Оқушының кітапқа құмарлығын қалай арттырамыз?

Мінбер

Балалар білімді, мәденитті болсан десек, олардың кітапты көбірек оқуын қадағалауымыз керек. Әсіресе әдеби кітаптар адамның этикалық-эстетикалық тұрғыдан қалыптасуына көп әсер етеді. Иә, кітап адамзат баласының баға жетпес асыл құндылығы. Білім мен мәдениеттің биік белестеріне жетелейтін тәрбие құралы. Абай атамыз «Артық ғылым кітапта, ерінбе оқып көруге» деп кітап оқуға кеңес береді.  

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде берген тапсырмасына сәйкес «Оқуға құштар мектеп» жобасы бекітілген болатын. Осы жоба аясында біз қандай жұмыстар атқардық? Жалпы, оқушының кітапқа құмарлығын қалай арттырамыз? Бұл жоба оқушылардың оқу сауаттылығын қалыптастыру мен жетілдіруге, оқу мәдениетінің деңгейін арттыруға және оқуды насихаттауға бағытталғаны белгілі. Осы орайда біз өзіміздің аталған жоба аясында атқарған жұмыстарымызбен бөлісуді жөн көрдік.

Оқушылардың кітап оқуға құштарлығын арттыруды жастайынан қолға алған жөн. Бастауыш сынып оқушыларын кітап оқуға бейімдеу мақсатында алдымен шағын шығармаларды, тілі жатық ертегілерді оқыту керек. Ертегіден алған әсерін қасындағы достарымен бөлісіп отырса, сыныптағы басқа оқушылардың да кітап оқуға қызығушылығын арттырады.

Таяуда 4 сынып оқушылары арасында еркін тақырыпта шығарма жаздырдық. Сонда байқағаным, оқушылардың басым бөлігі соның алдында ғана оқыған ертегілерінің әсерінен арыла алмай жүр екен. Демек, оқу балаға ерекше әсер еткен. Сондай-ақ, оқушылардың мектеп кітапханашыларымен болған кездесуі де олардың кітап оқуға қызығушылығын арттырған сияқты. Кездесуде әдеби кітапты қай кезде, қалай оқу керектігі туралы кеңес берілді. Ертегілердің қиял-ғажайып оқиғалары, бас кейіпкерлердің басынан кешкен қызықты сюжеттері оқушылардың қызығушылығын оятты. Оқушылар ертегідегі кейіпкерлердің рөлін сомдап, сахналық көріністер көрсетті.  

Әрине, оқушыларды кітап оқуға еліктіру үшін оқытушының сөйлеу мәнері, терең білімі аңғарылып тұруы тиіс. Ал, кітап оқымаған, газет-журналдарға жазылмаған мұғалімдер балаларға қандай тәрбие бермек? Ең алдымен кітап оқуды біз өзімізден бастағанымыз жөн. Біріміз кітапты ой-өрісімізді кеңейту үшін оқысақ, тағы біріміз жұмыс барысында ақпарат іздеп оқимыз. Кітап оқығаннан керемет әсер алатындар да жоқ емес. Олардың таным-түйсігі де, өмірге деген көзқарасы да ерекше болады. Ендеше бәрімізді өнерлі болуға тәрбиелеп, талай ғажайып істердің құпиясын ашуға көмектесетін ақылдың кені – кітап оқуға шақырамыз.

Шахзада ИМАМБЕРДІҚЫЗЫ, 

Талғат Бигелдинов атындағы №46 мектептің бастауыш сынып мұғалімі,

                                                                                                                                                           Мақтаарал ауданы.


Пікір қалдырыңыз