Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жайы талқыланды

Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының отырысы өтті. Онда қоғамдық орындар мен көшелерде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі талқыланды. Кеңеске құқық қорғау органдарының басшылары, барлық аудан, қала әкімдері мен басқарма басшылары қатысты.
10 мыңнан астам адамға айыппұл салынды
Көпшілік орындарды, саябақтарды ластап, белгіленбеген орындарға қоқыс қалдырғандарға айыппұл салынады. Облыста жыл басынан бері қоғамдық орындарды ластаған 10 мыңнан астам адам жауапқа тартылған. Өңірде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін күн сайын полицияның 400-ден астам кешенді күші жұмылдырылады.
Қоғамдық тәртіпті сақтауға бейнекамералардың да көмегі көп. Сондықтан биыл тағы 450 бейнекамера орнату жоспарлануда. Бейнекамералардың көмегімен жыл басынан бері 100 қылмыс ашылыпты. Мысалы, кәмелетке толмағандар жасаған вандализм фактілері көбіне бейнекамера арқылы анықталады. Автобус аялдамасының әйнегін, көшедегі тренажер мен ойын автоматтарын сындырғандар осылай аз уақыт ішінде анықталып, оларға қатысты заңды шешім қабылданады.
Облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Бағланбек Айтбаевтың баяндауынша, өңірде жыл басынан бері қоғамдық орындар мен көшелерде 42 мың 427 әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 34%-ға артық. Көпшілік орындарды ластау фактісі бойынша жыл басынан бері 10 мың 614 жағдай анықталыпты. – Бұл да былтырғымен салыстырғанда 52,2%-ға артық, – дейді Б.Айтбаев.
Өткен жылы қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыруға зиян келтірген 3 мың 736 заң бұзушылық фактісі анықталған. Қабылданған шаралардың нәтижесінде биыл 5 айда қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар саны 43 пайызға төмендеді. Жалпы, қоғамдық орындар мен көшеде жасалған қылмыстардың саны бойынша Түркістан, Кентау қалалары мен Сарыағаш, Сайрам, Жетісай, Төлеби аудандары көш бастап тұр. Қылмыстардың басым бөлігі түнгі уақытта жарықпен қамтамасыз етілмеген орындарда жасалған.
Қазір елімізде «Құқықтық тәртіп» іс-шарасының үшінші кезеңі өтіп жатыр. Ол ай соңына дейін жалғасады. Жедел-профилактикалық іс-шара қоғамдық орындар мен көшелердегі қылмыстардың алдын алу, оның ішінде жасөспірімдер қолымен жасалатын және оларға қатысты құқық бұзушылықтардың жолын кесуге бағытталған.
Жол-көлік оқиғалары жиілеп барады
Облыста жол-көлік оқиғалары көбейген. Жыл басынан бері тіркелген жол-көлік оқиғалары өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 68%-ға өскен. Жол апаттары Арыс, Бәйдібек, Мақтаарал, Жетісай, Отырар аудандарында жиі тіркеледі екен.
Өңір басшысы қылмысты төмендету бойынша тиісті мемлекеттік органдармен бірлесе отырып нақты шаралар қабылдауды, осы бағыттағы жұмысты жалғастырып, қоғамдық қауіпсіздікті қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
Кеңесте, сондай-ақ полиция органдарының жұмысын күшейту, әсіресе, өсуі байқалатын қылмыстарға баса назар аудару, құқық бұзушылықтардың алдын алу мен қоғамдық тәртіпті қорғауда азаматтық қоғаммен өзара байланысты күшейту қажеттігі айтылды.
Бұдан кейін ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті Түркістан облысы бойынша департаменті бастығының міндетін атқарушы Мұхтар Мүсіровтің биылғы 5 айдың қорытындысы бойынша құқық бұзушылықтар, жол-көлік оқиғалары туралы баяндамасы тыңдалды.
Түркістан облысында қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 7%-ға азайған. Ауыр қылмыстар 15,3%-ға азайса, аса ауыр қылмыстар, керісінше, 9,6%-ға өскен. Ұрлық 38,4%-ға кеміген, тонау – 26,1%-ға, мал ұрлығы – 46,1%-ға, бұзақылық – 25,7%-ға, интернет алаяқтық 5,3%-ға төмендеген.
Ведомствоаралық комиссияның отырысында, сондай-ақ кедендік бақылау саласында атқарылып жатқан жұмыстар, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу профилактикасы және басқа да маңызды мәселелер қаралды. Мәжіліс барысында берілген тапсырмалар, айтылған сын-ескертпелер мен ұсыныстар хаттамаға енгізіліп, нәтижелі жұмыстарды атқару міндеті жүктелді.