Биыл бірнеше нысан пайдалануға беріледі

Бүгінде облыс орталығында бірқатар нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды таяуда қаладағы құрылыс нысандарын аралап көріп, олардың жұмысымен танысты. Алдымен Түркістан қаласындағы Мәдениет үйі ғимаратының құрылысын аралап көрді. Жаңа нысан биыл пайдалануға беріледі деп күтілуде. 

«Сельмаг» су жинау ғимаратын қайта құру бойынша да жұмыс жүріп жатыр. Жобаның құны – 1 651,8 млн. теңге. Жобадағы 4 дана су ұңғымалары жарамсыз күйде екендігі анықталған. Осыған орай, арнайы мекемелер тарапынан барлау жұмыстары атқарылып, су қорын анықтап, 4 дана ұңғыма қазылды. Қазіргі таңда су қоймасының бетон құю, электр жүйелерін қосу, кірпішін қалау, қоршау жұмыстары жүргізілуде. Осы жоба арқылы шаһардың жүздеген тұрғыны сапалы ауыз суға қол жеткізбек.
Киелі шаһарда Жастар ресурстық орталығы ғимаратының құрылысы да қарқынды жүруде. Жаңа ғимарат құрылысы маусым айында аяқталады деп жоспарланған. Жаңа нысанда демалыс аймағы, электронды кітапхана бөлмесі болады. 80 адамға арналған көпфункционалды зал мен заманауи тренажерлармен жабдықталған шағын спортзал, түрлі үйірмелерге арналған залдар да қарастырылған. 
Дархан Сатыбалды жауапты басшылар мен мердігерлерге жұмысты адал, сапалы әрі уақтылы атқару жөнінде тапсырма берді. Сондай-ақ, жастарға арналған орталықты қажетті құрылғылармен толық жабдықтауды жүктеді. 

Пікір қалдырыңыз