Ұстаз, Ана немесе 11 балалы отбасының жарасымды өмірі

Айдар ҚҰЛЖАНОВ,
«Оңтүстік Қазақстан».

Мынау жарық дүниені қараңғы түнекке айналдырмай сақтап тұрған ұлы құдірет – ана мейірімі. Ананың ақ жүрегі, адал пейілі мен қос жанарынан төгілген шуағы бүкіл дүниеге жылу сыйлайды.  Адамның рухани өсуі мен азамат болып қалыптасуы үшін оған, ең бірінші, ананың аялы алақаны, отбасының шексіз мейірімі қажет. Сондай үлкен отбасының ұйытқысы болып, күні ертең елге қызмет ететін азаматтарды тәрбиелеп отырған жандардың бірі – ұлағатты ұстаз, көп балалы ана, «Алтын алқа» иегері Эльмира Әйімбет. 

Эльмира Сәрсенбекқызы 1982 жылы Ордабасы ауданы, Төрткүл ауылында дүниеге келген. 1999 жылы орта мектепті бітіріп, Оңтүстік Қазақстан ашық университетіне ағылшын тілі пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша оқуға түскен. Жоғарғы оқу орнын аяқтаған соң 2003 жылы Ордабасы ауданы, Тоқсансай ауылының тұрғыны Ардақ Қонысбаев деген азаматқа тұрмысқа шығады. 
– Балаларға деген мейірім мен сүйіспеншілік менің бүкіл тағдырыма әсер еткен сияқты. Бір жағынан ұстаздық жолды таңдауыма осы балажандығым түрткі болса, екінші жағынан бұл менің көп балалы болуыма да ықпал еткендей, – дейді кейіпкеріміз.
Иә, 2004 жылы «Тоқсансай» жалпы орта мектебіне ағылшын тілінің мұғалімі болып жұмысқа орналасқан ол содан бергі жиырма жыл бойына қаншама шәкірттің білім нәрімен сусындап, шет тілін меңгеруіне жол ашты.
Осы жылдар аралығында Эльмира Әйімбет тек шәкірт тәрбиелеумен айналысып қойған жоқ, сонымен қатар ол Айшагүл, Мерей, Тоғжан, Ұлбала, Айкөркем есемді 5 қыз бен Тілеуқабыл, Сейітжан есімді қос ұлды дүниеге әкелді. 
– 2021 жылы нағашы жұртымда қайғылы жағдай орын алды. Анамның інісі, яғни, нағашы ағам мен оның жары ауыр дерттен қаза тауып, үлкені 13 жас, ал, кішісі 7 жастағы 4 бүлдіршін ата-анасының қамқорлығынсыз қалды. Бұл жағдай бәріміздің жанымызға қатты батты. Оларды көзін жәутеңдетіп, басқа жаққа қалай жібермекпіз?! Сол кезде жолдасым «Ардақ, балаларды біз қамқорлығымызға алсақ, қалай қарайсың?» деді. «Сіз келіссеңіз, мен дайынмын» деп ойланбай жауап бердім. Бір жағынан балалардың жат бауыр боп кетпейтініне, екінші жағынан азаматымның адамгершілік танытып, осындай бастама көтергеніне дән риза болып, іштей қатты қуандым. Содан бері Айсағым, Айғаным, Нұргүл мен Әбілқасым есімді балаларымыз ортамызды толтырып, қуанышымызға қуаныш қосты, – дейді ол. 
Жасырақ кезде күйеуі «Ардақ, екеуміздің 10-15 бала-шағамыз болса, шіркін» деп жиі армандайды екен. Сол тілеуі қабыл болып, бүгінде 11 баласы бар, ынтымағы жарасқан, үлкен де бақытты отбасының әкесі атанып отыр. 
Бүгінде үйдің үлкені Айшагүл М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің 3-ші курс студенті, болашақ заңгер. Қалған балалардың барлығы мектеп жасында. Бәрінің де оқудағы үлгерімі жақсы, бірі өнерге, екіншісі спортқа қызығушылық танытады. Ең бастысы, көп балалы отбасыда тәрбиеленіп келе жатқандықтан барлығының бойынан бауырмалдық байқалады. Ата- ананың өз перзенттеріне қалдыратын ең үлкен мұрасы көркем тәрбие екенін ескерсек, бұл – өте маңызды мәселе дер едік. 
– Төртінші қызымыз дүниеге келгенде жақсы ниетпен ырымдап есімін Ұлбала деп қойған едік. Арада 2 жыл өткенде шынымен  ұл балалы болдық. Тілеуімізді қабыл алған Құдайға шүкіршілігіміздің белгісі болсын деген ниетпен есімін Тілеуқабыл деп қойдық. 
Кейде адамдар «11 баланы асырау қиын емес пе, қалай жеткізесіз?» деп сұрап жатады. Әлгіндей тілеуімізді бірден қабыл алып, сұрағанымызды екі етпей берген Құдай енді бала-шағамызды несібесіз қалдырар дейсіз бе?! Халқымыздың «Бір қозы артық туса, бір түп жусан артық шығады» деген даналығына арқа сүйеп, өмір сүріп келеміз, – дейді Эльмира Сәрсенбекқызы. 
Алтын құрсақты ана жас келіншектерге үнемі «Көп балалы болудан қашпаңдар, әр бала өмірге өз несібесімен келеді» деген ақылын айтып жүреді екен.
Иә, қазіргі қатаң бәсекеге толы қоғам мен қарбаласқан қу тіршілік өмірдегі ең маңызды құндылықтарды ұмыттырып жіберетіні рас. Бірақ, Ардақ пен Эльмира секілді ақ жүректі адамдарды көрген кезде мына әлемді аман сақтап тұрған бауырмалдық, мейірім мен ізгілік деген қасиеттер екенін түсінесің. Осынау асыл қасиеттердің бәрін бір бойына жинай білген  біздің бүгінгі кейіпкеріміз Ұстаз және Ана деген ардақты атқа әбден лайықты жан. 
Пікір қалдырыңыз