Күштілердің түбіне жалғыз қателік жетуі мүмкін

Ерболат АЙНАБЕКОВ,

«Оңтүстік Қазақстан».


Футболдан Еуропа чемпионатының тең жартысы артта қалды. Додаға қосылған 24 құраманың сегізі елдеріне қайтты. Еуропа чемпионы атағына қалған 16 команда таласып көрмек. Топтық турнирде қандай оқиғалар тіркелді? Қай құрама таң қалдырды, қай құрама үмітті ақтамады? Плей-офф бәсекелерінде кімнің мүмкіндігі қандай? Бүгін осы сұрақтарға жауап іздеп көрмекпіз.

«А» тобынаy плей-оффқа алаң иелері Германия мен азулы Швейцария құрамасының шыққаны ешкімді таң қалдырған жоқ. Бұл топта үшінші орын алған Венгрия құрамасының соңғы сәтке дейін үміті сөнген жоқ. Мадиярлар «Ғ» тобындағы ойындар біткенше жүктерін жинамай отырды. Бірақ, олардың тағдырын соңғы топтағы ойындар шешіп кетті.

Біз көп үміт артқан құрамалардың бірі осы Венгрия еді. Украина құрамасы да біразға шабады деп болжағанбыз. Алайда, украиналықтар топтық турнирде 4 ұпай жинағанына қарамастан өз квартетінде төртінші орын алды. Бұл топтағы Бельгия, Румыния, Словакия құрамалары да 4 ұпайдан иеленді. Украина құрамасының тағдырын  бірінші турдағы ірі жеңілісі  шешіп кетті. Дұшпаныңа тілемейтін сәтсіздік!

Сенсация жасауы мүмкін құрамалардың қатарында Австрияны айтқанбыз. Айтқанымыздай, Ральф Рангник шәкірттері Франция мен Нидерланд құрамаларын артқа тастап, өз тобында бірінші орын иеленді. Топтық кезеңде екі ғана гол салған Франция құрамасы да плей-офф жолдамасына ие болды. Екі гол салып 1/8 финалдан табылған жалғыз Франция емес. Ағылшындар да гол салып, қарық қылмады. Десе де, өз тобында бірінші орын алып, 1/8 финалдың төрінен табылды.

Турнирдің ең басты сенсациясын Грузия құрамасы жасады. Олар түріктерге есе жіберіп, екінші турда чехтардан бір ұпай олжалаған. Соңғы турда алаңға екінші құраммен шыққан Португалияны 2:0 есебімен жеңіп, плей-оффтың есігін теуіп ашты. Еуропа чемпионатына алғаш рет қатысып отырған Грузия ойыншыларының бойында ешқандай қорқыныш болмайтынын айтқанбыз. Олар топтық кездесудегі 3 ойынында жеңілсе де, Грузияның қаһармандары атанып қала беретін еді. Осы фактор олардың желпініп ойнауына әсер етті. Нәтижесін көріп отырсыздар.

Грузия футболы несімен ерекшеленеді? Қақпашы Георги Мамардашвили бекерден-бекер Испания чемпионатында жүрмегенін дәлелдеп берді. Чехияға қарсы ойында қақпасына бағытталған 10 соққының 9-ын тосып алып, осы турнирдегі сейвтер бойынша рекорд орнатты. Футбол сарапшылары Мамардашвилидің ойыны осыдан 10 жыл бұрынғы Мануэль Нойердің ойынына ұқсайды дейді. Франциялық грузин Жорж Микаутадзе өз құрамасының ғана емес, әзірге осы Еуропа чемпионатының үздік сұрмергені болып тұр. Франция чемпионатында «Мец» клубын жалғыз өзі өрге сүйреген Микаутадзе ұлттық құрамасын да біраз жерге апарсам дейді. Грузияның басты жұлдызы Хвича Кварцхелия да бұл команданың плей-оффқа шығуына бір кісідей еңбек сіңірді. «Наполидің» шабуылшысы осы жазда франциялық «ПСЖ» қатарына қосылуы мүмкін.

Грузия құрамасының Португалияны жеңіп кетуі де өзіндік рекорд. ФИФА рейтингісінде 74-орында тұрған команда 6-орындағы команданы жеңіп кетті. Еуропа чемпионаты тарихында бұрын-соңды мұндай нәтиже тіркелмеген. 2004 жылы Грекия (35-орын) Францияны (2-орын) тізе бүктіріп, рекордты жаңартқан. Осы Еурода Словакия (48-орын) құрамасы Бельгияны (3-орын) жеңіп, 20 жыл міз бақпай тұрған рекордтың мұртын бұзған. Алайда, словакиялықтардың рекордының ғұмыры ұзақ болмады. Португалиялықтарды жерге қаратқан Грузия құрамасы – жаңа рекорд иесі.

Еуропа чемпионатының форматы талай рет өзгерді. Мысалы, 1960 жылы жеңіске КСРО құрамасы жеткен Еуропа чемпионатына төрт-ақ команда қатысқан. Командалар турнирді жартылай финалдан бастайтын болған. Ал, алғашқы үш Еуропа чемпионатында пенальти сериясы деген болмаған. Командалар тең түскен жағдайда жеңімпаз тиын лақтыру арқылы анықталатын болған.

1980 жылдан бастап Еуропа чемпионатына – 8, 1996 жылдан бастап – 16, 2016 жылдан бастап 24 команда қатысатын болды. Қазіргі формат топтық турнирдегі фавориттердің ала-құла ойнауына алып келді. 2016 жылы Португалия құрамасының өз тобынан үшінші орын алып, чемпион атанып кеткені бәріміздің есімізде. Өткен Еуропа чемпионатында Дания құрамасының бір-ақ ойында жеңіп, жартылай финалдан бір-ақ шыққаны да ұмытылған жоқ. Сол додада Швейцария құрамасының өз тобында үшінші орын алып, 1/8 финалда сол кездегі әлем чемпиондары – Францияны үйлеріне қайтарғанын  да ұмытқан жоқпыз.

Сонымен, бүгін плей-офф бәсекелері басталады. 

Әзірге бір анығы, ендігі жерде ешкімге қателесуге болмайды. Жалғыз қате тағдырыңды сол сәтте шешеді. Мәселен, Испания құрамасы Грузиядан оңай өтуі керек. Бірақ, Вилли Саньол шәкірттері қарсыластың сәл босаңсыған сәтін пайдаланып, оңдырмай омақастырып кетуі де мүмкін.

Германия құрамасы топтық турнирден оңай өткенімен, плей-оффтың алғашқы кезеңінде қиналып қалуы мүмкін. Оларға  Дания құрамасы тап болды. Осыдан 3 жыл бұрынғы Еуропа чемпионатында финалдық бәсекенің босағасынан қайтқан Дания құрамасы немістерді әжептәуір терлетеді-ау.

Португалия–Словения жұбында да фаворит анық сияқты. Бірақ, словениялықтардың «еуропалық бразилиялықтарға» қарсы қаруы бар. Ол – тасқамал қақпашы Облак пен талантты шабуылшы Шешко. Фаворит құраманың ойыны жүрсе ширек финалға шығады, жүрмесе Лиссабонға қайтады.

Франция–Бельгия – орталықеуропалық дерби. Гризман мен Кевин де Брюйненің, Мбаппе мен Лукакудың текетіресінен футболсүйер қауым ләззат алатыны түсінікті. «Үш жолақты» елдің өкілдері бұл жұптың фавориттері екені даусыз. Алайда, бельгиялықтарда мұндай жауапты ойында матч тағдырын шешіп кететін тәжірибе жетеді. Ал, Дидье Дешам шәкірттері бұл Еуропа чемпионатында гол салудың ебін таппай жүр. Польша қақпасына соғылған гол пенальтиден кірсе, Австрия өз қақпаларына гол салып алды. Ал, Нидерланд құрамасы мен Франция 0:0 есебімен тең тарқасты.

Румыния–Нидерланд жұбында да бір фаворит бар. Бірақ, «қызғалдақты» елдің футболшылары әзірге керемет ойынымен танылған жоқ. Мүмкін осы шығысеуропалық құрамаға қарсы ойында екінші тыныстары ашылар.

Австрия–Түркия – 1/8 финалдағы құрамдары жағынан да, ойындары жағынан да дәрежесі тең қарсыластар. Ральф Рангниктен тәлім теретін авс­триялықтар Түркияны өздерінің ұйымшылдығы арқасында жеңуі мүмкін. Көпшілік Түркияны жартылай финалға жетуі мүмкін деп болжап отыр. Оған түріктердің деңгейі де, турнирлік себет те мүмкіндік беріп тұр.

Англия құрамасы Сербия мен Словениядан кейін тағы бір славян халқының құрамасына тап болды. Алғашқы турда Бельгияны жеңіп кеткен Словакия құрамасы ағылшындарды да тұманды Альбиондарына қайтарып жібергісі келеді.

Швейцария 1/8 финалда тағы бір титулды командаға тап болды. Швейцарияның өткен Еуропа чемпионатының 1/8 финалында сол кездегі әлем чемпиондары Франция құрамасын жолдан тайдырғанын айттық. Енді қазіргі Еуропа чемпиондары Италия құрамасын тақтан түсіргісі келеді. Швейцария Еуропа чемпионының алдында аутсайдер саналады. Бірақ, ол қағаз жүзінде ғана. Аппенин түбегінің халқы қазір қақпашы Доннарумаға көбірек үміт артады. Олар Лучано Спалеттиден үміттерін әлдеқашан үзіп қойған.

Еуропа чемпионатының плей-офф бәсекелері жаңа параққа жазылады. Германияның не Грузияның топтық турнирде қанша ұпай жинағаны, Англия мен Францияның гол сала алмай қиналғаны, бәрі-бәрі ұмытылады. Мұнда сыңар қателікке жол беруге болмайды. Жасаған бір қателігін Еуро-доданың келесі ойындарын үйде отырып тамашалауға әкеледі.

Пікір қалдырыңыз