Мергендеріміз медальмен оралды

Жуырда Қытай Халық Республикасында жамбы атудан әлем чемпионаты аяқталды. Бұл чемпионатқа әлемнің 11 елінен, атап айтқанда, Аустралия, Малайзия, Түркия, Қытай, Индонезия, Қатар, Қазақстан, Моңғолия, Тайпей, Макао, Пәкстан мемлекеттерінен 60-қа жуық спортшы қатысты. Қазақстанның намысын ұлттық құраманың 4 мүшесі, соның ішінде Түркістан облысының спортшылары – Айтбек Сарыбай мен Батыр Бексауыт қорғады. 

Төрт күнге созылған дүбірлі дода «Мажар», «Азия», «Император», «Саран» стильдері бойынша өтті. Жарыстың алғашқы күні спортшылар «Мажар» стилі бойынша сынға түсті. Бұл стильде Батыр Бексауыт үздік үштікке ілініп, қола жүлдегер атанды. «Император» стилі бойынша ұлттық құрама мүшесі Айтбек Сарыбай күміс жүлде иеленді. 
Соңғы жарыс күні «Саран» стилі бойынша өтті. Бұған дейін бұл стильде өнер көрсетпеген мергендеріміз абдырап қалмады. Атап айтқанда, Батыр Бексауыт басты қарсыласымыз саналған моңғол спортшыларының алдын орап, алтыннан алқа тақты. Осылайша Түркістан өңірінің өрендері 
1 алтын, 1 күміс, 1 қола медальмен жамбы атудан Әлем чемпионатынан олжалы оралды.

К.Мелдебек,
М.Әуезов атындағы ОҚУ-дың 2-курс студенті.
Пікір қалдырыңыз