Саумалық айту – салтымыз

Аман Жайымбетов,
«Оңтүстік Қазақстан».

Наурызға қатысты халық танымында түрлі салт-дәстүр, наным-сенім мен әдет-ғұрып бар. Кімде болса, жыл басынан жақсылық күтіп, әр істі жақсы ырымға балайды. Бүгінгі айтпағымыз да осы наурыздағы наным-сенім мен ырымдар жайлы болмақ.

Түбі бір түркі халқы бұл мезгілді жылдың басы, жаңару, тазару айы деп білген. Қараңғының – жарыққа, ызғардың – жылыға, қараның – аққа, сордың – баққа, кесірдің – киеге, жоқтың – барға ауысатын осынау мезгілінде жылдың басын тазарудан бастап, мал-жан ауру-сырқаудан аман болсын деп ырымдап, ауыл-аймақ, арық-атызды тазартып, адамдар жаңа, таза киім киіп жылды ерекше көңіл-күймен қарсы алатын болған. Жаңа жылдың алғашқы таңы атып, күн шыққанда, «күннің құты дарыған кісі мол ырысты болады» деген сеніммен «Қызыр түнін» күзетіп, тілек тілеген. 
Наурызнамада сойылған көк өгіздің бауыздау қанымен балалардың маңдайына күн бейнесін салып, «Құты дарысын, сіңсін» деп ырым еткені де ескі жазбаларда жиі кездеседі. «Көк қаулап өссін, ақ мол болсын» деп ырымдап, «Құтаю» рәсімі бойынша жаңа бүрлеген шыбыққа ақ бүріккенін де бүгінде екінің бірі біле бермейді. Пәле-жала, ауру-сырқау, реніш-қайғы өткен жылда қалсын, отпен жанып кетсін деп «Аластау» рәсімін жасағанын да айта кетейік. 
Ұлыс күні жауған қарды «Ақшақар», «Нұржауды» деп атайды. Бұл басталатын жылдың ырысты болатындығының нышаны. Егер бұл қарға түскен құмалақ батып кетсе, көктем ерте шығады, ал, батпай, бетінде қалса, көктем тағы қырық күнге кешігеді деп болжаған. 
Ауыл ақсақалдары, көрші-қолаң «Ақ мол болып, көпшілікке бұйырсын» деген ниетпен бірін-бір «қымызмұрындыққа» шақырып, тойлаған.
«Саумалық» ырымы бойынша, әрбір отбасы Наурыз тойында:
Саумалық, саумалық,    
Жаңа келген жақсылық.      
Жаңа келген мереке,      
Жаңа келген береке.        
Көрмедік пе, көрдік пе?
Саумалық, саумалық,                                                                                     
Саумалық, саумалық,
Қап тауының көк құсы
Ұйқыдан көзін ашты ма?
Саумалық, саумалық,
Самарқанның көк тасы,
Жібіді ме, көрдің бе? – деп өлеңдеткен екен.
Пікір қалдырыңыз