Қаңтарда қырыққабат егуді бастады

Келес ауданындағы шаруалар қысқы шілдеде диқаншылықты бастап кетті. Ерте өнім беретін қырыққабат дақылын егу науқаны Ақтөбе ауылдық округінің Бозсу, Қияжол, Ескіқорған ауылында қызу жүріп жатыр. Бүгінде «Әділбек-Е» ЖШС-на тиесілі 20 гектар аумаққа қырыққабаттың ерте пісетін «Фарао» сорты егілуде. 

– Атакәсіппен айналысып, қара қазанымызды қайнатып отырмыз. Жастайымыздан ата-анамыз еңбекке баулып, егіншілікпен айналысуды үйретті. Енді, міне, осы шаруашылықты дамытып отырмыз. 15 жылдан бері көкөністің қырыққабат түрін егіп келемін. Көшеттерді үй ауласындағы жылыжайда дайындаймыз. Жеріміздің құнарлы болуына және климаттың ыңғайлылығына байланысты жылына ашық алқаптан 2 немесе 3 рет өнім алуды да жолға қойдық, – дейді шаруа Ержігіт Қалықұлов.
Ал, Мақтаарал ауданының еңбекқор шаруалары да қаңтардың әрбір күнін сәтті пайдаланып, қырыққабат дақылын егуді қолға алды. Егістік алқаптарда қазірдің өзінде 70-тен астам бригада, 4 мыңнан астам жұмысшы еңбек етуде. 
Қаңтардың суығы мен жауын-шашынына қарамастан егістік алқапта жұмыс істеп жатқан қожалықтардың бірі – «Аллажар» шаруа қожалығы.
Аллажар Әбдірахмановтың басшылығындағы қожалықтың еншісінде 7,2 гектар жер бар болса, соның 4,2 гектарына ерте пісетін қырыққабат дақылы егіліп жатыр. Қазіргі таңда 60 адамнан құралған бригада егістік алқабында тынбай жұмыс істеуде. 
«Жұмысшыларға күніне 5000 теңгеден еңбек ақысын төлеудеміз. Қырыққабаттың «Галикан Ф-1» және «Ринда» атты сорттарын егіп жатырмыз. Негізінен 2 айдың көлемінде еккен егініміз пісіп жетіледі. Егілген көшеттің үстін жапқышпен жауып, жауын-шашыннан қорғаймыз. Ең бастысы, күтіп-баптауға үлкен мән берілуі керек» деді А.Әбдірахманов.  
Ерте пісетін қырыққабат өніміне еуропалықтар мен ресейліктер тарапынан сұраныс өте жоғары. Қазірдің өзінде Мақтаарал ауданы бойынша 160 гектар жерге қырыққабат дақылы отырғызылған. Жалпы биыл 500 гектарға жуық жерге ерте егілетін көкөністер егу жоспарланып отыр.  

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Пікір қалдырыңыз