Спартакиада тартысты өтті

1 мамыр - Қазақстан халықтарының  бірлігі күніне орай Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылындағы Д. Қонаев атындағы аграрлық техникалық колледжінде Түркістан облысы білім басқармасының ұйымдастыруымен білім саласы қызметкерлері арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, достық қарым-қатынасты нығайту, бұқаралық дене шынықтыру және спортпен шұғылдану жұмыстарын насихаттау мақсатында облыстық спартакиада өтті. Оған облыстағы техникалық және кәсіптік колледж педагогтері мен қызметкерлері қатысты. 
Облыстың бірнеше колледждерінен келген педагогтер жарыстың 5 түрі бойынша сайысқа түсті. Спорттық ойындар, атап айтқанда футбол, волейбол, үстел теннисі, тоғызқұмалақ және арқан тартыс. 
Бәйгеде бақ сынағандардың арасында Түркістан жоғары көпсалалы аграрлық колледжінің футбол командасы І орын иеленіп, облыстық кәсіподақ ұйымының арнайы Алғыс хатымен және кубогімен марапатталды. Футбол командасының ойыншылары Талғат Алдабергенов, Дәурен Оразбаев, Арнұр Көшеров, Еркеғали Жантілеуов, Шынарбек  Жүсіпов, Бекбосын Керімбеков, Дәулет Дүйсекұлов, Мақсат Сағындық, Нұрлан Ибрагимов және Есхат Закиев ауызбіршілікпен табанды ойын көрсетті. 
Бұдан бөлек, тоғызқұмалақ, арқан тартыс, үстел теннисі, волейбол спорты бойынша бақ сынаған өзге де педагогтер мен қызметкерлер де үздік нәтиже көрсетіп, оқу орнының абыройын асқақтатты. Атап айтар болсақ, үстел теннисінен Талғат Алдабергенов, Қайрат Нышанбай мен Назерке Найманбаева, тоғызқұмалақ ойынынан Фатима Алтаева мен Бағдат Мамыт жеңіске жетті. 
Спартакиада оқытушылардың спорттық жетістіктерінің әдемі көрінісі ғана емес, ол  әріптестерімен байланыс орнатуға, тәжірибе алмасуға берілген тамаша мүмкіндік деп білеміз. Ертеңіне Түркістан жоғары көпсалалы, аграрлық колледжде мерекеге орай үлкен іс-шара ұйымдастырылып, онда спартакиадада І орынды иеленіп келген футбол командасына колледж директоры Н.Алипбеков алғысын білдіріп, 500 мың теңгенің сертификатын табыстады. Спартакиадаға спортшыларды дайындаған оқу орнының «Дене шынықтыру және АӘД» кафедрасының меңгерушісі Ержан Небесаев Түркістан облыстық білім басқармасының  Алғыс хатымен марапатталды. 
Биыл Түркістан жоғары көпсалалы, аграрлық колледжінің құрылғанына 52 жыл толып отыр. Осынау атаулы дата қарсаңында оқу орны оқытушыларының жеткен бұл жетістігі біз үшін үлкен қуаныш болды. 

Талғат ДӘУЛЕТҰЛЫ, 
Назерке ЕРБОЛҚЫЗЫ.

Түркістан жоғары көпсалалы, аграрлық колледжінің 
оқытушылары 
Пікір қалдырыңыз