Мемлекеттің басты миссиясы – әділеттілікті қамтамасыз ету

Айдар Құлжанов,
«Оңтүстік Қазақстан».
Қазақстан әрқашан өзін әлеуметтік бағдарлы мемлекет ретінде танытып келгені баршаға аян. Табысы төмен азаматтарды, ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар мен асыраушысынан айырылғандарды, көпбалалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жан-жақты қолдау – әр уақытта мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып келеді.
Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа Қазақстан мен әділетті қоғам орнату бағытындағы ауқымды реформаларының маңызды бағыттарының бірі – жаңа әлеуметтік саясат. Оның мақсаты – әрбір отбасының әл-ауқатын арттырып, тұрмыс сапасын жақсарту. Осы мақсатқа жету үшін мемлекет, бизнес және азаматтар арасында жаңа әлеуметтік келісімшарт жасау көзделіп отыр. Өткен жылы қабылданып, күшіне енген Әлеуметтік кодексте осы жұмыстар құқықтық, заңнамалық тұрғыда реттелген.
Жаңа Әлеуметтік кодекстегі ең үлкен жаңалықтың бірі – атаулы әлеуметтік көмекті тағайындаудың жаңа тәртібі мен ережесін айқындау. Ендігі жерде мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек кедейліктің салдарын жоюға ғана бағытталмай, ол, алдымен, әлеуметтік тәуекелдердің алдын алатын атаулы шара ретінде қарастырылуы тиіс. Мұндай парадигманы жүзеге асыру үшін ең алдымен АӘК-тің нағыз мұқтаж адамдарға бағытталуын қамтамасыз ету қажет. Осы орайда
Мемлекет басшысы биыл ақпанда өткен ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде халықты әлеуметтік қолдаудың құрылымы мен тетіктерін қайта қарауды, әлеуметтік көмектің тиімділігі мен атаулылығын арттыруды тапсырған болатын.
Жақында еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі атаулы әлеуметтік көмек көрсетуді трансформациялаудың құқықтық тетігін әзірлеу бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Атап айтқанда, қазір Еңбекмин өзге де мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, қазақстандықтардың негізгі шығындарын есепке алу және верификациялау тетігін пысықтап жатыр. Бұл шын мәнінде мұқтаж азаматтарды анықтауға және оларға мемлекет тарапынан жүйелі түрде қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.
Басқаша айтар болсақ, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау кезінде үміткер отбасының тек табыстарын ғана емес, шығындарын да ескеру жоспарланып отыр. АӘК алғысы келетін отбасылардың жылжымалы және жылжымайтын мүлікті, жиһаз бен тұрмыстық техниканы сатып алуға кететін, оқу ақысы мен қосымша білім алуға, демалыс пен ойын-сауыққа, сауықтыруға, несиелерді өтеуге және тағы басқа мақсаттарға жұмсалатын негізгі шығындарын есепке алу жоспарланып отыр.
Айта кетейік, бүгінгі күні АӘК тағайындау үшін нақты бір өңірдегі ең төмен күнкөріс деңгейі негізге алынады. Мәселен, Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметі бойынша, 2024 жылдың І тоқсанында облысымыздағы ең төменгі күнкөріс деңгейі 44 316 теңгені құраған. Міне, осы соманың 70 пайызы кедейлік шегі болып есептеледі. Яғни 2024 жылдың бірінші тоқсанында Түркістан облысындағы кедейлік шегі 31 021 теңгені құрапты. Егер бір отбасының 1 айдағы табысы жан басына шағып есептеген кезде осы көрсеткіштен төмен болса, сол отбасыға тоқсан сайын әлеуметтік көмек тағайындалады. Оған қоса табысы аз отбасылардағы 1 мен 6 жас аралығындағы әр балаға 1,5 АЕК (5 538 теңге) мөлшерінде ай сайынғы қосымша төлем төленеді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2019 жылы елімізде 2 миллионнан астам адам кедейлік шегінен төмен өмір сүріп, АӘК алатын болған. Министрліктің деректеріне сенсек, 5 жылдың ішінде елімізде кедейлік шегінен төмен өмір сүретін адамдардың саны 3,3 еседей азайған. Қазір елімізде АӘК алатын 600 мыңдай тұрғын бар екен. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының деректері бойынша, өңірімізде АӘК шамамен 27 мыңдай отбасы немесе 110 мыңдай тұрғынға тағайындалып отыр.
Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда атаулы әлеуметтік көмек көрсетуде бірқатар олқылықтар орын алып отыр. Экономикалық зерттеулер институтының сарапшысы Нұрболат Құрметұлының айтуынша, ең негізгі мәселенің бірі АӘК алуға үміткер отбасының шынайы әлеуметтік жағдайын анықтау механизмдерінің әлсіздігі екен.
– Негізгі мәселелер жайында айтар болсақ, АӘК тағайындаудың қағидалары мен талаптары күрделі болуына байланысты көптеген мұқтаж отбасылар әлеуметтік қолдау бағдарламаларына қатыса алмай отыр. Өйткені, өзінің әлеуметтік әлсіз топқа жататынын дәлелдеу үшін сансыз тексерістерден өтіп, әртүрлі құжаттарды жинауға мәжбүр болады. Сонымен қатар атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау барысында халықтың табысын бағалау мен тексеру тетіктері пысықталмаған. Соның салдарынан табысын жасырып, өздерінің әлеуметтік жағдайын құжат жүзінде нашар етіп көрсететін кейбір адамдар тоқсан сайын АӘК алып жүр. Есесіне мемлекет тарапынан беріліп жатқан АӘК шын мәнінде мұқтаж жандарға жетпей қалып жатыр, – дейді ол.
Міне, осындай мәселелерді ескергендіктен, Еңбекмин АӘК тағайындауда отбасының табысын ғана емес, негізгі шығындарын да есепке алатын механизм жасауда. Ендігі жерде жеңіл ақша алғысы келетіндер қанша жерден табысын азайтып көрсеткенімен, ай сайын жұмсаған ақшасы арқылы оның әлеуметтік жағдайы қалай екені көрініп қалады. Демек, министрліктің осы қызмет түрлерін толықтай цифрландыру бағытындағы жұмысы АӘК-тің нағыз мұқтаж адамдарға ғана берілуіне жол ашады деген үміт бар.
Қорыта айтқанда, әділеттілікті қамтамасыз ету – мемлекеттің ең басты миссиясы. Яғни мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауға Қазақстан азаматтары теңдей қол жеткізе алуы тиіс. Бұл – бұлжымас қағида.
Әлеуметтік мәселелер 2 миллионан астам тұрғыны бар Түркістан облысы үшін де айрықша маңызға ие. Өйткені, облысымызда 94 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азамат, 180 мыңнан астам көпбалалы ана мен 175 мыңнан астам зейнеткер тұрады. Бұл көрсеткіштер бойынша облысымыздың еліміздегі үлесі 15-18 пайызды құрайды. Яғни мемлекет әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін жетілдіре түссе, осыншама жерлесіміздің жағдайы жақсара түседі деген сөз.