Ұлттық ономастика өзекті өзгерістерді қажет етеді

Өткен аптада Түркістанда «Ұлттық ономастика: Ізденіс пен тәжірибе» атты республикалық семинар өтті. Маңызды жиынға келген тіл жанашырлары мен қоғам қайраткерлерін алдымен облыс әкімі Дархан Сатыбалды арнайы қабылдап, ұсыныстарын, пікірлерін тыңдады.
– Тарихи Түркістанға қош келдіңіздер! Былтыр киелі өңірде Ұлттық құрылтайдың кезекті отырысы өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұлтымызды серпілтетін маңызды бастамалар көтеріп, міндеттер жүктеді. Осы құрылтайдың заңды жалғасындай, ономастикаға қатысты семинардың шаһарымызда өтіп жатқанына қуаныштымын. Ономастика – өте маңызды сала. Нысандар мен көшелерге ат беруде бірізділік, бір жүйе қажет. Жекеменшік нысандар мен мектептерге ат беруде де қадағалау болуы қажет деп есептеймін. Бұл ретте өз ұсыныстарымызды жолдағанбыз. Түркістан төріндегі басқосуда маңызды шешімдер қабылданып, ономастика саласы дами түсетініне сенемін, – деді Дархан Амангелдіұлы.
Кездесуде академик Серік Негимов: «Түркістан облысы құрылғанда қуанбаған қазақ жоқ. Бұл – қазақтың шежірелі, аяулы мекені. Сансыз бабтар, қайраткерлер шыққан өңір. Шаһарға келе жатқанда бір ауылға Мәшһүр Жүсіптің аты берілгенін көріп, қуанып қалдым. Сол ұлы тұлғаның еңбектерінде Түркістан өңірі туралы мәліметтер айтылған. Республикалық семинарда жер, су атауларын талқылаймыз. Келелі ойлар айтылады. Ел үшін берері мол жиынды қабылдап отырған Түркістан өңіріндегі ағайынға алғысымды білдіремін» деді.
Айта кетейік, ономастика саласы қайраткерлерін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Али Рустам бастап келді.
* * *
– Әрбір атау – тарихи құжат. Ономастикалық атаулар – ұлттың рухани жадын көрсететін мәдени құндылық. Министрлік тарапынан республикалық жұмыс тобы құрылып, жергілікті әкімдіктермен бірлесіп бірқатар шараларды жүзеге асырды. Жұмыс тобы мүшелері еліміздің белгілі институттарының ғалымдарымен бірлесіп, Орталық мемлекеттік архив мекемесінің қолданыстағы «Тарихи тұлғалар» тізімі, «Жер-су атаулары» және дәстүрлі атаулар тізімі жан-жақты пысықталып, өзектендірілді. Сондай-ақ, былтыр республикалық ономастика комиссиясының 4 отырысы өткізіліп, жаңа атаулар берілді. Министрлік елді мекендердің өзінің байырғы тарихи атауларын зерттеу бойынша үлкен жобаны қолға алып отыр. Жоба аясында қазіргі ел аумағындағы топонимдердің электронды 3D форматтағы картасы әзірленбек. Алдағы уақытта мұндай жұмыстар жергілікті әкімдіктер тарапынан да жүргізілсе деген ұсынысым бар, – деді комитет төрағасы.
Семинар жұмысына республикалық ономастика комиссиясының мүшелері – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан, академик Серік Негимов, мемлекет және қоғам қайраткері Дархан Мыңбай, Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті, ономастика басқармасының басшысы Елерке Төрехан,
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанова, «Ономастар одағы» қоғамдық бірлестігінің басқарма төрайымы Гүлнәр Бекенова, тиісті орталық мемлекеттік органдардың басшылары, өңірлердегі ономастика саласын басқарып отырған басқарма басшылары, сондай- ақ, өңірдегі аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары қатысты. Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев баяндама жасап, келген қонақтарды өңірдегі атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.
– Мемлекеттік идеологияны ұлттық негізбен байланыстыра отырып жүргізуде бұл шараның маңыздылығы жоғары. Былтыр Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда ономастика мәселесі қозғалып, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ономастика саласының тарихи сана-сезімді жаңғыртудың маңызды идеологиялық құралы екенін атап өткен болатын. 2021 жылы тарихи шешім қабылданып, облыста 17-ші аудан құрылып, оған Сауран атауы берілді. Облыста жекеменшік мектептердің саны 137-ге жетіп отыр. Жеке кәсіпкерлер ашқан білім беру мекемелеріне өз қалауынша атау беру мәселесін ретке келтіру мақсатында ономастикалық комиссия отырысында талқылауды ұсынамын. Сондай-ақ, халықтың көптеп шоғырлануына байланысты атауы жоқ көшелердің көбеюін ескере отырып, тізімге жылына бір рет қосымша түзетулер енгізілсе деген ұсыныс бар. Содан соң жергілікті халықтың сұранысы негізінде, біздің облысқа берілген квотаның аздығына байланысты «Тарихи тұлғалар» тізімін өзектендіру барысында министрлік тарапынан Ұлы Отан соғысының батырлары мен ақталған саяси қуғын-сүргін құрбандарының есімдері де енгізілсе деген өтініштеріміз бар, – деді Бейсенбай Дәулетұлы.
Күн тәртібінде өзектендірілген «Тарихи тұлғалар», «Жер-су атаулары» және «Дәстүрлі атаулар» тізімдерін, өзгерістер мен толықтырулар енгізілген әдістемелік ұсынымдар, сондай-ақ, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерімен бірлесіп, республикадағы жаңартылған ономастикалық атаулардың халық арасында кеңінен қолданылатын карталарға (Yandeх, 2GIS) навигациялық құралдардағы ономастикалық атауларды біріздендіру мәселесін барлық өңірмен жан-жақты талқылау мәселелері қаралады. Идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулары бар елді мекендер мен олардың құрамдас бөліктерін қайта атау жөніндегі 2022-2025 жылдарға арналған жол картасының іске асырылуы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар, өңірлердегі ономастикалық ахуал, сондай-ақ, алдағы уақытта атқаруды қажет ететін маңызды мәселелер де айтылды. Сонымен қатар семинарда елді мекендердің және олардың құрамдас бөліктерінің байырғы тарихи атаулары бойынша зерттеу және халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуге бағытталған шаралар да назарға алынған.