Қыршынынан қиылған ғұмырлар немесе әскердегі өлім-жітім неге азаймай тұр?

Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ,
«Оңтүстік Қазақстан».
2024 жылдың алғашқы аптасы әскердегі қаралы хабармен басталды. Барлық БАҚ пен әлеуметтік желілерде «Жетісу облысында әскери борышын өтеп жүрген Әмір Байтұрғанов есімді сарбаз кенеттен менингит ауруынан қайтыс болды» деген хабар тарады. Марқұмның әкесі Мұрат Байтұрғановтың айтуынша, Әмірдің әскерге барғанына небәрі үш-ақ ай болыпты.
– Түнгі сағат 3-тер шамасында маған әскери бөлімнен қоңырау шалды. Олар ұлымның есін жия алмай, ес-түссіз жатқанын хабарлап, менің дереу бөлімге келуімді сұранды. Ұлым сол күні таңғы сағат 6-да есін жимаған күйі көз жұмды, – дейді көкірегі шерге толы әке.
Әскери бөлімдегілердің мәлімдеуінше, Әмірдің жағдайы атыс сабақтарынан кейін бірден нашарлай бастаған. Сол күні ол жоғары дене қызуымен ауруханаға түседі. Ондағылар оның қызуын басқанымен, кейін қайта асқынып, кешке қарай қызуы, тіпті, экстремальды жағдайға дейін көтеріледі. Осыдан кейін оны аудандық ауруханаға жеткізеді. Бірақ, ұзамай сарбаз сол жерде көз жұмады. Сот-медициналық сараптаманың қорытындысы бойынша өлімнің себебі «жедел инфекциялық ауру – менингит» деп табылады, солай анықтама беріледі. Бірақ, марқұмның туыстары баласының менингиттен қайтыс болғанына сенбейді. Оның үстіне, өткен жылдың 21 желтоқсаны күні болған оқиғаның араға 10 күн салып, жаңа жылдың алғашқы аптасында жариялануы да көңілге күдік ұялатпай қоймайды.
Әмір Отан алдындағы борышын өтеп жүріп өлім құшқан алғашқы сарбаз емес. Әскери прокуратураның ақпаратына сүйенсек, 2020 жылы – 78, 2021 жылы – 96, 2022 жылы 85 сарбаз әскерде жүріп көз жұмыпты. Олардың 45-і әскерде келісімшартпен жүргендер, 59-ы офицер, 31-і солдат. Бұлардың 89-ы науқастан көз жұмса, 62-сі жол апатынан, 50-і суицидтен, 8-і өзге де себептермен қайтыс болған. Ал, 2023 жылы әскерге кеткен соқталдай азаматтардың қаншасы ажал құшты? Соның бірнешеуіне тоқталып өтейік.
Бұл жазатайым оқиға 2023 жылы 18 қаңтар күні Астана қаласының маңында болды. Оқу-жаттығу кезінде тікұшақпен 800 метр биіктікке көтерілген сарбаздың неге екені белгісіз, жерге түсерде парашюті ашылмай қалады. Қарағандының ұланы жерге құлаған кезде-ақ тіл тартпай кеткен. Жалпы, әскердегі салғырттықтың кесірінен болатын осындай парашют ашылмай қалатын оқиғалар бір бұл емес көрінеді. 2017 жылдан бері парашютпен жаттығу кезінде 5 жауынгер ажал құшқан екен.
Былтыр әскери борышын бар-жоғы төрт-ақ күн өтеген Әлібек Қалыбаевтың өлімі қоғамда үлкен резонанс туғызғаны белгілі. Маңғыстаулық сарбаз ертеңгілік сапта тұрғанда есінен танып құлап, тілге келместен көз жұмған еді. Әскери комиссариаттағылар 18 жастағы азаматты әскерге жұмыс орнынан әкетіп, оны Қордайдағы 30212 әскери бөлімге жіберген. Оқиғаға Мемлекет басшысы араласып, «Бейбіт күнде әскердегі сарбаз қаза болмауға тиіс. Ата-ана баласын әскерге жібергенде, оның қауіпсіздігі үшін алаңдамауы керек. Бұл – мемлекетіміздің мойнына алған міндет» деп құзырлы органдарға сарбаздың өліміне қатысты жан-жақты тексеру жүргізуді тапсырды. Жақында Алматы гарнизонының әскери соты Әлібек Қалыбаевтың өліміне әскерге онымен бірге шақырылған Айтболат Аманжоловты кінәлі деп тауып, әскери жарғылық қағидаларды бұзғаны үшін оны тоғыз жылға бас бостандығынан айырды.
Ақтау қаласындағы 25744 әскери бөлімінде, нақтырақ айтсақ, теңіз жаяу әскери бөлімінде қызмет еткен түркістандық Асқар Арашбай Оймашы полигонында белгісіз заттың жарылуы салдарынан көз жұмды. Теңіз жаяу әскерінің баспасөз қызметі хабарлағандай, оны жедел жеткен жедел жәрдем қызметі де құтқара алмаған. Ол әскери ауруханаға барар жолда қайтыс болды.
Қапшағайдағы әскери бөлімде міндетін өтеп жүрген Жеңіс Жолдасовтың ажалы жол апатынан келді. Әскери парадқа дайындық кезінде оның басқаруындағы көлік жол жиегінен шығып кетіп, аударылған.
Астанадағы Ұлттық ұланның 6636 әскери бөлімінде борышын өтеп жүрген қатардағы жауынгер Қайсар Сұлтановтың денесі кезекшілік бекетте өлі күйінде табылды. Оның басына тиген оқтан тіл тартпай кеткені дәрігерлік сараптама кезінде анықталды.
Ұлттық ұланның Петропавл қаласындағы 6637 әскери бөлімінде де осыған ұқсас жағдай орын алды. Бөлімде келісімшарт негізінде қызмет атқаратын сарбаз абайсызда әріптесін атып, жаралап алады. Оны дереу ауруханаға жеткізгенімен, дәрігерлер ажалға араша тұра алмады.
Мырзакент ауылындағы 2037 әскери бөлімде қызмет ететін Нұрғасыр Темірбековтің үстіне шекараның сымы құлап, соның салдарынан көз жұмды. 10 күнде Қызылордаға қайтқалы отырған оның отбасына өзінен бұрын қаралы хабары жетті...
Маңғыстау облысы, Бейнеу шекара бекетінде мерзімді әскери қызметін өтеп жүрген Еділ Тешебаевты әріптестері асылып тұрған күйінде тауып алды. Бір қызығы, оның Сарыағашта тұратын отбасына бөлімдегілер екі түрлі хабар жіберген. Бастапқыда алғашында «аяқ киімінің бауына асылып қалды» десе, кейін «белбеуіне асылыпты» деп алғашқы хабардың өңін өзгерткен.
Қонаев қаласына әскери борышын өтеуге барған көкшетаулық Арсен Ищановты да қатарластары асылып тұрған жерінен тауып алды. Кейін оның түскі уақытта жұмыс істеп жүріп, әскери көліктің артындағы шынжырға асылып қалғандығы анықталды. Алайда, марқұмның анасы «Арсен асылып өлді» дегенге еш сенбейді. Соңғы кездері үнемі қомақты ақша сұрайтын ұлына ол психологиялық қысым жасалды деп есептейді.
Осыдан бірер жыл бұрын Алматы қаласының іргесіндегі полигондардың бірінде қайтыс болған Алмас Шәкімов есімді сарбазды көзіқарақты оқырман ұмыта қоймаған болар. Ол жаттығу кезінде басталған құмды дауылда әріптестерін құтқарамын деп жүріп мерт болады. Басшылықтың айтуынша, оның басына құрастырмалы темір палатка құлаған. Бірақ, ет жақындары басшылықтың бұл сөзімен келіспейді. Олардың айтуынша, марқұмның денесінің сау-тамтығы жоқ, басы мен иығын, сосын екі аяғын қоса сындырып, санына шеге тыққан. Осыны дәлелдейміз деп олар жыл бойы құзырлы органдардың табалдырығын тоздырады. Әділдік таппаған соң ақыры ұлдарын қара жерден қазып алуға тәуекел етеді. Яғни сарбаздың денесіне экзгумация жасатуға шешім қабылдайды. Өткен желтоқсан айында мүрде қазып алынып, сот-медициналық сараптамаға жіберілді.
Міне, тепсе темір үзетін осынша азамат айдың-күннің аманында үйлеріне табытпен оралды. Біз келтірген деректер былтыр орын алған оқиғалардың бір парасы ғана. Бұдан бөлек, «жабулы қазан күйінде» ресми статистикадан тыс қалғандары қаншама? Бір таңқаларлығы, әскери ұйымдар бұл жағдайларға өздерін қатысы жоқтай сезінеді. Олардың жауабы да үнемі «өзіне-өзі қол жұмсады, есінен танып қалды, денесінен соққы іздері байқалмады» деген сыңайда келеді. Бірақ, әбден жауыр болған мынадай жауапқа елдегілер сене ме? Біздіңше, мұндай жауаптар әскердегі әлімжеттікті бүркемелеу үшін қажет секілді. Егер Қорғаныс саласына уақыт талабына сай реформа жасалмаса, біз сөз еткен қайғылы жағдайлардың жалғаса беретіні айдан анық.
ГАЛИМОВА Т.Г
Әскердегі сарбаз өлімі сол әскердегі ішкі жағдайдың дұрыс еместігін көрсетеді . " Балық басынан шіриді" демекші әскери басшылардың әлімжеттігі мен сарбаздардың өз іштеріндегі ушыққан жағдай - ақша бопсалау , әлімжеттік пен зорлық -зомбылықтың асқынғаны соншалық, әскерге сот жоқ ,құпия қылмыстар жалғасын табуда. 32363 әскери бөлімінде борышын атқарған Менің ұлым да әскерде қаза болды . Қазақстан әскеріндегі бейбіт күндегі соғыс болғандай жағдайлар осылай қайталана бере ме?!Әскерді реформалайтын уақыт әлдеқашан жеті ғой . Сап -сау кеткен ұлымның сүйегін суицид деп салитып алып келген әскерилер бар кінәні ұлыма жауып отыр .Қарапайым халықтың сөзін сөйлер ,дұрыстық орнатар Азаматтар қайдасыңдар ?!Жап-жас баламның обалы кімге ? Ұлдары әскерде өлген ата-аналар ,бірігейік ,бір ауыз болып Президентке барайық ! Елімізді қорғайтын жастарды өлімге дейін жеткізген бұндай әскері құрып кетсін !Қаншама қыршын жастар өліп жатыр ! Әскердегі өлім -жітімді азайту туралы ұрған комиссияңыз өз миссиясын орындаған жоқ ,Президент мырза !