Егінге орақ түсті!

Түркістан облысында биыл 873 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Оның 497 мың гектарын жаздық дақылдар, 202 мың гектарын күздік дақылдар, 175 мың гектарын ескі жоңышқа құрайды.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды Қазығұрт ауданындағы «Қазығұрт Агро» ЖШС-нің егіс алқабын аралап, бидай орағы барысын көрді, шаруалармен, сала басшыларымен пікір алмасты.
Егіс басында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов пен Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаиловтың есептері тыңдалды. «Қазығұрт Агро» ЖШС-нің басшысы Ержан Көбеевтің айтуынша, 483 гектар алқаптың 350 гектарына бидай, қалғанына өзге дақылдар егілген, 4 адам тұрақты жұмыспен, 10 адам маусымдық жұмыспен қамтылған.
Облыс әкімі су үнемдеу технологияларын енгізу, жаңа тәсілдерді қолдану, егістікті әртараптандыру, жұмысты жүйелеу, ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау мәселелері бойынша жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берді.
Түркістан облысында көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 29,7 мың тонна жеңілдетілген жанар-жағармай, 88,3 мың тонна тыңайтқыш құнын субсидиялауға облыстық бюджеттен 7 млрд. теңге бөлінді.
Облыстың климаттық ерекшелігіне орай, республикада алғашқы болып 282 мың гектарға егілген астыққа орақ түсті. Бүгінгі күнге жоспарланған егіс көлемінің 39 мың гектары орылып, 80 мың тонна астық қамбаға құйылды.
Айта кетейік, биыл 3,1 млн. тонна көкөніс, бақша, картоп өнімдері жиналады деп күтілуде. Бүгінгі күнге 740 мың тонна өнім жиналды. Атап айтқанда, 418 мың тонна көкөніс, 113 мың тонна бақша өнімдері, 206 мың тонна картоп және 3 мың тонна жеміс-жидек жиналып алынды.
Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Түркістан облысына 2030 жылға қарай су үнемдеу технологияларын 216,3 мың гектарға енгізу жоспарланған. Биыл жаңадан 22 мың гектарға су үнемдеу технологиялары қойылады. Су үнемдеу технологияларының қолжетімділігін арттыру бағытында облыста 2 кәсіпорын іске қосылды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Пікір қалдырыңыз