Шығыста туып, Оңтүстікті өркендеткен

Түркістан облысының қоғамдық-саяси тарихы архивінің №169 қорында ғылым, техника, мәдениет салаларында еңбек еткен қоғам қайраткерлерінің өмір деректері сақталған. Сол қорда Кентау қаласының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің, «Ерен еңбегі үшін» медалінің, «Халық ағарту ісінің үздігі» төсбелгісінің иегері Әуесхан Жақышев атамыздың өмір жолы хатталған. Енді сол құжаттардан қысқаша деректер беруді жөн көрдік. Мақсатымыз – мұрағат қорында сақталған, жарыққа шығарып, елге ұсынып отыру.

1929  жылы Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданы, Егінсу ауылдық Кеңесіне қарасты, Тапсыз қоғам ұжымшарында дүниеге келген Әуесхан Жақышев Мәскеу қаласындағы М.И. Калинин атындағы Түсті металлургия және алтын институтының металлургия факультетіне оқуға түсіп, «инженер-металлург» мамандығын алып шығады. Шығыс Қазақстан облысына өндірістік жолдамамен келіп, Зырян қорғасын комбинатындағы үлкен байыту фабрикасына шебер (мастер) болып орналасады. 1954 жылы мамандығы бойынша Германия Демократиялық Республикасына қызметке жіберіледі. «Висмут» Герман–Кеңес бірлескен акционерлік қоғамының 101-объектісінің уран байыту фабрикасында ауысым инженері, цех бастығы қызметтерін атқарған. 1957 жылы елге оралып, түрлі салаларда қызмет етеді.
Архив деректерінде көрсетілгендей, 1961 жылы 14 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитеті өнеркәсіп және көлік бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалады. 1963 жылдың 7 қаңтарында ауыл шаруашылығы құрылысы бөлімінің меңгерушісі қызметіне ауыстырылады.
Оңтүстік Қазақстан өлкелік комитетінің 1963 жылғы 26 қыркүйектегі ұсынысына сәйкес, Кентау қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланған.
1966 жылы  Шымкент облыстық партия комитетіне қызметке ауысады. 1975 жылдың сәуір айында Шымкент облыстық Кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалады.
1981 жылы желтоқсан айында халық депутаттары облыстық Кеңесінің VIII сессиясы шешіміне сәйкес облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары және облыстық жоспарлау комиссиясының төрағасы болып бекітілген.
1982 жылы шілдеде Шымкент облыстық жергілікті өнеркәсіп басқармасының бастығы болып тағайындалған.
1988 жылы қыркүйекте өзінің өтініші бойынша облыстық жергілікті өнеркәсіп басқармасы бас директорының коммерциялық жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметіне ауыстырылған.
1989 жылы 60 жасқа толып одақтық дәрежедегі дербес зейнеткерлікке шыққан. Кеңес Одағы ыдырап, Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялаған соң республикалық дәрежедегі дербес зейнеткері атанған.
1989-1992 жылдары Шымкент мамандандырылған ауыл шаруашылығы кұрылыс-монтаж тресінде бас технолог, кадрлар даярлау инспекторы қызметтерін атқарған.
1993 жылы  ҚР бейбітшілік қоры қоғамының («ҚР бейбітшілік және келісім кеңесі» акционерлік қоғамы) ОҚО бөлімшесі төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалған. 2002 жылдан аталған бөлімше төрағасы қызметін атқарды.
Ә. Жақышевтің еселі еңбегі бағаланып «Еңбек Қызыл Ту», үш рет «Құрмет белгісі» ордендерімен және алты рет әртүрлі медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Кентау қаласының құрметті азаматы, еңбек ардагері, тыл ардагері, республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер Әуесхан Жақышевтің шығыста шыңдалып, оңтүстікте белсенділігімен танылған зор еңбегі ескерусіз қалмақ емес.

Х.САПАШЕВА,
Түркістан облыстық  қоғамдық-саяси тарихы мемлекеттік архивінің археографы.

Пікір қалдырыңыз