Президент тапсырмасы: арнайы іс-шара жоспары бекітіледі

Өткен аптада Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өткен болатын. Аталған жиында Мемлекет басшысы жаңа Үкіметке, өңір басшыларына бірқатар тапсырмалар беріп, міндеттер жүктеген еді. Осыған орай Түркістанда облыс әкімі Дархан Сатыбалды Президент тапсырмасының орындалуы бойынша аппараттық жиын өткізді. 

– Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен мәжілісте Қазақстанның 2023 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланып, алдағы кезеңнің негізгі міндеттері айқындалды. Кеңейтілген отырыста Президентіміз Түркістан өңіріндегі құрғақшылық пен су тапшылығы мәселесін шешуде су үнемдеу технологиясын кең ауқымда енгізуді тапсырды. Бұл бағытта суды көп қажет ететін дақылдарды азайтып, құрғақшылыққа төзімді дақылдарды көбейтудің қажеттілігіне тоқталды. Әрине, бұл – бүгінгі күн тәртібінде тұрған негізгі мәселелердің бірі. Мемлекет басшысының тапсырмаларын сапалы орындауға бар күшімізді саламыз, – деген облыс әкімі осы мақсатта Түркістан облысының арнайы іс-шара жоспары бекітілетінін жеткізді.

Облыстағы 832 елді мекеннің 739-ы ауыз сумен қамтылған. Бұл көрсеткіш қалаларда – 99,8%, ауылдық елді мекендерде 97%-ды құрайды. 2024 жылы 47 нысанның құрылысына бюджеттен 13,3 млрд. теңге бөлінді. Биыл 37 нысан аяқталады, қалған 10 нысан 2025 жылға өтпелі. Нәтижесінде 24 елді мекен ауыз сумен қамтылады, 13 елді мекеннің тозығы жеткен су құбырлары қайта жаңартылады. 

Облыс елді мекендерін 100% ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында «Түркістан облысы бойынша ауыз сумен қамтамасыз етудің 2023-2025 жылдарға арналған іс-шара жоспары» бекітілді. Жоспарға сәйкес, облыстағы 93 елді мекенді (53,3 мың тұрғын) ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарлануда. Өңір басшысы суармалы жерлердің жайын да жіті қадағалауды тапсырды. Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласы республикада ерекше орын алады. Климаты, орналасуы, жұмыс күші тұрғысынан алғанда облыс аграрлық саланы дамытуға еліміздегі ең қолайлы өңір болып есептеледі. Сондықтан да еліміздегі ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің 13,3%-ы біздің облысқа тиесілі болып отыр. 

Сонымен қатар инвестиция тарту, жұмыс орындарын ашу – Түркістан өңірінің басты бағыты. Өткен жылы өңір экономикасына 972 млрд. теңге инвестиция тартылып, алдыңғы жылдармен салыстырғанда 126,1%-ға артты. Өсім динамикасы еліміз бойынша үздік үштіктер қатарында. Үкіметпен бекітілген жоспар артығымен орындалды. Сондай-ақ, былтыр Түркістан облысында 126,9 млрд. теңгеге 56 инвестициялық жоба іске қосылды. Алдағы үш жылда агроөнеркәсіп, машина жасау, білім және денсаулық, өнеркәсіп және құрылыс, туризм мен энергетика салаларын қамту жоспарлануда.

Облыс әкімі «Жайлы мектеп» пилоттық жобасына қатысты Президент жүктеген тапсырманы жергілікті жерде орындау үшін жұмыла жұмыс істеу қажеттігін еске салды. Өңірде осы жобаны жүзеге асыру бойынша арнайы штаб құрылып, жоспар бекітілген. Жуырда Дархан Сатыбалды жайлы мектептердің құрылысы мен жабдықтауына жауапты компаниялардың басын қосып, ауқымды жиын өткізбек. Мәселе тұрақты бақылауға алынған. Облыста осы жоба аясында 63 мектеп салынады. 

Биыл Түркістан қаласы түркі әлемінің туристік астанасы атанып отыр. Бұл шешім түркітілдес елдердің туризм бағытындағы қарым-қатынасын нығайтуға айрықша серпін беретінін тілге тиек еткен облыс әкімі сала басшыларына бірқатар міндеттер жүктеді. Туризм бағытында инвест жобаларды арттыруды тапсырды. Сонымен қатар, алдағы уақытта Түркістан облысында тарихи-танымдық туризмінен бөлек, емдік-сауықтыру және экологиялық туризм бағыты да жанданбақ.


Пікір қалдырыңыз