«Ескірмеген махаббат» н е м е с е өмірдің мәнін еңбектен тапқан жан

Түлкібас әк зауытының ең алғашқы іргетасын қалаушылардың бірі, тыл ардагері, қасиетті де киелі Майлыкент өңіріне есімі кеңінен танымал ардақты ақсақал, Түлкібас ауданының құрметті азаматы Сәбит Бердиев ағамыз бүгінде сексеннің сеңгірінен асып, тоқсанға үзеңгі салып тұр. Өмірден көргені мен көңілге түйгені мол Сәбит ағамен әңгімелесудің өзі бір ғанибет! Қазыналы қарияның кеудесі алтын сандық іспеттес. Туған жерінің тарихын, өзінің жүріп өткен өмір жолдарын тым әріден тарқата білетін Сәбит ағамыз кезінде өзімен қызметтес болған, есімдері елге белгілі азаматтар туралы таңды таңға ұрып әңгіме айтуға бар. Бір сүйсінерлігі, тоқсанға таяса да санасы сергек, сөзі де, жүрісі де ширақ. Көз жанары мен құлағына да өкпесі жоқ.
– Мен 1936 жылы желтоқсан айының 25-і күні Түлкібас ауданы, Қожамберді ауылында дүниеге келген екенмін, – дейді ағамыз. – Балалық шағым мен жастық кезеңім сұм соғыс жылдарымен тұспа-тұс келгендіктен көп қиындық көрдім. Қабырғам қатпай жатып, колхоздың жұмысына жегіліп, Ұлы Жеңісті жақындатуға аз да болса өз үлесімді қостым ғой деп ойлаймын. Қожамберді ауылындағы бастауыш мектепті бітірген соң, іргедегі Түлкібас стансасындағы мектепке баруға сондағы бұзық келімсек балалардан қорқып, 11 шақырым жердегі Аманкелді ауылындағы жетіжылдық мектепке жаяу қатынап оқып, көптеген қиыншылықтарды бастан кешіріп, бітіріп шықтым.
1951 жылы жетіжылдық біліммен Шымкенттегі тау-кен мамандарын даярлайтын техникумға оқуға түсіп кеттім. Әрине, ауылдан қалаға алғаш барған, оның үстіне орысша білмейтін бозбалаға сабақты бірден игеріп кету қайдан оңай болсын?! Бірақ, өзімді-өзім қайрап, жігерлендіріп, талаптанудың арқасында аталмыш оқу орнын 1955 жылы ойдағыдай бітіріп шықтым. Сосын техникумның жолдамасымен Шығыс Қазақстан облысы, Шемонайха поселкесіндегі кен орнына бірден мастер болып қабылдандым. Ол кезде кен орындарында жұмыс істейтін қазақ жігіттері саусақпен санарлықтай ғана болатын. Сол жылы күзде әскерге шақырылдым. Шемонайхадан Одесса әскери округіне жүк пойызымен жеті тәулікте жеттік.
Әскерде жүргенде Жерорта теңізі маңындағы саяси ахуал шиеленісіп, арты кикілжіңге ұласып, бізге дайындықты күшейтуге тура келді. Мекен-жайымызды ауыстырып, Болгариядағы Талбухин қаласына қоныс аударып, қарсыластарымызға қарсы қырағылықты күшейттік. Осылайша үш жылдық әскери мерзімім бітсе де қосымша алты ай қызмет атқарып, сағынышпен елге оралдым. Осындай түрлі себептермен жоғары оқу орнына түсу, кәсіпқой маман атану секілді алға қойған жоспарларым кейінге шегеріле берді. Шынын айтқанда, ол кезде Оңтүстік өңірде тау-кен өндірісі енді ғана жанданып жатқан. Осы салаға қатысы бар басшылар мені жас маман ретінде 1959 жылы Иірсу кен орнын зерттейтін экспедицияға жұмысқа шақырды. Ол таулы аймақта төрт жыл еңбек етіп, талай кен орындарының ашылуына ықпалымды тигізіп, 1961 жылы күш-қайратым тасқындап тұрған шағымда жаңадан ашылғалы жатқан Түлкібас әк зауытына жұмысқа орналастым. Бұл зауыт еңсесін тіктеп, жұмыс істей бастаған соң, 1964 жылы үкіметтің арнайы қаулысымен Семейдегі құм-тас өндіретін карьерге бас инженер болып бардым. Осы жерде біраз жылдар басшылық қызметтер атқарып, едәуір тәжірибе жинақтаған соң «туған жеріңе туыңды тік» деген қағиданы басшылыққа алып, абыроймен ауылға қайттым. Елге келген соң өзім жұмысын бастап үйреніп қалған Түлкібас әк зауытында бас инженер, директордың орынбасары болып қызмет атқарып, әк зауыты жанынан жаңа карьер орнын ашуға, зауыттың жаңа ғимаратын салуға басшылық жасадым.
Осылайша өз мамандығыма сай еліміздегі тау-кен өндірісінің дамуына өз үлесімді қосып, 1991 жылы зейнеткерлікке шықтым. Ұзақ жылғы жемісті қызметім мемлекет тарапынан бағаланып, түрлі марапаттарға ие болдым. Негізі, адамның мамандық таңдау мен жар таңдауда қателеспегені жөн. Бұл орайда өзімнің қателесе қоймағаным анық. Үйден гөрі түзде, көбінесе тау-таста жүретін менің бар жағдайымды жасап, перзенттерімізге қамқор болып, оларды жан-жақты етіп тәрбиелеген Құдай қосқан қосағым Айымхан апаларыңа деген ризашылығым да шексіз. Бүгінде сол апаларыңмен тату-тәтті ғұмыр кешіп, бес перзентімізден 15 немере мен 12 шөбере сүйіп отырған жағдайымыз бар. Аллаға шүкір, ұл-қыздарымыздың бәріне саналы тәрбие беріп, олардың мына өмірден өз орындарын табуларына септігімізді тигіздік. Атап айтар болсам, үлкен ұлым Тұрлыбек ұзақ жылдар бойы Түлкібас аудандық мәслихатында аппарат басшысы болып қызмет атқарды. Роза қызымыз – Шымкенттегі «Интер-Пресс» оқу орталығында ағылшын тілінің маманы, Зейнеп – Тұраркент ауылында фармацевт, Майра – «Халыққа әлеуметтік қызмет көрсететін Түлкібас аудандық аумақтық орталығының» директоры, ал, кенже ұлым Болатбек кеден саласының қызметкері болып еңбек етеді. Міне, жалпы Бердиевтер отбасының қысқаша тарихы осылай, айналайындар, – деп еңбек ардагері әңгімесін риза кейіппен аяқтады.
– Әкеміз зейнеткерлікке шыққан алғашқы жылдары үйге сыймай жүрді, – дейді үлкен ұлы Тұрлыбек әңгімеге араласып. – Қайта-қайта өзі бауыр басып қалған зауытын ойлап, күніне ол жаққа екі-үш мәрте барып, келіп жүрді. Шынында да, әбден жұмысқа үйреніп қалған адамға үйде қол қусырып қарап отыру дегеніңіз азап екен. Әкем теледидар көргенді, ән тыңдағанды жақсы көреді. Әсіресе, әйгілі композитор-әнші, марқұм Ескендір Хасанғалиев пен ұлы Біржанның орындауындағы «Ескірмеген махаббат» әнін ерекше ұнатады. Шешем екеуі қатар отырып алып, осы әнді ыңылдап отырады. «Бұл ән біздің өмірімізге арнап жазылғандай» дейді. Жаратқанның мұнысына да шүкір дей отырып, асқар таудай әкеміз бен әлемнің жарығын сыйлаған аяулы анамыздың жұптары жазылмасын дейміз!
Осылай деді де Тұрлыбек таспаға жазылған «Ескірмейтін махаббатты» теледидарға қосты. Бір қызығы, бізден бұрын ол бөлмеге қос қария тезірек жетіп, әсем әуеннің қайырмасына қосылып отырды. Ал, біздің көкейімізде сол сәтте «Аман болыңыздаршы, асыл жандар!» деген ізгі ниет қалықтап тұрған еді...
Орынтай КӨМЕКОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Түлкібас ауданы.