«Біз шетелді Шекспирді сахналап таң қалдыра алмаймыз»

Қазақ театр өнерінің қайраткері, даңқты режиссер Райымбек Сейтметовтің есімін Түркістан қаласынан бөлек қарастыру қиын. Бүгінде Түркістан сазды-драма театры белгілі режиссердің есімімен аталады. Ал, жуырда осы өнер ордасына Арман Әлиев директор болып тағайындалды. Орайы келген бір сәтте бізге Арман Әлиевпен сұхбаттасудың сәті түсіп еді.  

– Арман Махмұтұлы, Түркістанға қош келдіңіз! Өзіңізді ел «Тракторист» әніңіз арқылы танып, «Арман тракторист» деп атап кетіп еді. Байқауымша, осыдан кейін әншілік өнерді жалғастырмаған сияқтысыз...

– Иә, мені халыққа «Тракторист» әні танытты. Ал, өнердегі жолымды «Шымкент-шоу» әзіл-сықақ театрынан бастағанмын. Осыдан жиырма жыл бұрын жаңақорғандық өнерпаз, 

«Экс­пресс» тобының мүшесі Талап Тұтаевтың «Тракторист» әні өзіме қатты ұнады. Содан әнді жазып, оған бейнебаян түсірдік. Көпшілік ондағы «Тракторист, тракторист» деген сөзге ғана мән береді. Негізі әннің мәтініне мән берген адам оның мағынасы терең екенін ұғады. Қарапайым ауыл жігіттерінің жүрек түбінде жатқан шынайы сезімін түсінбей, кеудесінен қағатын қыздар аз ба?!  

Композитор Бақытжан Исламқұлов «мұның жалғасын жазу керек» деген идея айтып, «Жеке трактор» деген ән жазылды. Осылайша, екінші альбомым жарық көрді. Дегенмен, мен өзімді әншімін деп есептемеймін. Бірақ, «әу» демейтін қазақ жоқ. Жалпы, актерлердің ән айтқанын өнерпаз ретінде дұрыс қабылдаймын. Өйткені, актер әннің мән-мағынасын түсініп, әр сөздің тереңіне бойлап, образын ашып орындай алады. 

Кәсіби әнші болмағандықтан, әншілік жолды әрі қарай қууды жөн деп санамадым. 

– «Оңтүстік циркте» еңбек еттіңіз. Кенже қалған цирк өнерінің кейінгі жылдары дами бастағаны байқалады. Онда, әлбетте, сіздің де қолтаңбаңыз бар деп ойлаймын. 

– 2011 жылы Шымкентте «Оңтүстік цирк» мекемесі ашылып, 2012 жылы мені режиссер болуға шақырды. «Жарнама және халықаралық байланыстар» деген бөлімде жұмыс істедім. 2014 жылы Астана қаласындағы Қ.Қуанышбаев атындағы драма театрға директордың орынбасары қызметіне шақырды. Бірақ, отбасылық жағдайыма байланысты онда ұзақ уақыт тұрақтай алмадым. Сол кезде «Оңтүстік цирк» мекемесінің алғашқы директоры Сәбит Әбдіқалықов орнына басшылық қызметке мені ұсынды. Сонымен цирктің тізгінін ұстадым. 

Бар қажыр-қайратымды, қабілетімді өзім басқарған өнер ұжымын өрге сүйреуге, оны дамытуға жұмсадым. Жарнаманы жолға қоюға күш салып, 12 мемлекетпен байланыс орнаттық. Цирк ұжымдарымен, өнер промоутерлерімен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істедік. Түрлі халықаралық фестивальдерге қатысып, жүлделі орындарды иелендік. 

Біздің қоғам, өкінішке қарай, циркті тек бала-шаға көретін, жеңіл-желпі өнер ретінде бағалайды. Клоунды жай ғана сайқымазақ деп қабылдайды. Клоунада деген жанр – өте  күрделі жанр. Клоун сөйлемей-ақ іс-әрекетімен, қимыл-қозғалысымен,  ым-ишарасымен, мимикасымен  көрерменге күлкі сыйлай білуі керек.  

Цирк – отбасымен келіп демалатын мәдени орын. Цирктің тізгінін ұстағанда ұжымыма «біздің қойылымдар балаға да, оның ата- анасына да ұнайтын болуы керек» деген талап қойдым. Қойылымдарға мейлінше ұлттық элементтерді қосуға тырыстық. Қызмет барысында талай шенеуніктермен, әкімдермен жұмыс істедік. Көбі қойылымдарды еуропалық үлгіде жасау керек дейтін. Олармен жиі-жиі келіспей қалатынбыз. Шетелдерде оқып келген кейбір азаматтар сол жақтың танымын, мәдениетін тықпалауға бейім тұрады. Иә, біз шетелді Шекспирді сахналап таң қалдырмаймыз. Есесіне, өзіміздің  «Еңлік-Кебегімізбен», «Қарагөзімізбен» яки «Абылай ханымызбен» қазақтың дара болмысын таныта аламыз. Менің өнердегі ұстанымым осы. 

– Бұған дейін Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театрында жұмыс істегеніңізді білеміз. Ал, драма театрға қалай келдіңіз? 

– Өнер жолындағы алғашқы қадамымды «Шымкент–шоу» әзіл-сықақ театрынан бастадым. Өзіңіз айтқандай, репертуарымыз негізінен комедиялық қойылымдардан тұратын. Басшылыққа келгенімде маған сол стереотипті бұзу керек болды. Сөйтіп, режиссер Ғазиз Арынмен ақылдаса келе Д.Исабековтің «Сүйекші» повесінің желісімен көрермендерге трагедиялық қойылым ұсындық. «Сүйекшіге» белгілі актер Жүсіп Ақшора таңдалды. Ол өмір бойы комедияда шыңдалса да, трагедиялық образды керемет ашты. Сахнада 1 сағат 20 минут көрерменді жалықтырмай жалғыз өзі ойнады. Көрермен «Сүйекшіні» өте жылы қабылдады. 

– Жасыратыны жоқ, театрға, әсіресе, драма театрына өнердің шоу бағытында танылған азаматтың басшылыққа келуі алғашында  тосындау көрінгені рас. «Сазды драма театр» деген мәртебесі бар, негізін театр тарланы Р.Сейтметовтей  азамат қалаған өнер ордасының тізгінін ұстап, туын көтеру  Сізге қаншалықты жауапкершілік жүктейді?

– Рас, мен көпшілікке шоу бағытында танылдым. Кеше ғана ән айтып жүрген  азамат бүгін драма театрдың тізгінін ұстапты ғой дейтіндер де табылар, бәлкім. Иә, театр – бекзат өнер. Райымбек ағамыз құрған Түркістан театрына басшылық жасау маған үлкен жауапкершілік жүктейді. Бұған дейін өнер саласында менеджер ретінде түрлі ұжыммен жұмыс істеп ысылған, тәжірибе арттырған адам ретінде сенімді ақтаймын деп ойлаймын.

– Театрдың  бағыты қалай болмақ, алдағы жоспарлары қандай?

– «Арық айтып, семіз шық» деген қазақтың әдемі мәтелі бар. Алдын-ала жар салмай-ақ қойсам деймін. Жоспарымыз бен жобаларымыз әзірге құпия болсын. Алдағы уақытта Р.Сейтметовтің туған күніне орай театр апталығы өтеді. Апталықта Р.Сейтметов кезінде өзі қойған «Көк түріктер», «Ең әдемі келіншек», «Келіндер көтерілісі», «Домалақ ана» қойылымдары сахналанады. Мерекелік концерттік бағдарлама ұсынылады. «Көк түріктер» тарихи драмасын екі тілде қойып, театрды халықаралық деңгейге көтеруді көздеп отырмыз. Күтіңіздер, бұйыртса, театрда елді елең еткізетін жағымды жаңалықтар көп болғалы тұр. 

– Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңыз үшін көп-көп рахмет! Еңбектеріңізге табыс тілейміз.


Сұхбаттасқан Әтіргүл ТӘШІМ. 

Түркістан қаласы. 

Пікір қалдырыңыз