Ол туралы көркем шығармалар жазылуы керек

Қожановтың тік мінезі туралы көп жерде айтылады. Сталиннің қабылдауына кірерде Сұлтанбек Қожанов хатшыға тек «Тов.Сталин знает» деп қана жазып береді екен. Қошке Кемеңгерұлының ұрпағы Қайырбек Кемеңгер жуырда ғана Сталиннің Қожановқа жазған жазбасын жариялады. Онда былай депті: «Қожанов жолдас! Бүгін жақсы айттыңыз. Егер сіз жергілікті жерде жақсы жұмыс істесеңіз (мен бұған әлі сенімді емеспін), мен сіздің досыңыз әрі жолдасыңыз болуға дайынмын. И.Сталин». Осы жазбадан-ақ Сталиннің Қожановпен санасатынын аңғаруға болады. Мұндай мысалдарды көптеп келтіре аламыз. 
Сұлтанбек Қожановтың шығармашылығы туралы кезінде әдебиетші, ғалым Амантай Шәріп ағамыз жазса, саяси қуғын-сүргіннің ақтаңдақ шындығы жайлы тарихшы Бейбіт Қойшыбаев ағамыз қалам тартты. Филология ғылымдарының докторы, профессор Амантай Шәріп ағамыз құрастырған «Сұлтанбек Қожанов шығармалары» жинағында Қожановтың 1917 жылы 25 қарашада «Бірлік туы» газетінде жарияланған «Қайтейін» деген өлеңі бар. Сонда былай дейді:
Қу заман, ит тіршілік қорладың ғой,
Көрсем де қанша икемдеп болмадың ғой.
Жете алмай дегенімнің жалғызына,
Талап көп, талайсыз боп сорладым ғой.
Кері кетіп, алға қарай бассам аяқ,
Барады қылған ісім бір оңбай-ақ.
Адал ой, ақ көңілмен тырыссам да,
Еңбек еш, көңілім жүр тына алмай-ақ.
Әлі күнге дейін тарихтан әділ бағасын ала алмай келе жатқан Сұлтанбек Қожановтың өз тағдыры туралы өзі жазып кеткенін жоғарыдағы өлеңінен аңғарамыз. 
Абай үлгісімен жазған Қожановтың «Кім жауапкер?» деген мына өлеңі де көзіқарақты оқырманға ой салады: 
Жоғына сусап, 
Барды ескермей, 
Көрінгенсіп қайғылы.
Міндеті не, 
Бір тексермей, 
Өзіне істеп жайлыны.
Жұртын сүйген, 
Көп қамқоры, 
Қайғы шеккен бендесіп.
Бір ісі жоқ, 
Құрғақ сөзбен, 
Жүрген жансып жас кешіп, 
Өткен жайын тарс ұмытып, 
Жаңа туған жан болып, 
Әулиесіп сөз сөйлейді, 
Тұрса аузы қан болып, 
Күні кеше болып, тілмаш,
Құл орыстың қолы еді, 
Бір ұрса орыс, 
Ол екі ұрып, 
Қара халық соры еді.
Сол заманның шындығын айнытпай суреттеген Сұлтанбек Қожановтың шығармашылығы ендігі жерде тың зерттеуді қажет етеді. Ташкент пен Мәскеуде сақталған құжаттар негізінде қаншама ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізуге болады. Кейінгі жас ғалымдар осы жағын ескергені жөн.   
Жазушы Шерхан Мұртаза Тұрар Рысқұловтың өмірі мен қызметі туралы «Қызыл жебе» атты роман жазып, қайраткер ұлға көркем шығармамен ескерткіш қойып кетті. Ал, халқына қалтқысыз қызмет еткен Сұлтанбек Қожанов туралы көркем туынды әлі күнге жоқ. Қазақ әліпбиін алғаш түзгендердің бірі Қоңырқожа Қожықов, әскери дәрігер болған Санжар Асфендияров және Сұлтанбек Қожанов үшеуі айнымас дос болған. Осы үш алыптың достығы туралы неге көркем фильм түсірмеске?! Бұған не кедергі? Тек жазушы-драматург Жолтай Әлмешұлы ғана Сұлтанбек Қожанов туралы там-тұмдап жазып жүр. Бұлар туралы көркем шығармалар жазылуы тиіс деп есептейміз. Болашақта жас жазушы, драматургтерден Сұлтанбек Қожанұлының өмірі мен қызметі туралы тың дүниелер күтеміз. 

Жылбек КЕРІМБЕК,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің 
аға оқытушысы.
Пікір қалдырыңыз