Сапалы мамандарға сұраныс көп

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасының басым бағыттарының бірі – заман талабына сай білім алған, озық технологияларды жетік меңгерген мамандар даярлау арқылы инновациялық экономиканы дамыту. Себебі, еліміздің болашағы, халық­аралық аренадағы беделінің артуы және ұлттық қауіпсіздігіміздің қамтамасыз етілуі мемлекет алдындағы жоғары жауапкершілікті сезіне алатын білікті мамандарға тікелей байланысты.

Осы тұрғыдан алғанда, бүгінгі заман талаптарына толық жауап беретін жоғары оқу орындарының бірі – Шымкенттегі Орталық Азия инновациялық университеті. Білім ордасы Ресей, Польша, Тәжікстан және Өзбекстан сияқты озық, дамушы мемлекеттермен тығыз байланыс орнатып, жаңа инновациялық технологияларды бірлесе жүзеге асыруда. Оқыту базасы жаңа технологиялармен жабдықталған жоғары оқу орны студенттерге тәжірибелік бағыт-бағдар бере отырып, болашақ мамандардың білімін шыңдайды. 

Университеттегі «Химия, биология және экология» кафедрасы 1998 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Кафедрада 6В01501 –  «Химия», 6В01503 –  «Биология», 6В01505 –  «Химия – Биология», 6В05201 –  «Экология» және 7М01501 –  «Химия», 7М01502 – «Биология» білім беру бағдарламасы бойынша мамандар даярланады. Аталған кафедраның материалдық-техникалық базасы заман талабына сай жабдықталған. Қазіргі уақытта кафедраны ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Ақмарал Мақұлқызы Бердалиева біліктілікпен басқарып отыр.

Сан кәсіптің ішіндегі жан-жақтылықты, білімділікті, икемділікті, шеберлік пен мейірімділікті қажет ететін мамандық – ұстаздық. Сәйкесінше, бұл кафедрада шәкірттерге сапалы білім беріп, Қазақстанды шет мемлекеттерге танытуға да бар күш-жігерін сарп ететін, ғылыми мансапты жүзеге асыруға нақты мүмкіндіктер сыйлайтын профессор-оқытушылар құрамы жұмыс істейді. Олардың қатарындағы ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Е.Байбеков, химия ғылымдарының кандидаты, профессор Рашида Жанәлиева, биология ғылымдарының кандидаттары Н.Есқараев, К.Муминова, А.Сеңкебаева, ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаттары Г.Қылышбаева, Ж.Сапарова, 

А.Исабаева сияқты ғалымдар ұжымда үлкен беделге ие.

Ширек ғасырлық тарихы бар оқу ордасының бүгінгі беделі түлектеріміз қол жеткізген кәсіби жетістіктерімен де бағаланады. Тиісінше, бұл тұрғыда университет түлектерінің толайым табыстарын да мақтанышпен айта аламыз. Олардың әрқайсысы бүгінде қажырлы еңбектерімен ел экономикасын дамытуға сүбелі үлес қосып келеді. Сондықтан біздің университетке оқуға түскен, оның ішінде аталған кафедрада білім алғысы келетін түлектер ертеңгі күні жұмыссыз қалмайды деп сеніммен айта аламыз. 

Кафедра ұжымы.

Пікір қалдырыңыз