Криминогендік жағдай сараланды

Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен жуырда облыстық әкімдік жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысы өтті. Мәжілісте мәлім болғаны – қазіргі таңда өңірімізде криминогендік жағдай тұрақты. Жалпы қылмыстардың саны 9%-ға төмендеген. Оның ішінде аса ауыр және ауыр қылмыстар 20%-ға, қарақшылық тонау 50%-ға, ұрлық 34,3%-ға, бұзақылық 22,5%-ға азайған. Мәжілістің күн тәртібіне негізінен 4 мәселе шығарылды.
ҚР Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Асқар Сапарғалиев пен облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Бағланбек Айтпаевтың айтуынша, облыс аумағында интернет алаяқтықтың ауыр түрлері деректері 65,2%-ға өскен. Мұндай қылмыстардың алдын алу мақсатында түсіндіру жұмыстары атқарылуда. Заңсыз айналымда жүрген «Трамодол» дәрісіне тосқауыл қою бойынша жұмыстарға да күш салынып, нәтижесінде 33 қылмыстық іс анықталып, айғақ заттар тәркіленді.
Комиссия отырысында адам саудасына қарсы қылмыстар бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижесі туралы да сөз болды. Облыстық ПД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Құрманбек Саховтың айтуынша, адам саудасының алдын алуға және еңбекті
пайдалану құрбандарын анықтауға бағытталған жоба аясында арнайы жоспар түзіліп, мобильді топ құрылған.
Сондай-ақ, жиында табиғатты қорғау және браконьерлік құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, өткен жылы бұл мақсатта орман күзеті қызметкерлерімен бірлесіп, 1216 рейдтік іс-шара ұйымдастырылып, 420 заң бұзушылық фактілері анықталған. Заң бұзушыларға 9 млн. теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынған. Жыл басынан бері 40-тан астам заң бұзушылық фактілері тіркеліпті.
Емдік қасиеті бар «Сасық кеурек» және «Қызыл мия» өсімдіктері жойылып кету алдында тұр. Осыған қатысты жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері бойынша сасық кеурек пен қызыл мияны Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізу жұмыстары жүргізілуде.
Түркістан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аға жедел уәкілі Гүлзия Қарсыбай қазіргі таңда ақпараттық жүйеге сәйкес инстаграм әлеуметтік желісінде қаржылық пирамидаларының күдік қауіптері бар «X-LINE», «B2B», «Marqar» аккаунттары облыс аумағында қарқынды дамуда. Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету дерегімен тіркелген 2 қылмыстық іске байланысты қазір тергеу жұмыстары жүргізілуде. Жүргізілген талдау барысында шамамен 650 млн. теңгеге 2000-нан аса салымшыныңТүркістан облысы аумағында, атап айтқанда, Түлкібас, Төлеби, Жетісай, Мақтаарал аудандарының тұрғындары екені анықталған. Аталған істер бойынша тергеу сотының қаулысымен 15 күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасы қолданылған.
Облыс басшысы қаржылық пирамидалардың алдын алу, қаржылық алаяқтық, лудоманияға қарсы күрес және экономикалық қылмыстар деңгейін төмендету мақсатында нақты шаралар қабылдауды, бұл жұмыстарды бір жүйеге келтіруді тапсырды.
Е.Қожахметұлы.