Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы бауырластық байланыс беки түсті

Бакуге мемлекеттік сапармен келген Қасым-Жомарт Тоқаевты Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев «Загульба» резиденциясында қарсы алды.

Салтанатты рәсімнен соң президенттер шағын құрамда келіссөз жүргізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ильхам Әлиевті Әзербайжан президенті сайлауындағы айқын жеңісімен және биыл Бакуде СОР 29 саммитін өткізу мүмкіндігіне ие болуымен құттықтады.
Президент Қазақстан мен Әзербайжан ынтымақтастығының мазмұны байып, бірлескен ірі жобалармен толыға түскенін және қарқынды дамып келе жатқанын жоғары бағалады.
Өз кезегінде Әзербайжан президенті Қазақстанмен арадағы бауырластық байланыстардың беки түскенін айтты.
Келіссөз барысында тараптар сауда-экономикалық, көлік-транзиттік, энергетикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық, сондай-ақ, цифрландыру, азық-түлік қауіпсіздігі және жаңартылатын энергия көздері салаларындағы ықпалдастық мәселелерін талқылады.
Сонымен қатар, екі ел экономикасының дамуына тың серпін беретін инвестициялық жобаларды іске асыру перспективасы қарастырылды.
Сапар қорытындысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әзербайжан президенті  Ильхам Әлиев бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін  бірлескен мәлімдеме жасады.
Президент Әзербайжанды Қазақстанның стратегиялық серіктесі ретінде атап өтіп, бауырлас мемлекетке жасаған сапарының мән-маңызына тоқталды.
– Бұл мемлекеттік сапар елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту тұрғысынан өте маңызды. Менімен бірге үлкен делегация келді. Бұл бауырлас Әзербайжан еліне жоспарланған осы мемлекеттік сапарға мейлінше тыңғылықты дайындалғанымызды білдіреді. Бүгін біз тиісті құжаттар мен келісімдерге қол қою рәсіміне қатыстық. Ең бастысы, арадағы келісімге сәйкес, екі ел үкіметтері мен басқа да салалық ведомстволар жоғары деңгейдегі кездесулер барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды толыққанды жүзеге асыруға бар күш-жігерін жұмсайды, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Әзербайжанның ықпалдастығы достыққа, сенімге, бір-бірінің мүддесін құрметтеуге және ескеруге негізделген мемлекетаралық қатынастың озық үлгісі саналатынын айтты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, жоғары деңгейдегі байланыстардың бәрі екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарды нығайту үшін өте пайдалы. Президент Жоғары мемлекетаралық кеңестің алғашқы отырысында талқыланған мәселелердің маңыздылығына назар аударды.
– Біз бүгін бүкіл әлемде ресурстардан бөлек, көлік-логистика саласындағы мүмкіндіктерге қол жеткізу үшін бәсекелестік күшейіп келе жатқаны туралы айттық. Бұл – стратегиялық сала. Қазақстан да, Әзербайжан да сенімді серіктестіктер ретінде бұл бағытта тығыз қарым-қатынас жасап жатқаны қуантады. Сиань портынан Қазақстан аумағы арқылы Әзербайжанға дейінгі теміржол бағдарын ашудың өзі көп нәрсені аңғартады. Бұл, шын мәнінде, өте маңызды шара. Біз цифрландыру, жасанды интеллект жүйесін құру, Каспий теңізінің табаны арқылы оптикалық-талшықты байланыс желісін тарту бағыттарында күш-жігер біріктіру туралы пікірлестік.  Мұның бәрі – бірегей жобалар, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелеріне арнайы тоқталды. Сондай-ақ, Қазақстанның мәдениет күндерін жоғары деңгейде өткізгені үшін Әзербайжан тарапына ризашылығын білдірді. 
– Біз өз елімізде Әзербайжан мәдениетінің майталмандарын асыға күтеміз. Бұл іс-шараның табысты өтетініне ешқандай күмән жоқ. Өйткені, Әзербайжан мәдениетіне деген қызығушылық қашанда жоғары. Турасын айтқанда, Сіздің елдің мәдениетіне Қазақстан халқының ықыласы ерекше. Біз әзербайжан өнер қайраткерлерін құшақ жая қарсы аламыз, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті көпжақты құрылымдар аясындағы ынтымақтастықты нығайту маңызды екенін айтты.
Өз кезегінде Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев мемлекеттік сапармен келгені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, келіссөздердің нәтижесіне көңілі толатынын жеткізді.
Пікір қалдырыңыз