«Бешбармақ» деп өз беделімізді өзіміз түсіріп жүрміз...

Айтсаң өзіңе тиеді...
Айтпасаң сөздің атасы өледі.
Асылған ет, қамыр ауқат, ет, іңкәл, ет ауқат, бешбармақ... Бұлар қазақтың ұлттық тағамының әр өңірдегі атауы. Тұрақты атауы жоқ осы асты қазақтың бас тағамы деу қисынға келе ме? Егер қисынға келсе, онда неге бір атауға тоқтамаймыз? Ары тарт та бері тарт деп, айтысып-тартысып жүргенімізде, отаршы ел «казахи бешбармачничают» деп әжуалап, «бешбармақ» деген күлкілі атауды мойнымызға қамыт етіп ілді де жіберді. Міне, содан бері үлкен де, кіші де «бешбармақ» деп өз-өзімізді келекелеп, өз беделімізді өзіміз түсіріп жүрміз. «Қазақ әдеби тілінің сөздігінде» бұл ас: «Етке қамыр салып жасалатын қазақтың ұлттық тағамын өзге ұлт өкілдерінің (!) атауы» деп анық жазылған.
Сөздің этимологиясына үңіліп көрелік. Бесенеден белгілі, қазақта «беш» деген сөз жоқ, «бес» дейміз. Қолда бас бармақ қана болады, қалғаны саусақ. Яғни тамақты қолмен жегеннің өзінде бір қолда бес бармақтың болуы мүмкін емес. Болса мутанттарда ғана болатын шығар...
Кафе-ресторандардың ас мәзірлеріне көз жүгіртіп көрдік. Барлығы бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай «бешбармақ» деп бадырайтып жазып қойған. Қай ұлттың тағамы? Мұны шетел турисі қалай ажыратпақ? Қынжылатын тұс осы.
«Ташкент шайын» «Түркістан шайына» ауыстыра алмай әлек болып жүруші едік, енді мына «бешбармақ» шықты. «Башбармақты» «Қазақ асы» деп алмастыру үшін тағы елу жыл жүретін шығармыз...

Бекжігіт СЕРДӘЛІ. 

Пікір қалдырыңыз