Ұшқындықтардың көзінде ұшқын пайда болды

Гүлдана Айходжаева, «Оңтүстік Қазақстан».
Жалпы Ұшқын ауылдық округінде 1554 гектар суармалы жер бар. Ағын су В–15, В–24 каналдары арқылы Өзбекстан аумағынан келеді. Ауылдық округте 10 өндірістік кооператив, 123 шаруа қожалығы бар. Олардың барлығы егіншілікпен айналысады.
Жылдар бойы қинап келе жатқан проблемалардан құтылу үшін бірінші болып «Н.Нұрсұлтан.Ә» ӨК көлемі көлдей бассейн қаздырды. Бұл бассейннің бір ерекшелігі – егістіктен шыққан су айналып келіп бассейнге қайта құйылады. Кооператив төрағасы Тұрлыбай Жолановтың айтуынша, жер асты тұщы суы, ауыл ішінен аққан арық суы бассейнге құйылады екен. Бассейндегі қосымша қорды шаруа қожалығы су тапшылығы кезінде ғана қолданады. Ал, басқа уақытта Өзбекстан аумағынан су құбыры арқылы келетін ағын суды пайдаланады.
Кооператив төрағасы Тұрлыбай Жоланов Өзбекстаннан келетін ағын суды ысырап етпеу үшін құбыр тарту мәселесін біраз жылдан бері көтеріп жүрген болатын. Алайда, оның идеясын шаруалар қолдай қоймады. Мұнан соң ол қорадағы малын сатып әрі несие алып, құбыр жүргізуді өзі бастап кетті. Әрине, қарсылыққа да, қиындыққа да тап болды. Бірақ, Тұрлыбайдың әрекеті дұрыс болып шықты.
– Мына жотадағы көрініп тұрған лоток Кеңес өкіметі кезінен қалған. Кезінде осы лотоктан кеңшардың 8 бригадасы су ішетін. 150 гектардай жер суарылатын. Кейін Одақ тарқады. Содан біздің су ішіп отырған лотогымыз ортада, ал, моторымыз көрші елде қалып қойды. Мұнан соң осы жердің барлығы шөл далаға айналды. Бұрын осы жерде қалың бау-бақша болған. Онда жемістің сан түрі өсетін. Осылай 20 жылға дейін қу тақыр жер болып жатты. Мен бұған төзе алмадым. 2017 жылдан бастап ауыл ішіндегі каналдан су шығаруды қолға алдым. Сонымен үй іргесіндегі азғантай жерге қарбыз ектім, құлпынай ектім, – дейді кооператив төрағасы Т.Жоланов.
– 2019 жылы 25 қарашада Келес ауданы Сарыағаш ауданынан бөлініп шыққан соң шекара жанындағы 26 гектар жерді конкурстан ұтып алдық. Сөйтіп «Н.Нұрсұлтан.Ә» өндірістік кооперативі заңдастырылды. Су тапшылығынан әрі жұмыссыздықтан ауылдың кейбір тұрғындары қалаға көшіп жатқан кез. Бірақ, мына кезінде құлпырған даланы қайта гүлдендіруді бір адам қолға алуы керек қой. Мұны кім бастауы тиіс? Ауылда қалталы азаматтар болды. Бірақ, олар басқа шаруаны қолайлы көрді. Содан ой түсті. Ақырында құбыр тартып, ағын суды ысырапсыз ауылға жеткізуді қолға алайын деп шештім.
Алғашында ауыл ішіндегі каналдан әкелген су аздық етті. 7-8 гектар жерді ғана игердім. Сосын бұрынғы моторымызды қайта қалпына келтіруге әрекет жасадым. Ауыл әкімдігіне, аудан әкімдігіне барып, іздендім. Кеңес өкіметі тараған соң кеңшардың көп құжаты жойылып кеткен екен. Сонымен канал құжатының түбірін таппадым. Таппаған соң осы кеңшарда инженер, агроном, директордың орынбасары, бау-бақша бригадирі болып қызмет істеген аталарымды іздедім. Солармен кездесіп, ақылдасып, не істеу керектігін сұрап, проблеманы талқыладық. Комиссия түзіліп, сол кісілердің айтуымен анықтама алдық. Сол анықтаманы негізге алып шекара басшылығына хат жібердім. Олардан су құбырын тартуға рұқсат сұрадық. Шекарашылардан екі мемлекеттің су шаруашылығы басшыларының келіссөзі болса, барлығы заң шеңберінде болса, шекара белдеуінен құбыр алып өтуге рұқсат беріледі делінген хат келді. Содан соң ғана Өзбекстанға барып, ондағы су шаруашылығының басшылығымен келіссөз жүргізіп, құбыр тарттық, – дейді Т.Жоланов әңгімесін жалғастырып.
Әрине, құбыр тарту кәсіпкерге оңай соқпағаны көрініп тұр. Бірақ, ол діттеген мақсатына бәрібір жетті. «Әрекет түбі – берекет» деген осы! Соңғы 2-3 жылдан бері «Н.Нұрсұлтан.Ә» ӨК Өзбек-станмен келісімшарт түзіп, 26 гектар жерге жыл бойы керекті ағын су алып келеді. Бүгінде диқан 26 гектар жерінен арпа, жоңышқадан бөлек қарбыз, картоп, қияр алады. Тұрлыбай өсірген өнімдерін тек қана жерлестеріне сатады.
Кооператив биыл 3,5 гектар жерге құлпынай егіпті. Жиын- терім кезінде 60-70 адам жұмысқа тартылады екен. Диқанның айтуынша, биыл құлпынай егуге 8 млн.-дай теңге жұмсапты. Бірақ, оның орнын толтыра алмапты. Өйткені, базарда құлпынай бағасы түсіп кеткен. «Сондықтан қай өнімнің өтімді боларын алдын-ала анықтап алу керек екен» дейді ол. Т.Жолановтың ендігі ойы – мемлекеттен 2,5 пайыздық несие алу. Ол жүзеге асса, тағы да бірқатар жұмысты қолға алмақ.
Келес ауданы.