Өзің жайлы келеді өлең жазғым...

Айгүл Пірімжанова 1975 жылы 25 қарашада Отырар ауданы, Шілік ауылында дүниеге келген. Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі, жеке кәсіпкер. Бір баланың анасы, бес немеренің әжесі.
КӨК ҚЫРАНЫ
Күн батар шақ. Бұлт көшкен.
Дала тыныш.
Көк аспанда қалықтап барады құс.
Көк қыраны!
таулардан биік самғау,
Тіршілікте саған тән жаратылыс.
Жатырмысың ұяңды жаңа салып,
Кең жайғанда қос қанат жарасар нық.
Жоғарылап ақ бұлттан асқаныңда,
Заңғар таулар кетті ме аласарып?!
Самғай ұшқан, еркін құс,
тұрағың шың,
Отты жанар... расында қырағысың.
Көк аспаннан құлдилап жемтігінің,
Нақ үстіне қонатын қыранымсың!
Бәлкім, бір күн қайтармын
барып тауға,
Араша бол, жаныма таныт сауға.
Саған ұқсап самғауға дәрменім жоқ,
Пәрменім бар қиялмен шарықтауға.
Сен қайсарсың...
биікті қалған сүйіп,
Өз денесін тастайтын жардан қиып.
Құзар таудың шыңына таласпаймын,
Ей, қыраным мендегі арман биік!!!
ЖІГІТТЕРГЕ
Түспе жігіт, түспеші арғымақтан,
Тұта білші, қазақта барды мақтан.
Ата-бабаң түспей-ақ ат үстінен,
Салт-дәстүрін сақтаған әлімсақтан.
Аттан түсер ез бе едің,
әңгүдік пе ең?
Сен мықтысың, арылшы бар
күдіктен.
Еліңді ойла, жігітім түсе көрме,
Жігерсіздік танытып сәйгүліктен.
Бойжеткенге сүйкімді, бұла керім,
Ат үстінде тұрғанда ұнап едің.
Қыран құспен жарыса, желдей ескен,
Аша түсер көркіңді құлагерің.
Бабаң салған жүргейсің сара жолда,
Ерін бояп, тарихқа таба болма.
Жауға жалғыз шабатын
батырлардың,
Болмап па еді серігі қара жорға?!
Тұңғиыққа батырып мұң-зарыңды,
Жемтік алар баули жүр сұңқарыңды.
«Жау жоқ деме»... деген бар
«жар астында»
Таң асырып баптай жүр
тұлпарыңды.
Азаматсың намыспен ширығатын,
Кең далаңды жүрекке сыйдыратын.
Болсын әр кез жаныңда қазаққа тән,
Берен мылтық, кездік пен жүйрік
атың!
АУЫЛЫМ
Зымыраған уақыттың өктем лебі,
Іздеп келем...
шарқ ұрып көктен нені?!
Өскен ұя, туған үй, шаңыраққа,
Бұрмаппын-ау ат басын көптен бері.
Тағдыр жазған ортаймас
бақ шекем де,
Мығым тұрса құрметті тапшы
етем бе?
Мені ұшырған ауылым бір кездері,
Кеткендей ме айналып жат мекенге.
«Кежегемнің» болды да, жауы құрбан,
Сағыныштың жаралып тауы нұрдан.
Көңіл шіркін желеді алып-ұшып,
Қайтайыншы нәр алып ауылымнан.
Еркелеген осында қалды әурем мың,
Қақым бар ма?!
қайталап таңдар менің.
Мына қисық көшелер қандай ыстық,
Табы қалған баяғы балдәуреннің.
Кезің де жоқ кең құшақ жая алмаған.
Ей, ауылым от-жігер саяң маған.
Балауса қыз жадымды жаңғыртқаны,
Бантик тағып мектепке аяңдаған.
Естеліктің ескірмес ырысы бар,
Оралтқандай уақытқа сыр ұшырар.
Бозбаланың біреуге кейпі ұқсайды,
Мені сүйген жігіттің ұлы шығар...
Көргім келді әкемнің басқан ізін,
Көре алмасым белгілі асқар жүзін.
Аңсап келдім мен соны келінжан-ауу,
Өзгертпеші анамның ас мәзірін.
Берекенің бастауы құтты ауылым!
Керегесін байлаған нық Тәңірім.
Қай ғаламда жүрсем де, ғұмыр кешіп,
Саған ғана байланған түп-тамырым!
КҮЗГІ ЛИРИКА
Мені іздесең...
сары алтын күздемін.
Шығарып сап тұрмын құстар
тізбегін.
Ақ қайыңның көрдім қимай біртіндеп,
Жапырағын бұтағынан үзгенін.
Сұрғылт бұлттың бір ашылмай
қабағы,
Оқта-текте жасаурайды жанары.
Жарқын жазбен үнсіз ғана қоштасып,
Діріл қақты қызыл гүлдің сағағы.
Салқын ауа бүркігенде сыз демін,
Мұңаяды артпаса да бізге мін.
Менің тұнжыр көңіліммен үйлескен,
Мен де сездім жан-тәніммен
күз лебін.
Дала тұтас киіп сары жейдесін,
Қымтаса да алтын түстес
түймесін.
Самал желпіп жапырақтан жердегі,
Салып жатыр сағыныштың бейнесін.
Күздің райы дембіл-дембіл құбылған,
Аумай қапты ғұмыры аз мұңымнан.
Күнді ғана қалдырғандай жаз бізге,
Бұлт артына жүзін жасқап
тығылған.
Қоңыр күзге мойынсұнған әз далам,
Мендей ғашық күйді кешсе маздаған.
Күз шертетін сазды әуендей...
Шедевр,
Жазайыншы әлі ешкім
жазбаған.
АҢСАУ
Оңаша бөлме. Жалғызбын...
өзім қаладым.
Мұң табы тұнған, жабырқау нәркес
жанарым.
– Мәзірде бар ма?
... құйшы даяшы, шөлдедім,
«Шардоне» қышқыл шарабын.
Ұрттайын соны, үндесіп жұмбақ
тылсыммен,
Ұмытып бәрін, алқынып біраз
тұрсын дем.
Жүзімнен көктем сезіліп тұрар,
сол кезде,
Жымиып тұрып күрсінген.
Сезімнің күйін алуан түске боярмын,
Есті қылықтың, мендегі сәнін
жояр кім?!
Балқиын сосын, көзімді жұмып бір
сәтке,
Тербесін үні рояльдің.
Түнеріп күндер, көңілге селкеу
салса мұң,
Келмейді менің, тағдырдан мүлде
шаршағым.
Балауыз шамның білтесі бітпей...
өзіңмен,
Билеуді вальс аңсадым.
Сұлбасын мұңның, әсерлі әуен
ұмыттыр,
Бұлыңғыр тартып, сенімнен қалма
бүгіп сыр.
Жүрегімдегі бақыттың отын
өшірмес,
Жанымда жалғыз үміт тұр.
СЕЗІМ – ӨЛЕҢ
Сезім – жалын, сезім – от,
сезім –қайғы,
Сан түрлі боп келетін бір басыңа.
Өлең жазғым келгенде өзің жайлы,
Өз жүрегім айналды сырласыма.
Сезім мендік...
Тәңірдің сыйы дерсің,
Көкке жетер болса да төбем аз күн.
Шертілмесе шабыттың күйі кемшін,
Өзің жайлы келеді өлең жазғым.
Мына жүрек сөйлейді,
тыңдап көрсем,
Дүрсілінен мүшкілдеу олқы таптым.
Сағынышты, өлеңмен шындап өрсем,
Баяндауы жетпейді том кітаптың.
Сезім-тұнық сенемін қорғаныма,
Көз жанарым көрмейді күмән елес.
Сезім-тәтті сезім-шоқ болғанына,
Өлеңімнің сюжеті кінәлі емес.
Әрлі әлемді тәрк етіп ойланғанда,
Санам – тарам, ой – егіз, төзім – терең.
Күрмеп байлап, үмітті қойған жанға,
Сезім – алау, сезім – пәк, сезім – өлең!
ДУБАЙ
(әзіл-шыны аралас)
«Дубай!
саған барам» дейді бір әпкем,
Ғажапсың-ау, бірақ,
неткен жырақта ең?!
Қазір ұшып жетер едім өзіңе,
Билет қолға оңай түспей
тұр әттең...
Дубай!
сенде, керемет бар батар көп,
Күйеуіме айтсам ба екен...
«апар» деп.
Апармаса, өкпелерім анық қой,
Романтика түсінбейтін
«қатал» деп.
Ауылына теңеп сені бір ағам,
Бақытты боп, сол ойымен жүр аман.
Қайтсем екен...
тартып кетіп ауылға,
Арманымнан бас тартсам ба, ұнаған.
Бурдж Халифа зәулім биік ғимарат,
Қызықтырып, қиялды алды бұйдалап.
Сәкі үстінде көз ілейін ауылда,
Түсіме енсең, болар еді-ау сый ғажап!
Тәтті әсерден кетсем сонда оянып,
Ақылыма қона кетер ой анық.
Қыр басынан қарайын бір, далама,
Жасыл түске жатқан өңі боялып.
Су бұрқақ па?
саған қарай шақырған,
Көкке қарай, өршелене атылған.
Құдықтағы мөлдір суды тартып ап,
Шашып-шашып жіберейін бақырдан.
Баурап алған ақыл-есті күніге,
Мәзірдегі астың неше түрі ме?!
Әй, қайдам-ауу...
соның бәрі жетпейді,
Сақтап қойған анашымның «сүріне».
... Әй, несіне отырмын мен қағынып,
Түбі тесік ойларыма бағынып.
Жиналайын...
ымырт түспей жетейін,
Туған жерді кетіппін ғой сағынып.
СЕЗІМНІҢ ЕМІ
Болды ма, сол күн жаныма шипа...
сезімнің емі,
Дамыл тапқандай,
ақпай тұр қалай көзімнің селі?
Осы көктемнің жұпар иісіне қандың
ба екен,
Жүрегім менің дүрсілің жойқын
сезіндің нені?!
Шаттандым бәлкім,
табыла кетіп жанның керегі,
Сіңірдім бойға,
шуағын нұрлы таңның себебі.
Шыңдары аққа, етегі көкке боялып
жатқан,
Аңсарым ауды. Тау жаққа тағы
барғым келеді.
Шашымды сипап,
самалы жылы үрлейтін бақта,
Жаңғырған үнге,
ешбір жан құлақ түрмейтін жақта.
Өзіңмен бірге, тыныштығыммен табыссам деймін,
Бүршігін жарып, долана қайта
гүлдейтін шақта...
Сұлулығынан
көңілге көлбеу сыр тұнған лезде,
Жерге ұмтылып
шарбы бұлт көші бұлқынған кезде.
Жүрші тағы да, тауға барайық иісі
аңқыған,
Даланың сәні қызғалдақ біткен
құлпырған кезде.
Қайтайық солай,
тағдырлы тастың мүсінін танып,
Биікке құмар,
жүзін бір көріп құсының анық.
Бәрінен бұрын, кеудемді кере терең
тыныстап,
Жұтайын жаным таудың самалын құшырым қанып.
... Несіне мені
өзіңе енді санайсың бөтен,
Дейсің бе әлде,
жалғаннан мынау арайсыз өтем.
Білсем ғой шіркін, қолымнан ұстап
іңкәр сезіммен,
Менімен бірге тауға баруды
қалайсың ба екен?!
Айгүл Пірімжанова.