Саурандықтар да балық шаруашылығын дамытпақ

Облыс әкімі Дархан Сатыбалды балық шаруашылығын дамыту бағытында инвестиция тарту жұмыстарын күшейтіп, жүйелі жолға қоюды міндеттеген болатын. Осы бағытта Сауран ауданы да балық шаруашылығын дамытуды қолға алды. Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров арнайы Өзбекстаннан келген инвесторлармен кездесіп, балық шаруашылығын дамыту бойынша келіссөздер жүргізді.
Кездесу барысында Жызақ облысы, Шароф Рашидов ауданындағы «Gold Fish agro» балық аулау кластерінің басшысы өз жұмыстарымен таныстырды. Құны 30 миллиард сумды құрайтын бұл жоба жұмыртқа дайындау, балық өсіру, өңдеу, жем-шөп өндіруді қамтиды. Кластердің аумағы 43 гектарды құрайды. Жылына 500 тонна балық өндіруге қауқарлы. Сонымен қатар, кездесуде жүзім шаруашылығын дамытуға қатысты жобалар талқыланды.
Балық өнеркәсібінің негізгі түрлері – балық аулау және оны көбейту, оның өнімдерін өңдеу. Бүгінде тұрғындардың сұранысына орай, ауданда балық шаруашылығына ден қойған кәсіпкерлер саны артып келеді. Бүгінде Сауран ауданының аумағында балық өсірумен 18 кәсіпкер айналысса, оның үшеуі былтырғы жылы кәсібін іске қосты. Бүгінде кәсіпкерлер шағын бассейн салып, балық өсіріп, көбейтуді жолға қойған.
Айта кетейік, Өзбекстан Республикасынан келген инвестормен кездесуді Түркістан облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы ұйымдастырды. 
Пікір қалдырыңыз