Саңғыл би және аталар жолына адал жұрт

Шалкиіз жырау толғағандай, «мына жалған дүние кімдерден кейін қалмаған». Бұ дүниеден, бабалар жырлағандай, «шешен де өткен не бұлбұл, көсем де өткен не дүлдүл». Сол сан мыңдаған шешендердің, күндей көрінген көсемдердің даңқының сан ғасырларды көктей өтіп, бүгінгіге жеткені санаулы ғана. Өйткені, қарт тарихтың сүзгісі мықты. Сол сүзгіден өткендері ғана «аты өлмейтін жақсының, хаты өлмейтін ғалымның» қатарынан орын алмақ.
Осы қатарда ХІІ-ХІІІ ғасырларда өмір сүрген әулие, қоғам қайраткері, әйгілі Саңғыл би бар. Деректерге сүйенсек, Саңғыл би Қоңырат тайпасынан шыққан. Түрік-моңғол шежірелерінде саңғыл руының ұраны «Мүлкаман» болуына қарап, кейбір зерттеушілер Саңғыл биді Мүлкаман батырдың шөбересі деп есептейді. Зерттеулер, шежірелер, сондай-ақ халық арасында ауызша айтылатын аңыздарға қарағанда, ол 1206 жылғы құрылтайда Шыңғысты ақ киізге көтеріп, хан сайлаған қоғам қайраткерлерінің бірі болған. Шыңғыс ханның Хорезм жорығына қатысқан. Жорықтан кейін өзінің қол астындағы қоңыраттармен Сыр бойында, яғни Жошы ұлысында қалған.
Түркітанушы Н.А.Аристовтың монографиясында Саңғыл би туралы мәліметтер берілген. Шәкәрім Құдайбердіұлының шежіресінде бидің аты Сенгеле деп айтылады. Би есімі профессор А.Машановтың, жазушы Қ.Салғариннің еңбектерінде Саңғыл би, Саңғылұлы деп көрсетіліп, ғұмыры мен қоғамдық қызметі баяндалған. Сондай-ақ, би туралы құнды мәліметтерді заңғар жазушы Әбіш Кекiлбаевтың 1997 жылы 14 наурызда «Егемен Қазақстан» газетiне шыққан «Елдiк пен ерлiк киесi» атты тарихнамалық эссесінен да табуға болады. Әбіш Кекілбаев Қазақстан Республикасының мемлекеттік хатшысы қызметінде жүргенде, Саңғыл бидің басына арнайы барып, Құран бағыштап, салынып жатқан кесененің кейінгі ұрпаққа нағыз рухани-мәдени мұра болып қалатынын айтқан.
Қалай болғанда да, Саңғыл би ұлт тарихындағы ұлы тұлғалардың бірі. Ол жаугершілікте дұшпанға кеудесін тосқан баһадүр, қысылтаяңда халқына хас кеңесші, бүкіл ғұмырында ел үшін еңіреп өткен ер болыпты. Елінің оны би атап кетуі де жайдан-жай емес. Ондай атақтың көптің көңілінен шыққан жанға ғана бұйыратыны белгілі.
Би басына қойылған белгі мен қабірі Созақ ауданы, Қозмолдақ ауылының оңтүстік-шығысында Басбұлақ ауылының іргесінде жатыр.
Тәуелсіздік жылдарынан бастап Саңғыл би ұрпақтары жиі бас қосып, ұрпақ сабақтастығы мәселелерін қызу талқылай жүріп, шежіре түзуді қолға алды. Саңғыл би ұрпақтарының қауымдастығын, «Саңғыл би» қоғамдық қайырымдылық қорын құрды. «Жеті атасын білген ер, жеті жұрттың қамын жер» деп, ата-баба, тек пен тарихты толығырақ тану мақсатында сайт ашты. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, баба басына 1996-1998 жылдары күмбезді кесене тұрғызды, 1999 жылы жаңа сәулетті де әулиелі мекен ресми тұрғыда көпке таныстырылды. Сол кесенеге, міне, биыл 25 жыл толыпты. Оның биіктігі 18 метр, жалпы көлемі – 78 шаршы метр. Кесене есігі шығысқа қараған. Кіреберісте үш есік бар: тіке, оң және сол қаптал есігі. Тіке есік Саңғыл би жатқан бөлмеге, ал, оң және сол қаптал есіктер екінші қабатқа көтеріледі.
Мұндағы су ұңғымасын 1999 жылы Мәлік Бегалиев өз қаржысына қаздырған болатын. Зират басына тасқа қашалған «Бұл жерге ұлы қолбасшы Шыңғыс ханды 1206 жылы таққа отырғызуға қатысқан 12 бидің бірі Қоңырат Мүлкаман батырдың немересі Саңғыл би жерленген (ХІІ-ХІІІ)» деген жазуы бар белгі орнатылды. Айналасы толық абаттандырылып, аяқжолдар салынып, жыл өткен сайын көгалды, көлеңкелі, жанға рухани сая болар жерге айналып келеді.
Кесене бас сәулетші Нұрғали Имажановтың, сәулетші-шебер Жұмахан Жылысбаевтың қолынан шықты. Ұрпаққа ұлағат болар ізгі істі ұйымдастырып, жүзеге асыруға баба ұрпақтары атсалысты. Рухани жетекшісі көрнекті әдебиет зерттеушісі, академик Рахманқұл Бердібай болды. Сонымен қатар, қауымдастыққа жиырма жылдан аса төрағалық еткен Бектас Шірікбаев, Бәкен Мақұлбеков, Бақытхан Кембаев ұлы бабаның ұлағатты істерін ұрпаққа насихаттауда қыруар жұмыстар тындырды.
Қауымдастықтың ұйытқы болуымен Саңғыл бидің ел тарихында өзіндік орны бар ұрпақтары Құлыншақ Кемелұлының, Ақынбек Қажы, Еркінбек Ақынбеков, Төлеген Момбеков, Рүстем Құралов, Жамалбек Шәймерденов, Бахадүрбек Байтасов, Рахманқұл Бердібайдың есімдерін ардақтаған, олардың еңбегін жас ұрпаққа үлгі еткен еңбектер арагідік болса да жарыққа шығып жатыр. Әр жылы баба әруағына арнап ас беріліп, Құран оқытылады. Биыл да кесененің 25 жылдығына орай, Түркістан өңірін жайлаған би ұрпақтары баба басында ас беріп, Құран бағыштамақ. Сол жиында алдағы уақытта атқарылар шаруа барысы талданбақ. Және де қауымдастық аясында құрылып жатқан «Саңғыл би» қоғамдық қайырымдылық қорының жарғысы, жұмыс жоспарлары таныстырылады. Айтқандай, қор құру бойынша дайындалған құжаттар облыстық Әділет департаментіне ұсынылды.
Негізі, әулиенің мәңгі дамылдаған жерін тарихи-тағлымды мекен ету жоспары Қазақстан Республикасы заңдарына сәйкес жүзеге асырылуда. Жер мамандары тарапынан аумақ картасы сызылып-бекітіліп, «Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Түркістан облысы бойынша филиалының Созақ аудандық тіркеу және жер кадастры бөлімінен №2023-684498 жер учаскесіне арналған акт берілді. Жер көлемі (гектар) – 2.4000. Ендігі кезек – кесене құжатын мемлекеттік тіркеуден өткізу. Сонымен, барлық жағынан заңдастырылған қасиетті орын ұлттық-мәдени мұра ретінде ұрпақтар сабақтастығына мәңгі қызмет ете бермек, жастардың елжанды, еңбекқор болып өсуіне, елі үшін еңбек етуіне тәрбиелейтін бірден-бір киелі орын болмақ.
Ата жолына адал жұрт жоғалмайды. Ендеше, ұрпағы үшін аянбаған батыр бабалар рухын асқақтата беру – сіз бен біздің қолымызда, ағайын! Бұл – кемел келешегіміздің кепілі.
Арслан АСАНОВ,
«Саңғыл би» қоғамдық қайырымдылық қорының төрағасы,
«Арыстанбаб» жоғары колледжінің директоры.