Шегіртке шабуылын қалай тойтарамыз?

Жасыратыны жоқ, жыл сайын жаз шыға облысымыздың Сарыағаш, Шардара, Келес аудандары мен Арыс қаласына қарасты ауылдардың егістік, жайылымдық жерлерін сары шегіртке «жаулап» алады. Олардың көптігі соншалық, кейде аспанды тұтастай тұмшалап, тіпті күн сәулесін өткізбейді. Шырылдауық шегірткелердің жүріп өткен жолдары көз алдыңа өрттен кейінгі өртеңді жердің көрінісін әкеледі. Шегіртке өсімдік біткеннің жапырағын түгел жеп кетеді. Мұнан соң олар қурап қалады. Бір жылдары шегірткелер қауындықтарды да тып-типыл етіп, диқандарды тақырға отырғызып кетті.
Зиянкестермен күресетін тиісті мекемелер обалы не керек, жыл сайын шегірткелердің алдын алу, оны жою жұмыстарын жүргізеді. Көктемде шегірткелермен қабаттасып жайылымдарға, шабындықтарға, егістік бастарына дәрі шашып жүргендерін көреміз. Бұл көрініс жыл сайын қайталанады. Және мемлекеттен осы жұмыстарға қыруар қаржы бөлінеді. Сол қаржыны игердік деп тиісті мекемелер жоғарыға есеп береді. Менде осы қаржының басым бөлігі желге ұшып жатыр-ау деген күмән бар. Бұлай дейтінім, олар жыл сайын дәрі шашқандарымен, келесі көктемде сары шегіртке тағы да үйір-үйірімен келіп, егістікті, шабындықты, жайылымды жайпап кетеді. Олардың қайдан ұшып келіп жатқанын білетін тағы ешкім жоқ.
Мен көп жылғы тәжірибемнен зиянкестерді оңай жолмен және арзан бағамен жоюдың амалын білемін. Соны өз тәжірибеме сүйеніп айтып берсем деймін.
Әлі есімде, 1992 жылдың қысы жайлы болып, көктем ерте шықты. Наурыз айының басында-ақ күн жылынып, шөп біткен қау етіп көтерілді. Тұздыдөң деп аталатын белдің күнгей жағына жарысып Тұздыкөл жатады. Сол көлдің шығыс жағы құмдауыт болып келеді. Жылқы іздей шыққан мен осы Тұздыкөлді жағалап келе жатқанмын. Кенет көзім жерде құрт сияқты жыбырлап жатқан, түсі қорғасын сияқты қара даққа түсті. Мыңдаған, миллиондаған құрт быжынап, қайнап жатыр. Осындай ұялар әр 50-100 метр сайын кездеседі. Қарақұмға дейін құжынап жатқан ұяшықтың әлденешесін көрдім.
Түс қайта үйге келсем, Мұхтар деген агроном жігіт шайланып отыр екен. Жөн сұраса келгенде ол жайылымға изен егіп жүргендерін айтты. Сөзден сөз шығып, мен жолай көргендерімді айттым. Мұхтар біздің үйге бір түнеді. Ертесіне екеуміз Тұздыкөлді бетке алдық.
– Бұл – шегірткенің ұясы. Дереу орталыққа хабарлау керек, – деп Мұхтар ауылға шапты.
Қайтар жолда жан-жағыма байыптап қарап отырсам, ұя көлемі ұлғайып, жыбырлағандар кең жайыла бастапты. Артынша Дәулетияр, Тұздыдөң, Қарақұм жайылымдарын, «Қожатоғай» кеңшарының Төребек, Бөріойнақ, Мәслихаттөбе, одан әрі Әлімтау, Бозай, Шардара өңірін шегіртке қаптады. Сәуір айының басында шегірткелер мал жүргізбейтіндей көбейді. Олар күш алып бара жатқан соң 2 «АН-2» ұшағы, тағы бір тікұшақ келіп, аспаннан дәрі шашты. Бірақ, көбейіп кеткен шегіртке бой бермеді, дәріні бұйым көрмей, көбейген үстіне көбейе түсті.
Бірде Қырғызстаннан келген тікұшақтың ұшқышымен сөйлесудің сәті түсті. Қырғыз жігіт ашық-жарқын жан екен. Ойын іркілмей айтып отырды.
– Біз тәуліктік еңбегімізге 1 миллион сом аламыз, – деп қалды ұшқыш бір сөзінде.
Кеңес Одағы тарқар алдында ақша құнсызданды емес пе? Сонда да бір миллион сом аз ақша емес еді. Бұған енді жайылымдарда дәрі шашып жүрген тракторларды қосыңыз. Осыншама техниканың жанар-жағармайы, олардың жүргізушілеріне төленетін еңбекақы бар, қаншама қаржы желге ұшқанын сол кездегі есепшілерден сұрап білу керек. Өйткені, осыншама техника, мамандар жұмылдырылғанымен, шегірткені түгелдей жоя алмады. Себебі, шегіртке дегеніңіз дәрі дәл үстіне түспесе өлмейді екен. Қалың өскен шөп астын паналаған шегіртке түгелдей аман қалды-ау шамасы.
Сол сәуір айының ортасында аспанымызда мың-мыңдаған ала торғай пайда бола кетті. Сөйтсек, олар шегірткенің жауы екен. «Әр нәрсеге бір зауал» демекші, алапат соғыс басталды да кетті. Әлгі ала торғайдың бір тобы шегірткенің мойнын қиып әлек болса, бір тобы дарияға ұшып кетеді. «Неге бұлай?» деп қарап отырсақ, шегірткенің шіресі торғайдың аузына жабысып қалады екен. Не керек, бір апта соғыс болды. Бұл соғыс алақанат торғайлардың пайдасына шешілді, шегірткелер тас-талқан болып жеңілді.
Бірақ, шөп қалың шыққан жылдары торғайлардың шегірткеге шамасы келмей қалады. Шегірткеге де жан керек, шөптің астын паналайды. Осы көрініс келесі жылы да қайталанды. Шөп қалың болып, торғайлар түк те істей алмай қалды. Торғайлар түгілі, арнайы мамандардың да қолдарынан ештеңе келмеді. Қаншама жайылым, қаншама бау-бақша, егістік жер шегірткеге жем болды. Шегірткелер жүріп өткен жерлер күл болып күйреп, шөбі желге ұшты. Бір өкініштісі, сол алақанат торғайлар соңғы жылдары көрінбей қалды. Оларды кім үркітті? Бұл жағы маған жұмбақ.
Соңғы жылдары облысымызда қыс жылынып кетті. Жерде тоң жоқ. Егер қыс қатты болып, жерге тоң түссе шегірткелер түгел қырылып қалар еді. Ұяшық жерге бір метрге дейін кіріп жатады. Осы тереңдікке дейін тоң түспесе, шегіртке дернәсілдері жүз жылға дейін өлмейді. Сондықтан олар жыл сайын көктемде шегіртке болып, ұшып шығады. Білесіздер, оңтүстіктің қысы жайлы, сондықтан шегірткелер түгелдей қырылмайды.
Телеарналардан көрдік, елден естідік, биыл да Сарыағаш, Келес аудандарында шегірткелер шеруге шықты. Егіншілердің, малшылардың мұң-зарын тыңдадық. Беттерін бүркеп алып, дәрі шашып жүргендерді көрдік. Бірақ, ерте қимылдамағандықтан, егіншілер зардап шекті. Мал жайылымдарын шегіртке жайпап өтті.
Менің бағамдауымда, біздегілер тым кеш қимылдайды. Шегіртке көбейіп қанат жайғаннан соң дәрі шашып әуре болмай-ақ қойыңыздар дегім келеді.
Сонда не істеу керек? Наурыз айының соңында шегірткелер де оянады. Жоғарыда жазғанымдай, бұл кезде топырақ беті көпсіп, құрт сияқты жәндік топ-топ болып быжынап жатады. Олар ұяларынан сәуірдің бесіне дейін ұшпайды. Міне, осы мерзімге дейін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мен обаға қарсы диспенсер, басқа да зиянкестерге қарсы күресетін мекемелер бірлесіп, арнайы бригада шығарулары тиіс. Шаруалар шегірткелердің ұяшықтарына қазық қағып белгілеп кетсе, бұл жерді оңай табады. Осы жерде дәрілеуші бригаданың жұмысын қатаң қадағалау керек. Өйткені, олар жұмысты шала-шарпы атқарып кетулері мүмкін. Жергілікті малшылардан сұрастырса, шегірткелердің ұяшықтарының қай маңда екенін айтады немесе көрсетеді. Міне, осы ұяшықтарға екі литр солярка құйып, өрт қойсаңыз жетіп жатыр. Бұл жұмыс он күнде әрі кеткенде жиырма күнде аяқталады. Бұл іске жер алып, егін егіп, мал өсіріп отырған шаруаларды жұмылдыруға болады. Шегірткелерді ұшырып алып, соңынан өкініп қалмау үшін сәуір айының басынан әрекет ету керек еді. Байқаймын, шаруалар биыл да сан соғып қалатындай.
Бізде істен гөрі сөз көп. «Ойбай, не дейсіз, шегірткелер шетелдерден, Қытайдан келіпті» деушілер де аз емес. Бұл шегірткелерге қарсы әрекет етпей, оларды қаптатып алып жүргендердің әңгімесі. Шырылдауықтар ешқашан шетелдерден «саяхаттап» келмейді. Қытайыңыз оны қуырып жеп қояды.
Мен осы шегірткеге қарсы амалды көзіммен көргендіктен, 35 жыл мал шаруашылығында қызмет етіп, ұзақ жылғы тәжірибемнен түйгендіктен жазып отырмын. Зейнеткерлік жастағы маған атақ-абырой керек емес. Шегірткелердің жыл сайын шабуылға шығатынын көріп, біліп тұрып, қалайша уайымсыздан уайымсыз жата аламын? Егер менімен хабарласып, шегірткені жоюдың тәсілін үйренеміз дегендер болса, мен оларға көмек қолымды ұсынуға қашан да дайынмын. Бұл үшін менің 8-777-323-48-49 телефоныммен байланысуларыңызға болады. Келесі көктемде шегіртке атаулыны ұшырмау үшін бірлесе қимылдайық. Шегірткелердің ұяшықтарына дейін көрсетіп, оларды түп тамырымен жою әдістерін бірге жүргізуге шамамның келгенінше атсалысамын.
Елмұрат НҰРЖАНОВ,
мал шаруашылығы саласының бірінші
класс шебері.
Арыс қаласы.