«Қай-қайсысы да халыққа қалтқысыз қызмет етті»

Хатшылыққа белгілі ғалым келді
Мұхамеджан Ноғайұлы ЕРЛЕПЕСОВ (1910-1987) ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген қайраткері әрі ауыл шаруашылығы саласының көрнекті ұйымдастырушысы болды.
М.Ерлепесов Қызылорда облысы, Қазалы ауданында дүниеге келген. 1935 жылы Қазақ ауыл шаруашылығы институтын бітірген. 1935-1942 жылдары В.Р.Вильямс атындағы Қазақ егіншілік ҒЗИ-де кіші аға ғылыми қызметкер, күздік және жаздық арпа тобының меңгерушісі болып жұмыс істеді.
1935-1938 жылдары арпаның селекциясы бойынша жүргізілген жұмыстары негізінде М.Ерлепесов күздік арпаның төрт сұрпын бөліп шығарды. Аталған сұрыптар Қазақстанның оңтүстік-шығысында жоғары өнімділігімен, түрлі ауруларға төзімділігімен ерекшеленді.
Мұхамеджан Ноғайұлы 1943-1947 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті ауыл шаруашылығы бөлімінің нұсқаушысы, меңгерушісінің орынбасары,1947-1952 жылдары Қазақстан Компартиясы Оңтүстік Қазақстан өлкелік комитетінің бірінші хатшысы, ал, 1949-1951 жылдары КСРО және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды.
1960 жылы Мұхамеджан Ноғайұлына «Қазақ КСР ғылымына еңбегі сіңген қайраткері» құрметті атағы, ал, 1969 жылы профессор ғылыми атағы берілді.
Ол 120-дан астам ғылыми мақалалардың, 25 монографияның авторы, сонымен қатар, 10 ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидатын даярлады. Мұхамеджан Ноғайұлы Қазан Революциясы, «Еңбек Қызыл Ту», 2, 3-дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен және КСРО Халық Шаруашылығы Жетістіктері Көрмесінің 12 алтын және күміс медальдарымен марапатталды.
Елуінші жылдардың басында Оңтүстік Қазақстанның табиғи-климаттық жағдайы ескеріліп, өңірде сауықтыру кешендері мен курорттық шипажайлар салына бастады.
Республика мәртебесін асқақтатты
Мінайдар Сәлімұлы САЛИН (1904-1983) Қостанай уезінде туған. Кеңестік партия және қоғам қайраткері. 1930 жылдан КОКП мүшесі. Мәскеу қаласындағы партия және кеңес қызметкерлеріне арналған бір жылдық курсты бітірген.
Мінайдар Сәлімұлы 1928-1938 жылдар аралығында Кеңес үкіметінің жауапты қызметтерін атқарған. 1938 жылдан бастап, зейнетке шыққанға дейін республикалық деңгейде үлкен басшылық қызметтер атқарды. Атап айтқанда, Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары, 1939 жылдан 1945 жылға дейін Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде хатшы, 1945-1953 жылдары Батыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитеттерінің бірінші хатшысы қызметтерін абыроймен атқарған.
Атап айтқанда, жауапкершілігі зор маманды жоғарыдағы басшылар 1952-1953 жылдары Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетіне бірінші хатшылық қызметке бекітті. 1953-1973 жылдары Ауыл шаруашылығы министрлігінде министрдің орынбасары, т.б. жауапты қызметтер атқарды. Қазақ КСР, КСРО Жоғарғы Кеңестеріне депутат болып сайланды. Мінайдар Сәлімұлы бүкіл саналы өмірін республика мәртебесін асқақтатуға арнаған қайталанбас тұлға болды.
Үкімет Мінайдар Сәлімұлының еңбегін әділ бағалап, І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен, көптеген медальдармен марапаттаған. 1974 жылы зейнетке шықты. 1983 жылы 80 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.
«Өз жүрегімнен шықпаған пікірді пікір деп есептемедім»
Нұрдәулет Күзембайұлы КҮЗЕМБАЕВ (1912-1996) Қазақ-станның партия, кеңес қайраткері, ғалым, экономист, экономика ғылымдарының докторы. 1937 жылы Ленинград қаржы-экономика институтын бітірді.
Н.Күзембаев 30-дан астам ғылыми-зерттеу еңбектердің авторы. Ол 1949-1960 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшесі, бірнеше рет Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды.
1950-1953 жылдары Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару комитетінің төрағасы болып абыройлы еңбек етті. Өңірдің әлеуметтік- экономикалық дамуына, кадрларды тәрбиелеуге үлкен үлес қосты. Оның мұнан кейінгі қызметтік сатыларына келсек, 1953-1954 жылдары Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болды. Содан кейін Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің жауапты ұйымдастырушысы, облыстық статистика басқармасының бастығы, Мемлекеттік жоспарлау комитетінің бөлім бастығы болып абыройлы еңбек етті. Соның бәрінде де ол ұйымдастырушылық, іскерлік қабілетімен көрінді. Нұрдәулет Күзембаевтың басшылық қызметтерде болған тұстарынан тағлым алар жәйттер аз емес. Мәселен, ол өзі жасайтын баяндамасын өзі жазатын болған. «Ешбір жиындарда біреудің дайындаған сөзін пайдаланып көргенім жоқ. Біреудің лебізін айтуға тілім келмейтіндей көрінетін. Өз ойымнан, өз жүрегімнен шықпаған пікірді пікір деп есептемедім. Барлық сөзді стенографисткаға өзім айтып жаздыратынмын. Бұл да көпшілікке тіс жарып айта қоймаған бір сыр еді» деп толғаныпты ол бір естелігінде.
Ақтөбелік зейнеткер М.Қиынбаев республикалық басылымдардың бірінде жарияланған «Өз заманының перзенті» деген мақаласында қайраткердің тұлғасын одан әрі аша түседі. «Нұрдәулет Күзембаев он жылдай Алматы және Шымкент облыстық атқару комитеттерінің төрағасы болғанда қыруар жұмыстың басын қайырып, халқына қалтқысыз қызмет етті. Екі жылдай Шымкент облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болды. Бұл елді Никита Хрущев басқарып тұрған қиын кезең еді. Ол кісінің Қазақстанға деген көзқарасының қаншалықты болғанын иісі қазақ біледі. Республика басшылығынан Жұмабай Шаяхметовті ығыстырып, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшылығына Пантелеймон Пономаренконы әкеліп, екінші хатшылығына Брежневтің келген кезі болатын. Ұрда-жық, әпербақан Хрущевтің мұнысы ұлттық кадрларға деген қысастығы екені бірден белгілі болды. Мұндай солақай саясаттың салқыны Нұрдәулет ағаны да айналып өтпеді. Шымкент облыстық партия комитетінің бірінші хатшылығынан Алматы облысындағы Жамбыл аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына төмендетілді.
Шыны керек, Нұрдәулет аға Күзембаев қызметін жетік білетін, достыққа берік, өзара ортақ тіл табуға ықыласты жан болатын. Өзі басшылық жұмыстарда жүргенде Ораз Жандосов, Жұмабай Шаяхметов, Нұртас Оңдасынов, Ғабидолла Қаржаубаев, Жұмабек Тәшенов, Хайдар Арыстанбеков, Мінайдар Салин және басқа тұстастарымен қоян-қолтық бірге қызмет етті, сырлас-сыйлас болды. Сол кезеңнің ауыр жүктерін бірге көтерді» деп жазды ол өз естелігінде.
Нұрдәулет Күзембайұлының еңбегін Үкімет жоғары бағалап, оны Ленин орденімен, екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту», ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, медальдармен марапаттады. Мемлекет қайраткері, көрнекті ғалым 84 жасында өмірден өтті. Оның бүкіл ғибратты ғұмыры елге қызмет етуге арналды.
Дайындаған Саясат бөлімі.