Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес күшейтіледі

Түркістанда нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл қызметін үйлестіру жөніндегі өңірлік ведомствоаралық штаб мәжілісі өтті. Штаб төрағасы, облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев қоғамның дертіне айналған нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күресті жандандыру қажет екенін айтып, жауапты мекеме басшыларына жұмысты ширатуды тапсырды. 

Мәжілісте облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы А.Байдуәлиевтің, облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Б.Жанәбілдің, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары А.Қасымбекованың баяндамалары тыңдалды. 
Өңірде есірткілік заттарға тәуелді 292 науқас бақылауда тұр. 2024 жылдың 3 айында наркологиялық стационарлық бөлімшеде өз еркімен нашақорлықтан 6 науқас емделіп шыққан. Өңірлік ведомствоаралық штабтың жұмыс жоспарына сай облыстың мектептерінде, жоғары оқу орындарында, нашақорлықтың алдын алу мен салауатты өмір салтын насихаттау бойынша жастар арасында үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп, нашақорлықтың, маскүнемдіктің және насыбайды қолданудың алдын алу мақсатында семинар, кездесулер өткізілуде. 
 «Дәріханалық нашақорлықпен» күрес жұмыстары, оның ішінде «Трамадол» және адам ағзасына күшті әсер беретін дәрілік-препараттарды рецептсіз сату деректерін анықтау және оның алдын алу бойынша атқарылып жатқан іс-шаралар туралы облыстық медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің бастығы Д.Тагибаев, облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының міндетін атқарушы А.Бұрхановтың баяндамалары тыңдалды.
2024 жылдың 3 айында есірткінің заңсыз айналымына қатысты 212 дерек анықталған. Оның ішінде есірткі сату бойынша 12 дерек, есірткіні контрабандалық жолмен тасымалдау арнасының 64 дерегі тіркелген. Заңсыз айналымнан 116,6 келі есірткі заттары тәркіленді. Биылғы 3 айда синтетикалық есірткіні жарнамалаған 60 ақпараттық сайт бұғатталды.
Сондай-ақ, тексерудің нәтижесінде аса күшті дәрілік заттардың рецептсіз босатылғаны бойынша биылғы 3 айда 18 хаттама толтырылып, 3 322 800 теңге айыппұл салынған. 
Пікір қалдырыңыз