Оңтүстік Корея: Байлардың бәрі бақытты емес...

Ерболат АЙНАБЕКОВ,
«Оңтүстік Қазақстан».

Қазақстанда ең көп сатылатын автомобиль маркалары қай елдікі екенін білесіз бе? Әлемде шығарылатын әрбір екінші теледидар қай мемлекетте жасалады? Кейінгі жылдары танымал сериалдарымен, хит әндерімен әлемнің алдына шыққан қай мемлекет? Иә, қазір оңтүстіккореялық тауарлар әлем халқының әрбірінің үйінде. Тіпті, Оңтүстік Корея жастары АҚШ-тың «Ақ үйінде» өз үйінде жүргендей сезінеді. «Ақ үй» жайлы сәл кейінірек. Жастар демекші, елде жүргізілген әлеуметтік сауалнамаға сүйенсек, жастарының 75 пайызы өз елдерінде тұрғысы келмейді. Яғни, жастардың төрттен үш бөлігі мүмкіндік туса, елден кетіп қалғысы келеді екен. Мұнысы несі деп біз де таң қалдық. Ендеше...

Оңтүстік Корея десе бірден ойыңызға не келеді? LG, Samsung, KIA, Hyundai. Табысының өзі миллиард АҚШ долларынан асып кететін осындай компаниялары бар бай мемлекетте тұрудан бас тарту үшін ненің кәлләсін жеу керек? Қалайша бір уақытта бай әрі бақытсыз мемлекет атануға болады? Осы сұрақтарға жауап іздеп көріп едік, оңай таптық. Мәселенің бір ұшы аттары жоғарыда аталған монополист компанияларда жатыр екен. Бұл компанияларды Оңтүстік Кореяда «чеболь» (бай-манаптар) деп атайды. Мұндай компаниялар белгілі бір әулеттерге тиесілі. Осы уақытқа дейін олар ел билігімен ауыз жаласып, қаржылық қулықтар жасап келген. Соның салдарынан елдегі байлар мен орта тап өкілдерінің арасы алшақтап кеткен. Мемлекеттің қазынасын 5-6 әулеттің адамдары өзара бөлісіп, басқалары қарыз үстіне қарыз жамап, несиеге шатылғандардың саны көбейіп кеткен. Одан да қызығы, корей халқы әлемдегі ең көп алкоголь тұтынатын халықтардың қатарына кіреді. 
Елде жемқорлықтың белең алғаны соншалық, осы уақытқа дейін Оңтүстік Кореяның 4 президенті өз еркімен түрмеге түссе, біреуі «темір торға» түспес үшін өз-өзіне қол салған. Тағы 2 президентті өздерінің балалары ұстап берген.
Осындай проблемалардың ортасында отырып әрі ешқандай қазба байлығы болмаса да әлемдік экономиканың көшбасшысына айналу Оңтүстік Кореяның қолынан қалай келді? Ядролық қаруға ие Солтүстік Кореяның тұмсығының астында отырып, гүлденген мемлекетті қалай құрды? Бұл сұрақтарға жауап алу үшін уақыттан сәл шегініс жасайық... 
Әңгімеміздің басында оңтүстіккореялықтардың әлемдік эстраданы жаулап бара жатқанын тегін айтпадық. Танымал «БТС» атты «к-поп» жанрында ән шырқайтын топтың бейнебаяндарын бүгінде миллион емес, миллиардтан астам адам тамашалайды. Оңтүстіккореялық жігіттердің өнеріне жас қыздар ғана емес, егде тартқан АҚШ президенті де тәнті. Қазіргі АҚШ президенті Джо Байден «БТС-ты» «Ақ үйге» шақырып, қонақ еткен.
Осыдан жарты ғасыр бұрын Оңтүстік Корея мүлдем басқа мемлекет еді. 1974 жылы Оңтүстік Кореяның жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімі Солтүстік Кореядан да төмен болатын. «К-поп» жанрдың Отаны саналатын елде ер азаматтарға тіпті шаш өсірудің өзіне тыйым салынатын. Шашы сәл өскен жігіттерді полиция ұстап әкетіп, бөлімшеде шашын қырқатын болған. Экономика саласында да елдің жағдайы мәз емес-тін. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқтала салып, корей соғысы басталып кетті. Бір халықты екіге бөлген соғыс қос тарапқа да оңай тиген жоқ. Салыстыру үшін айтайық, сол кездегі Оңтүстік Корея Африка елдерінен де кедей мемлекет саналды. Жерасты қазба байлығы бар жерлердің басым көпшілігі Солтүстік Кореяда қалып қойды. Жұмыс істеп тұрған өндіріс орындарын да солар иеленіп кетті. Оңтүстік Кореяның меншігіндегі 20 пайызға жуық жер ғана егіске жарамды болды. Сөйткен Оңтүстік Корея аяққа қалай тұрды? Айтсақ таң қаласыз, мұнда қару шығару қарқын алды. Корей соғысы мезі еткен АҚШ әскері Сеулді тастап, елдеріне қайтты. Есесіне Вьетнам соғысына әскер жіберу үшін миллиондаған доллар қаржы бөлді. Оған қоса Оңтүстік Кореяда әскери өндірісті дамытып, автомат, танкі, әскери кеме шығаратын зауыттар салды. Бұл бір жағынан Оңтүсік-Шығыс Азиядағы АҚШ-тың ықпалын күшейтсе, екінші жағынан аймақтың «бұзақысы» Солтүстік Кореяның аптығын басып отыруға септігін тигізді.
Бұл уақытта Солтүстік Корея да қаржылық қолдаудан кенде қалған жоқ. Бір айырмашылығы, мұнда құйылған инвестиция партия билеушісінің қалтасына кетті, ал, Оңтүстік Кореядағы қаржыны жоғарыда атап өткен «чебольдер» бөлісіп отырды. Себебі, Оңтүстік  Корея билігі ақшаны миллиондаған кедеймен бөліскенше, осындай ірі әулеттермен бөлісіп, тыныш қана ел билеуді жөн деп тапты. 
Кезінде Оңтүстік Кореяда инженерлер мен технологтар сұранысқа ие мамандар қатарында еді. Қазір компьютерлік технологияның мамандары жоғары сұранысқа ие. Оңтүстік Корея әлемде ғылым-білімге инвестиция құю бойынша Израильмен бірге көш бастап тұр. Тағы бір таң қаларлық дерек, қазір әлемдік бренд технологияларды шығаруда көшбасшы саналатын «Самсунг» бастапқыда балық, көкөніс сатумен айналысқан екен. Ал, қазір смартфон, теледидар, компьютер, тіпті контейнер тасушы ең үлкен лайнерлерді де жасап шығарады. Әлемдегі ең биік ғимарат «Бурдж-Халифа», Малайзиядағы «Егіз мұнара», Тайбэй мен Санкт-Петербургтегі ең зәулім үйлерді салуда да осы «Самсунгтың» қолтаңбасы бар. Оңтүстік Корея экономикасының бестен бірін осы компания құрайды.
Мемлекетті аяқтан тұрғызу үшін мұндай компанияларды қолдау өте тиімді болды. Себебі, мұндай компанияларға несие беру, инвестиция құю, басқару мемлекетке оңай болатын. Ең басты проблема – мұндай компаниялар белгілі бір әулеттің меншігінде еді. Компанияларды бәсекелестікке сай білікті мамандар емес, әулет мұрагерлері басқарып отырды. Соның салдарынан құлдырау басталды. Оның үстіне елде жұмыс орнының жетіспеушілігі деген проблема шықты. Оңтүстік Корея халқының 70 пайызы – жоғары білімді мамандар. Мұндай жоғары бәсекелестікке төтеп беру оңай болмайтыны екі бастан белгілі. Оның үстіне монополист компаниялар мамандарды шұлықша ауыстырып отырды. Қолайына жақпаған қызметкерді орнынан алып тастау олар үшін түкке тұрмайтын іс еді. Себебі, оның орнына жұмыс сұраған он мыңдаған адам кезекте тұрды.
Біздегі ҰБТ секілді оқушыларға арналған сынақ Оңтүстік Кореяда 8 сағатқа созылады. Бұл әлемдегі оқушыларға арналған ең қиын сынақ саналады. Ол сынақтан өтіп, университетті аяқтап, жоғары білімді маман атанғанның өзінде жұмыстың табыла кетеріне ешкім кепілдік бермейді. Өйткені, бәсекелестік өте жоғары. 2018 жылға дейін елде бір апталық жұмыс сағаты 68 сағатқа дейін жеткен еді. Олар тек жексенбі күні демалып, басқа күндері 11-12 сағатқа дейін жұмыс істеді. 2018 жылдан кейін бір апталық жұмыс уақыты 52 сағатқа түсті. 
Осындай қарбалас жұмыс істейтін оңтүстіккореялықтар әлемдегі ең көп алкоголь тұтынатын елге айналды. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, әрбір оңтүстіккореялық жылына 366 литр спиртті ішімдік тұтынады екен. Бұл олар күніне 1 литр алкогольді сусын ішеді деген сөз! Мұны аз десеңіз, Оңтүстік Корея дамыған мемлекеттердің ішінде суицид бойынша да көш бастап тұр. Мұның бәрі түптеп келгенде, капитализмнің мәңгілік проблемасына келіп тіреледі: байлар байыған үстіне байи түседі, ал, кедейлер одан сайын кедейленеді. Оңтүстік Корея да капитализмнің осы заңдылығын айналып өте алмады. Сондықтан да қазір елдегі жастардың жартысынан көбі шетелге кетіп қалғысы келеді.
Пікір қалдырыңыз