Қазақ әйелдерінің ғылымдағы үлесі қандай?

ХХ ғасырдың басына дейін әйелдер ғылым саласында некен-саяқ қана еді. Тіпті сол кезде олар қатты кемсітушілікке ұшырады десе де болады. Әйелдер ғылыммен айналысуға қабілетсіз  деп  есептелді. Ал, бұл кедергілерді жеңіп шыққан  жаңашылдардың өзі  еңбектерін бүркеншік атпен қорғап, олардың жаңалықтары көбінесе ер әріптестеріне тиесілі болды.

Бүгінде Қазақстан ғылымындағы әйелдердің рөлі мен орны өркениетті елдердегідей біртіндеп артып келе жатыр. Соңғы онжылдықта  еліміз өзінің ғылыми базасын талантты ғалымдарды, оның ішінде әйелдерді ғылым мен зерттеудің түрлі салаларына тарту арқылы белсенді дамытуда. ЮНЕСКО-ның Статистика институтының деректеріне сүйенсек, Қазақстан ғалым-әйелдер саны бойынша әлемдегі алғашқы 10 елдің қатарына енді.
Ғылыми жаңалықтар ашу үшін өзіңізді ғылымға толығымен арнау керек. Әйелдерге бұл айтарлықтай қиындық тудырады, өйткені ол өмірге сәби әкелуі керек, сосын бала күтіміне, үй міндеттерін орындауға алаңдайды. Осылайша, өзінің мансабын тоқтатуға мәжбүр болады, ғылымнан алыстап кетеді. Сарапшылардың пікірінше, әйелдердің ғылымға тең және толық қолжетімділігін қамтамасыз етуді арттыру үшін жұмыс орындарында бақыланатын балалар бөлмелері, сәбилерге арналған балабақшалар, қашықтан жұмыс істеу мүмкіндігі немесе жұмыс күнінің жартысын кеңседе, қалған жартысын «қашықтан» атқаруды қамтамасыз ету сияқты жағдайлар жасалу қажет. Бұл басқа елдерде (негізінен ғылым дамыған Еуропа мен АҚШ-та) қолданысқа енгізілген.
Әйел ғалымдар ғылыми атмосфераны қалыптастыруда және инновацияларды енгізуде, жалпы қоғамның дамуына ықпал етуде маңызды рөл атқарады. Олардың ғылыми-зерттеулерге қатысуы елге пайда әкеліп қана қоймай, сонымен қатар жас ұрпақты үлгі алуға және болашақта ғылыми-зерттеулерді жалғастыруға шабыттандырады. Елімізде көптеген талантты және табысты әйел ғалымдар бар. Олардың жетістіктері ғылым мен зерттеудің түрлі салаларына елеулі үлес қосуда. 
Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті де оңтүстік өңірінде ғылыми-педагогикалық кадрлардың ұстаханасы болып табылады. Университет ұжымында әйелдер саны 74%-ды құрайды. Барлығы 433 оқытушының 319-ы қыз-келіншектер,  олардың орташа жасы 49-ды құрап отыр. Біздің ЖОО-да Роза Қадырбаева, Хадиша Әбдірахманова, Ғалия Мәдібекова сияқты көрнекті ғалымдар жұмыс істейді. Сондай-ақ, Перизат Әбдіразова, Баян   Уәлиханова, Ақбілек Мыңбаева, Маржан  Дүйсенова сынды талантты жас ғалым-әйелдердің де саны артып келе жатқаны қуантады. Бұл ғалымдарымыз жоғары және орта білім мазмұнын жаңарту, жаңа педагогикалық әдістеме, білім беруде жасанды интеллектіні қолдану, STEM технологиялары, геймификация, заманауи педагог құзыреттері секілді бірқатар салаларда қаржыландыру көлемі 60 млн. теңгеге дейін жететін  ғылыми-зерттеу гранттарына жетекшілік жасауда. Университетімізде гранттық қаржыландыру аясында барлығы 12 жоба жүзеге асырылып жатыр, оның ішінде «Жас ғалым»  конкурсының 5 үміткері де нәзікжандылар.
Профессор, химия ғылымдарының кандидаты Ғалия Мәдібекованың «Сүт өнеркәсібінің қалдықтары негізінде функционалды сусындарды байыту үшін пробиотиктерді микрокапсуляциялау технологиясын әзірлеу» тақырыбындағы ғылыми- зерттеуінің жаһандық маңызы зор.  Жоба пробиотикалық микроорганизмдердің тұрақтылығы мен белсенділігін сақтау, қызмет ету мерзімін, әсерін ұзарту үшін микрокапсуляциялау технологияларын қолдануды зерттеуге арналған. Зерттеу арқылы функционалдық сусын әзірлеу үшін сүт сарысуын ашытудың ең тиімді әдісі ұсынылып отыр.  Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығының 2023-2025 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық байқауында бұл жоба 700-ге жуық зерттеу жұмыстарының ішінде топ жарды.
Техника ғылымдарының кандидаты Лаура Сүлейменованың жетекшілігімен  зерттеліп жатқан  «Білім алушылардың кәсіби құзыреттіліктерін  қалыптастыруда  LMS-те оқыту стратегияларын  болжау үшін  машиналық оқытуды интеграциялау» тақырыбындағы зерттеу жұмысы да мемлекеттік  қаржыландыру негізіндегі гранттық  жоба болып табылады. Бүгінде әлем халқы   экономика, қауіпсіздік,  медицина, саясат сияқты адам қызметтерінің бағыттарын  қамтитын  жасанды интеллект, машиналық оқыту және нейрондық  желілер  дәуірінде өмір сүруде.  Сондықтан еліміздің дамуының негізгі басымдықтарының бірі ретінде жасанды интеллект технологиясын және үлкен  деректерді талдауды дамыту анықталуда. Жасанды интеллект технологияларын  білім беру жүйесіне  енгізу педагогиканың  бірқатар  мәселелеріне жауап береді. Бұл технология соңғы онжылдықта қарқынды дамыды.  COVID-19 пандемиясы кезінде мектептердің жабылуына байланысты тіпті кеңейе түсті. Дегенмен, жасанды интеллект арқылы білім беруде теориялық  және практикалық  тұрғыдан  тиімді оқытудың  қалай жүріп жатқанын  бағдарлайтын  деректер  әлі де жеткіліксіз. Ал, аталған  зерттеу жұмысы білім беру жүйесін  жақсарту үшін  жасанды интеллект технологиясын  қалай қолдануға болады деген  сұраққа жауап береді.  
Педагогика ғылымдарының кандидаты Альмира Ибашованың жетекшілігімен SMART-білім беру жағдайында «Scratch» және «Робототехника» курстары бойынша бастауыш мектепте ақпараттық білім ортасы әзірленді. Жоба аясында бастауыш сыныптарда оқытудың педагогикалық шарттары анықталып, «Scratch» және «Робототехника» курстары бойынша контент бағдарламасы дайындалды. Жаңа бағдарлама балалардың ұлттық танымын арттыруға үлес қоспақ. Енді бастауыш сынып оқушылары қазақ аңыз-ертегі кейіпкерлерін ақпаратты техника арқылы танып білетін болады. Сондай-ақ, робототехника мен ақпаратты-техникалық қосымшадағы ойын ережелері арқылы қазақы бұйымдар мен ұлттық ойындарға қызығушылығы артады. Ол үшін жоғарыда аталған курстар аясында дамытушы анимациялық бейнероликтер мен ойын жаттығулары әзірленді. 1-4 бастауыш сыныптары үшін типтік бағдарламаға сәйкес ойын тренажерлері, Padlet 
интерактивті тақтаға арналған 46 тапсырма жинақталған. Бұл ойын жаттығулары Umaigra, WordWall, LearningApps, LiveWorksheets, тағы басқа онлайн-платформаларда жасалынды. Оқу-әдістемелік құралдары жарияланып, авторлық куәлікке қол жеткізілді. Қазір ақпараттық білім ортасын пайдалану бойынша мектептерде тәжірибелік-эксперименттік жұмыстар  жүргізілуде.  
Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің PhD докторы, қауымдастырылған профессор міндетін атқарушы Ақбілек Мыңбаева алдағы жылы АҚШ-тың California-Davis университетінде ғылыми тағлымдамадан өтпек. Жас ғалымға бұл мүмкіндік «Болашақ» халықаралық стипендиясы арқылы беріліп отыр. Ақбілек Пазылханқызы мектептерде қазақ тілі мен әдебеиеті пәнін оқушыларға жеңілдетілген әдіспен үйрету жобасымен айналысуда. Бұл жоба Ғылым және жоғары білім министрлігі жариялаған гранттық қаржыландыру конкурсында жеңімпаз деп танылып, 14 миллион теңге ұтып алды. Нәтижесінде ол жалпы білім беретін мектептердің 10 және 11 - сынып оқушыларына арналған электронды оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерін жасады. Жас ғалымның әдістемесі лингвистика мен мәтінді талдауға негізделген. Оқыту мен ғылымды шебер ұштастырған маман «ЖОО үздік оқытушысы» атанып, көп ұзамай Түркияның Гази университетінде тағлымдамадан өткен. Осындай үздіксіз ізденістің нәтижесінде АҚШ-қа ғылым көкжиегі ашылып отыр. 
Айта кетелік, өткен  жылдың қорытындысы бойынша университетімізде 11 ғалым «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері атанды. Оның барлығы да нәзікжандылар. Аталмыш профессор-оқытушылар әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында ғылыми тағлымдамадан өтіп, жаратылыстану ғылымдары, гуманитарлық сала, әлеуметтік ғылымдар бойынша зерттеулер жүргізіп, тәжірибе алмасып, білімдерін жетілдірмек. 
Әйелдердің ғылыми-зерттеулерге қатысуын күшейту үшін гранттар беру, тәлімгерлік бағдарламаларды құру, білім беру іс-шараларын өткізу және олардың ғылыми дамуын қолдауға бағытталған түрлі бағдарламалар мен бастамалар жүргізу жұмыстары жалғасын таба 
бермек.

Гүлжан  СҮГІРБАЕВА, 
Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ Басқарма төрайымы – ректор міндетін уақытша атқарушы,  доцент, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент.
Пікір қалдырыңыз