысын қорғау абыройлы міндет екеніне тоқталды.– Біз сіздерге зор үміт артамыз. Бүкіл халқымыз – сіздерге жанкүйер. Жалпы, қазақ спорты мектебінің мәртебесі қашанда биік. Спортшыларымыз әрдайым елге жүлдемен оралып жүр. Осы даңқты жолды абыроймен жалғайсыздар деп сенемін. Шын мәнінде, сіздердің жеңістеріңіз тұтас Қазақстанның жеңісі болмақ. Көк туымыз желбіресе, ұлтымыздың рухы асқақтайды, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев ел намысын абыроймен қорғауда спортшыларға жауапты миссия жүктелгенін айтып, оларға сәттілік тіледі. Содан соң, Президент мемлекеттік туды ұлттық құраманың капитаны Асланбек Шымбергеновке табыстады.
Айта кетейік, біздің спортшылар Париж Олимпиадасында спорттың 25 түрі бойынша бақ сынайды. Ұлттық құраманың еншісінде 80 жолдама бар.
Ел құрамасы сапында өнер көрсетіп жатқан түркістандық спортшылардың еншісінде әзірге 7 жолдама бар. Оның ішінде 5 спортшы Олимпиада ойындарына қатысса, 2 спортшы Паралимпиада ойындарында ел намысын қорғамақ. Әлем чемпионы, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, 51 келіде жұдырықтасатын талантты боксшы Сәкен Бибосынов пен 63,5 келіде күш сынайтын Мұхаммедсабыр Базарбайұлы, бадмитоншы Дмитрий Панарин, байдарка есуші Бекарыс Раматулла, академиялық ескек есуден Владислав Яковлевтер Олимпиада жолдамасын иеленген болатын. Сонымен қатар, Паралимпиада ойындарында байдаркашы Бейбарыс Сыпатай және академиялық ескек есуден Жаңыл Балтабаева ел намысын қорғайды.