Тарихи келісімге қол қойылады

KAZINFORM. Қазақ-қырғыз қарым-қатынасы стратегиялық серіктестік рухында дамып келе жатыр. Бұл туралы Ақордада Қырғызстан президенті Садыр Жапаровпен келіссөз барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

«Ең алдымен, шақыруымды қабыл алып, Қазақ­станға ресми сапармен келгеніңіз үшін Садыр Нургожоевичке шынайы алғысымды айтамын. Мен бұл сапарға ерекше мән беріп отырмын. Қырғызстан – біз үшін бауырлас ел, маңызды әрі сенімді серіктес. Халықтарымыздың мызғымас достығы ортақ тарихқа және рухани құндылықтарға негізделген. Осындай бастауы бар қазақ-қырғыз қарым-қатынасы стратегиялық серіктестік рухында дамып келе жатыр» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы екі ел одақтастық байланысты нығайтуды қолға алғанын атап өтті.
«Бүгін біз тарихи келісімге қол қоямыз. Осы маңызды құжат қазақ-қырғыз қатынастарының дамуына тың серпін беретініне ешқандай күмән жоқ. Сондықтан үлкен үмітпен қарап отырмыз. Оған біздің мүмкіндігіміз де, ынта-жігеріміз де жеткілікті. Жоғарғы мемлекетаралық кеңестің отырысы ынтымақтастық аясын кеңейтуге жол ашады деп санаймыз» деді Қазақстан Президенті.
Пікір қалдырыңыз